• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2023

«ҚазМұнайГаз» жобасы оқушылардың танымын кеңейтеді

361 рет
көрсетілді

Бүгінгідей ақпарат дәуірінде барлық дерек пен мәліметке қолжетімділік артқаны айрықша ар­тық­шылық ретінде айтылады. Ол рас, бірақ интернеттегі деректер нақты, шындыққа негіз­дел­ген, ғылыми дәйектелген ақпарат емес. Жас ұрпақ, білсем-көрсем деген кез келген адам өз талабын ізденіс арқылы ұштайды. Мұндайда ғылыми-танымдық басылымдардың орны ерекше.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ниясы акционерлік қоғамы осы бағыттағы оң әрі тың бас­та­маны қолға алды. Ұлттық ком­­пания ­National Geographic Qazaqstan ­журналымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маң­ғыстау облыстарының 900-ден аса мектебіне қазақ тіліндегі осы ба­сы­лымды тегін жаздыру жобасын бастады. Сонымен қатар мек­тептерге журналдың 2022 жылғы мұрағатын сатып алып бер­ді.

Журнал туралы бірер дерек кел­тірсек, National Geographic – АҚШ-тың ұлттық география қоға­мының ресми басылымы, 135 жылдан бері әлемнің 80-нен аса елінде жарық көріп келеді. Жер жаһанда миллиондаған оқыр­маны бар, өз брендін қа­лып­тастырған. Оның журнал, телеарна, кітап, әлеуметтік желі­дегі жалпы аудиториясы 900 миллион­нан асады.

National Geographic журна­лы­ның мұқабасындағы түрлі-түсті, бояуы қанық, таңғажайып фотосуреттері бірден көзге тү­се­ді, танымдық мақалалары әлем­нің әр қиырына жетелейді. Әсі­­ресе жаратылыс сырын қаз­ба­­лайтын, адамзат баласының өркениетке жету жолындағы талпыныстарын терең талдайтын материалдардың орны бөлек.

Саясаттан тыс жазбалар, тарих пен қазіргі уақытты, тұмса табиғат пен экология зардаптарын зерделеген, география, археология, тарих, биология, астрономия және т. б. көптеген ғылым саласын кеңінен қамтыған мақалалар оқырманына ой салады. Сапалы әрі мазмұнды жур­нал шығару ісіне әлемнің түкпір-түкпірінен үш мыңнан аса зерт­теуші атсалысады. Олар – өз зерт­теу нысанын терең білетін, соған бар уақытын, зейінін, тіпті ғұмырын арнаған жандар. Атына қарап басылым тек география мәселелеріне басымдық береді деп ойлау – қате. Онда биология, антропология, ғарыш және медицина тақырыптары да кеңінен қамтылады.

National Geographic Qazaqstan 2016 жылдың ақпан айынан бері қазақ тілінде жарық көреді. Біздің ана тілімізді қосқанда әлемге әйгілі басылым 38 тілде шығып келеді. Журналдың өз тіліндегі нұсқасын шығаруды бұрынғы Кеңес одағы елдерінен Грузия, Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Қазақстан ғана қолға алған, бүгінде қазақшасының таралымы – 7 500 дана. Жария­лан­ған айғақтар мен жаңа­лық­тар, зерттеулер мен көз тартар кө­ріністер, «Күннің үздік суре­тін­дегі» фото, саяхат пен табиғат туралы мақа­лалардан әркім өз керегін табады.

Кеше Қызылорда қаласының Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Natio­nal Geographic Qazaqstan бас ре­дакторы Еркін Жақыпов, қала мектептеріндегі география пәні мұғалімдері, мектеп директорларының ғылы­ми-әдіс­те­мелік мәселелер жөнін­де­гі орынбасарлары, орта және жоғары сынып оқушылары қа­тыс­қан іс-шара өтті.

Елімізде Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асып жатыр. Жобаны қолдау қадамын «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қызылорда облысынан бас­тады. Компания Сыр өңірі­­нің 300-ден аса мектебіне журнал­дың бір жылдық тегін жазылымын ұйымдастырып, мектеп кітапханаларында өткен жылғы және алдағы жарық көретін нө­мір­лерді оқуға мүмкіндік жасады.

М.Мырзағалиев National Geographic Qazaqstan журналымен бірлескен жобаның ашылу салтанатында бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткер ұлт қалыптастыру жөнін­дегі тапсырмасына толық сай келетінін айтты.

– Бұл жолдағы маңызды қа­дам жаратылыстану-ғылыми, тех­никалық бағыттағы журналдарды оқу мәдениетін қайта жандандыру екеніне сенімдіміз. Таңдаудың National Geographic журналына түскені кездейсоқ емес. Редакцияның экология мәселелеріне тиісті көңіл бөліп, оқырманның сана-сезіміне әсер етуге тырысатыны өте маңызды. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі – біздің компания үшін де ма­ңызды құндылықтардың бірі. Сонымен қатар біз үшін ауыл мектептерінің журналға жазылуын ұйымдастыру аса маңызды. Ауыл мен қала арасындағы ақпараттық және білім берудегі теңсіз­дікті жою мемлекет пен бизнес алдындағы ортақ мін­дет деп санаймыз. Бұл жоба «ҚазМұнайГаздың» әлеуметтік жауап­кершілік бөлігінде корпо­ра­тивтік саясатының бір бөлігі екенін айта кеткен жөн, – деді Басқарма төрағасы.

Компания қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен тұрмысын жақсартуға баса назар аударатыны белгілі. Оған қоса меди­ци­налық орталықтар, спорт ке­шендерінің құрылысын қаржы­лан­дыруда, дарынды жас­тарға даңғыл жол ашуға негіз­дел­ген ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгідей бас­тама цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдет­терін түбегейлі өзгерткен ке­зең­де жас ұрпақтың, ұстаз­дар­дың газет-журналдарды оқу мә­дениетіне қайта оралуы үшін өте керек.

– National Geographic Qazaqstan журналының бас­шы­лығы мен редакциясына ынтымақтастық үшін, сон­дай-ақ оның жаратылыстану ғылым­дарын насихаттауға және мемлекеттік тілдегі сапалы контентті дамытуға қосып жүрген үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Ал бүгінгі жиынның бас­ты кейіпкерлері – оқушыларға пайдалы ілім мен жарқын жа­ңа­лықтар тілеймін! Оқуда озат болып, осындай журналдарды көп оқып, үлгілі тәртіп пен өзін өзі дамыту арқылы осында отырған көпшілігіңіз болашақта ғалым-зерттеуші, саяхатшы мен геолог, эколог пен инженер бола алатындарыңызға сенімдімін, – деді М.Мырзағалиев.

Салтанатты рәсім кезінде Қызыл­орда облысы бойынша жазылу сертификаты жараты­лыс­тану-ғылыми пәндер бойынша олимпиадалардың қатысу­шы­сы әрі жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке табысталды. Соны­мен қатар қала мектеп­те­рі­нің шәкірттері жетістікке жеткен гео­гра­фия пәні мұғалімдері Алғыс хатпен марапатталды.

Журналдың бас редакторы Еркін Жақыповтың айтуынша, ұстаздар мен оқушылар үшін қазақ тіліндегі ғылыми контентке қолжетімділіктің маңызы зор. Мек­тептегі оқу бағдар­лама­ла­ры­ның тақырыптарына қо­сым­ша көмек болатын құралдар – әрине, ғылыми журналдар. Басылым әлемнің 80 еліндегі 3 мыңдай зерттеушінің еңбегін оқырманына ұсынып келеді.

– Ұстаздар қауымы National Geographic Qazaqstan журналын география, биология, жаратылыстану пәндерінде күнделікті қосымша құрал ретінде қызықты, тар­тымды сабақ өткізу үшін қол­дана алады. Сондай-ақ оқу­шы­лардың функционалдық сауаттылығын, зерттеушілік ой-қабілетін дамытуға септі­гін тигізеді. Әртүрлі ғылыми-та­ным­дық жобаларға, жарыс­тар­ға осы тақырыптарды арқау етіп алуына болады. Бұл жас ізденушілердің ғылымға, зерттеуге деген құлшынысын оятады, – деді бас редактор.

Ұстаздар үшін мектеп бағдар­ламасынан тыс қосымша әдебиет­тер мен ресурстарға қолжетімділік өте маңызды. Сондықтан осы іс-шараға қатысқан география пәні мұғалімдерінің де пікірін білдік. №264 мектептің география пәні мұғалімі Шолпан Нұрмаханованың айтуынша, оқушыларды ғылыми жобалар жазуға баулу, олимпиадаларға да­йындауға осындай сапалы материалдар аса қажет. Бұл талап­кер­ді ізденуге ынталандырады, ой-танымын байытады.

Іс-шара соңында National Geographic өкілі жергілікті мек­теп­­тердің мұғалімдеріне басы­лымның онлайн және оффлайн ресурстарын қолдану бойынша тренинг өткізді. Мұғалімдер ұсы­нылып отырған мол материалды күн­делікті жұмыс барысында пай­далануға мүмкіндік туғанына риза­шылық білдірді.