• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2023

«Көксай» демалыс аймағы

574 рет
көрсетілді

Басқа-басқа, жамбылдық жастар жыл сайын «Өңірімізде қыста демалатын орын жоқ» деген мәселені айтудан ешқашан жалықпайтын. Түбі бір нәтижесі болар деп топшылайтын. Жуалы ауданында «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы ашылады деген әңгіменің шыққанына да біраз уақыт болған еді. Ақыры пайдалануға берілді.

Жалпы, қысқы спорт, қысқы демалыс десе жамбылдықтар Жуалы ауданын тілге тиек етуден шаршамайды. Қоңыржай белдеуде жатқан мамыражай өңірде қар әредік бір жауады демесеңіз, екі-үш күнге келген «құдайы қонақ» сияқты тез еріп кетеді. Жамбылдың «Боранды бекеті» атанып кеткен Жуалыда ғана жергілікті халық саршұнақ аязды, қыстың қызығын бір кісідей тамашалайды. Өйткені Бауыржан Момышұлы туған аудан мен басқа аудандар екі құрлық секілді. Ал Тараздағылар үшін қалың түскен қар дегеніңіз – экзотика.

Жуалы десе, «Қаралма» тау-шаңғы базасы мен «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы бірден еске түседі. Алғашқысы туралы айтар «аңыз» аз емес. Екіншісінің жөні бөлек. Аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта жатқан демалыс аймағы тараздықтар үшін де қашық емес. Нақтырақ айтар болсақ, облыс орталығы мен екі орта 80 шақырымды құрайды. Де­ма­лыс күндері жолға екі сағат уақы­тын қиған кісі күні бойы қыс­тың қызығын тамашалай алады.

Деректерге сенсек, қыс мез­гі­лінде ашылған демалыс аймағына қысқы спортқа аңсары ауғандар қазірдің өзінде ағылып жатыр. Әуес­қойларға арналған шаңғымен сырғанау, коньки тебуге арналған орын­дарға келген қонақтар дән риза. Бір мезгілде 1000-1500 адамға дейін қабылдай алатын демалыс аймағы қысы-жазы туристерді қа­былдауға тас түйін дайын. Жоба иелерінің айтуынша, дема­лыс ор­та­лығына келушілердің қара­сын ұлғайту мақсатында тиісті жұмыс­тар қолға алынып жатыр екен.

«Көксайға» ат басын бұрғандар жаз мезгілінде велотуризмнің қы­зығына батып, атпен серуендеуге де мүмкіндік алмақ. Бұған қоса алдағы уақытта «Көксай» өзенінің бойындағы тау етегінде туристерге ар­налып коттедждер, арқан жо­лы, киіз үйлер, спорт кешені мен бассейн­дер салынады деген жоспар бар. Осы жобалардың барлығы толық­тай жүзеге асқанда, демалыс айма­ғының жұмысы қыза түспек. Бір сөз­бен айтқанда мұндағы ілкім­ді жұ­мыстар ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Өйткені туризм – бизнес. Ал биз­несте дамылдауға уақыт болмайды.

«Жамбылда туризм саласының еңсесін тіктеу мақсатында атқары­лып жатқан жұмыстар аз емес. Түсіне білгенге – туризм табыс көзі. Жамбылдықтар мен өңірге ке­летін меймандар қысқы демалыс орны тапшы екенін жиі айтатын. Бұл мәселе барлығымызды толғандыратын. Енді сол олқылық­тың орнын толтырып отырмыз. «Көк­сайды» туристік нысан деп толықтай айтуға негіз бар. Қыста да, жаз мезгілінде де өңірдің және еліміздің әр қиырынан келетін қонақтар осы демалыс орталығына ат басын бұрып, тынығатынына ешқандай күмән жоқ. Қысқасы, өңірде ашылған орталықтың жұ­мы­сы алдағы уақытта жандана бер­мек. Ал жергілікті атқарушы би­лік сала жұмысын жандандыра түсу үшін қолдан келген көмекті аямақ емес», дейді өңір басшысы Нұр­жан Нұржігітов салаға қатысты ойымен бөлісіп.

Жастар ғана емес, өңір халқы да жылдар бойы айтып келген өт­кір мәселе ақыры шешімін тапты. Қуа­ныштысы да сол, «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы ашылған алғашқы күннің өзінде шаңғы тебуге аңсары ауған тұрғындардың қарасы қалың болды. Соған қара­ғанда туристік кешенге келу­ші­лер­дің саны уақыт өткен сайын арта түспесе, кемімейтін сияқты.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы