• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Ақпан, 2023

Жамбылдықтардың жарқын жеңісі

494 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасы аясында күрес түрлерінен өткен бәсекелер өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы екі күнінде еркін күрес шеберлері боз­кілемге шығып, өз өнерін ортаға салды. Бұл белдесулер өте тартысты өтіп, бірқатар жас балуан өздерінің мықтылығын мойындатты және сан мың көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Дүйім қазақ жанкүйерін «74 кг салмақ дәрежесінде көш­бас­шы кім: Қайсанов па, әлде Қай­панов па?» деген сауал көптен бері мазалап жүргені белгілі. Бұл сұраққа, тіпті дуалы ауыз мамандардың өздері тұщымды жауап айта алмайды. Расында, екеуі де мықты. Биыл жазда 30 жасқа толғалы отырған Шығыс Қазақстан облысының тумасы Данияр Қайсанов 2018 жылы Жакартадағы Азия ойын­дарының финалында кү­ресіп, 2019 жылы Астанадағы әлем чем­пионатында қола медальді мойнына ілді. Екі дүркін Азия чемпионы деген атағы тағы бар. 2021 жылы Олимпия ойындарында бақ сынады. 24 жастағы Нұрқожа Қайпанов Солтүстік Қазақстан облысында туып-өсті. Ол – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Дүниежүзілік әскерилер ойындарының фи­налисі. Бірақ бұл жолы екеуі де жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Тұсаукесер кездесуінде Да­нияр ойда-жоқта ақмолалық Мұ­рат Жақыповқа жол берді. Нұрқожа ширек финалда шым­кенттік Дархан Есенғалиге есе жіберсе, үшінші орын үшін тартыста қызылордалық Қанат Мұ­са­бековтен жеңілді. Биылғы спар­такиаданың басты сенсация­сы осы болды. Нәтижесінде, бұл сал­­м­ақта Дархан Есенғали дара шық­ты. Белдесу аяқталған бетте су жаңа жеңімпазбен тілдесудің реті келді. «Қайпановпен кезде­суге арнайы дайындалдым. Осы­ған дейін одан түрлі жарыс­та төрт рет ұтылған едім. Ал бү­гін сәтін салып, жеңіске жет­тім. Бәрі бапкерлердің қойған дұ­рыс тактикасы мен жақсы да­йындықтың арқасы», деп тіл қатты ол. Шымкенттік балуан фи­налда 2016 жылғы әлем чем­пионатының күміс жүлдегері, астаналық Нұрлан Бекжановты жеңді. Ал алғашқы айналымда Данияр Қайсановтан айласын асырған Мұрат Жақыпов үшінші орынды еншіледі.

Алатау баурайында өткен спартакиадада асқан шеберлі­гімен сан мың жанкүйерді тәнті етіп, бас жүлдені олжалаған да­рынды жастардың қатары Дар­ханмен ғана шектелмейді. 70 кг салмақта белдескен аста­налық Санжар Досжанов та Ал­маты төрінде дара талантымен оқшауланды. Кезінде Самат Ерғали мен Еркебұлан Кешу­баевтан тәлім-тәрбие алып, бұл күндері Ғалымжан Өсербаевтың қол астында жаттығып жүрген ол барлық қарсыласын сыпыра жеңіп, жартылай финалда атақ­ты Нұрқожа Қайпановтың туған інісі Құрбанбекті қа­пы қалдырды. Ақтық сында Санжар қонаевтық Егор Ан­чу­гинді сан соқтырды. Бір айта кетерлігі, финалда белдес­кен балуандардың екеуі де – бұл күндері Медет Тор­­­ғаев бас­қарып отырған Ал­ма­­ты қ­аласының «Шаңырақ» ша­ғын ауданындағы Олимпиада ре­­зервінің республикалық ма­мандандырылған мектеп-ин­тернат-колледжінің түлектері.

92 кг салмақ дәрежесіндегі Ризабек Айтмұханның да өнері көрермендерге ерекше әсер етті. Жастар арасында Азия чем­­­пионы атанған алматылық өрен жеңіп жатса да бір қадам арт­қа шегінбейді екен. Ондай күрес, әрине, жанкүйерлердің барлығына да ұнайды. Осы жолы да солай болды. Шешуші тұста 18 жастағы Ризабек еліміздің екі бірдей белді балуанын сүріндірді. Жартылай финалда ол Нұрқожа Нұрғайыпұлын жеңсе, финалда Әбдіманап Байгенжеевтен басым түсті. Сонымен қатар Нұр­болат Әбдуәлиев (61 кг), Санжар Мұхтар (65 кг) және Бекзат Үр­кімбай (97 кг) сынды жалынды жастар аталған жарыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Бірер жылдан бері ұлттық құрама командамыздың са­пын­да жүрген бірқатар белді балуан да әлі бабында екен­дерін байқатып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Мәсе­лен, 57 кг салмақта жам­был­дық Рахат Қалжан қар­сылас шақ келтірмеді. Финалда ол өзі­нің сыралғы қарсыласы ақ­­тө­­белік Мейрамбек Қарт­баев­ты қапы қалдырды. 79 кгда Бо­лат Сақаевтың қарқы­нына еш­кім шыдамады. Был­тыр Бо­лат Тұрлыхановтың кубо­гінде қарсылас шыдатпаған Аты­раудың апайтөсі бұл жолы да барлық бәсекелесін айқын ба­­сымдықпен ұтты. Шешуші тұста ол Жамбыл облысынан кел­ген жас жолбарыс Нұрдәулет Қуа­­нышбайды жеңді. 86 кг­дағы Азамат Дәулетбековтің де үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Азия чемпионы, әлем чем­пио­­натының қола жүлдегері деген атақтары бар Шығыс Қа­зақстан облысының өкілі бар­лық белдесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Тіпті финалда жолық­қан шымкенттік Мақсат Са­тыбалдының өзі де алымды Аза­матқа жарытып қарсылық көр­сете алмады.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жұрт аса ауыр салмақтағы ақтөбелік Юсуп Батырмұрзаев пен жамбылдық Әлішер Ерғалидың айқасын тапжылмай тамашалады. Юсуп – Азия чемпионы, Әлішер – Азия чемпионатының екі дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері. Екеуі де 2021 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойын­дарында өнер көрсетті. Алғаш­қысы – 125 кг, екіншісі – 97 кг салмақ дәрежелерінде күш сынасты. Түрлі жарыста олар­дың жолдары жиі қиысып жүр. Бірде Батырмұрзаев басым түссе, енді бірде Ерғалидың айда­рынан жел есті. Алматы төрінде қос алып ұзаққа дейін бір-бірін ала алмады. Бәсекенің аяқталуына 10 секундтай уақыт қалғанда таблода 1:1 деген есеп жарқырап тұрды. Бірақ ба­сымдық – Әлішер жағында. Өйт­кені соңғы ұпайды алған сол еді. Алайда соңғы секундтарда Юсуп таразы басын теңселтіп жіберіп, жарыс жеңімпазы атанды. Оның қуанышында шек болмады. Ал қарсыласының кі­лемді тоқпақтаудан басқа амалы қалмады...

Сөйтіп, еркін күрес шебер­лері өз жарысын аяқ­тады. Биыл­­ғы Қазақстан спар­такиа­дасының жалпы­командалық есебінде Жамбыл облысы озды. Олар 127 ұпай жинады. Екінші және үшінші орындарда – Астана қаласы (123 ұпай) мен Жамбыл облысы (110 ұпай). Үздік бес­тікті Алматы (85 ұпай) мен Ақ­мола (76 ұпай) облыстары түйін­деді. Ал Ұлытау (10 ұпай), Ба­тыс Қазақстан (6 ұпай) және Маң­ғыстау (2 ұпай) өңірлерінің балуан­дары көш соңында қалып қой­ды.