Әр адамның өмірге келгендегі ең басты міндетінің бірі – өзін тану. Өзін тану арқылы адам қоршаған ортаны, әлемді, Құдайды таниды. Лао-Цзы айтқандай, бір адамды білу арқылы барлық адамды, бір отбасыны білу арқылы барлық отбасының жай-күйін біле аламыз. Бүгінгі әңгімемізге философ Ларошфуко мен психолог Дейл Карнегидің өзін тану жолындағы ізденістері арқау болмақ.
Дейл Карнеги
Адам мен хайуанды айыратын тұс – мәдениет. Мұсылманша айтсақ, әдеп. Ғұлама Руми «әдеп деген бір тәж екен» деп, әдепсіз адамға білім қонбайтынын баян етеді. Яғни ілім-білімді сақтап тұратын әдеп сауыты болуға тиіс. Әйтпегенде біршама жиған білім бір ашумен, бір олақ әрекетпен зая кетуі мүмкін. Өткен жылғы Германияға сапарымызда Еуропа жұртының мәдениетке ерекше көңіл бөлетінін аңғардық. Күлімдеп сәлем беру, кісіге шынайы ықылас таныту, қарым-қатынастағы сыпайылық, сөйлесудегі құрмет мәнері – осының бәрі көңілге жағымды әсер сыйлайды. Қазіргі қазақ ортасында тілі айтқанды қолы қылмайтын тұрақсыздық, ақылына тура келмегенді тілдей салар дөрекілік, сыңаржақ пікірлі ғылымсыз діншілдік сынды теріс мінездер білінеді. Тіпті кісінің ұятын ашқанды мақтан көрер мәдениетсіз хабарлар, көрсетілімге жарысып көргенсіздікті жарнамалар құбыжық мінезді сайттар қаулап өсуде. Бұл қауіпті тенденция. Ұлт мәдениетін жаңғыртудың жолы – телеарналар, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мәдени бағдарламаларды көбейту. Солайша жастарды адамдық мәдениетті сақтауға ынталандыру.
Дейл Карнегидің 1937 жылы жарық көрген «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері» кітабы әлем оқырмандарына ой салды. Педагог, лектор, қаламгер, психолог Карнеги жан-жақты білім салаларын меңгеру арқылы адамдармен тіл табысу құпиясы, оларға ұнамды әсер қалдырудың қарапайым амалын ұсынады. Кітаптың «Сократ әдісі» бөлімінде әлемнің ойлау жүйесіне әсер еткен философтың тыңдаушысына «иә» деп айтқызар қуаты баяндалады. Ғибратты бөлімде кісімен қарым-қатынаста сыпайылық сақтау, басқаның қателігін бетіне басып дөрекілік танытудың орнына, дана Сократ секілді сөзді алдымен өз кінәсін айтудан бастау жөнінде айтылады. Тыңдаушының көңіліне тимей сұрақ қоя білу өнерін үйретеді. Ал кітаптың сегізінші бөлімінде адамдарды қателескені үшін сынай жөнелудің терістігін сөз етеді. Психолог: «Әр адамның ойы мен ісінің өзіндік себебі бар. Сол себепті түсінген кезде ғана сіз кез келген кісінің іс-әрекетін өзіңізге қажетті бағытқа бұрып, адамның жан дүниесін ұғатын боласыз. Өзіңізден «оның орнында болғанда мен қайтер едім?» деп сұрай алсаңыз ғана уақытыңды үнемдеп, ашуға жол бермейсіз, өйткені себебін білу арқылы салдардың алдын ала аласыз» дейді. Карнеги үйреткен тұлғалық мәдениет, адамдық әдеп әрбірімізден табылса, ұлттық тұрғыдан жаңа шыңға бет аларымыз сөзсіз.
Ларошфуко
Философ өзін тану барысында әртүрлі сынаққа толы рухани жолдардан өткені байқалады. Қашан да ішкі күреске түсіп, үдерістерді даналық түйінмен жалғап отырады. «Өз-өзінен тыныштық таппаған адам енді оны еш жерден таппайды» дейді философ. Адам жан дүниесін үнемі бақылап, қалыпқа келтіріп отырмаса «тікендер» өсіп, ішкі әлемді тозаққа айналдыруы ғажап емес. Ларошфуко адамды тыныштықтан айырып, ауыр азапқа душар ететін екі дерт – мақтанқұмарлық пен қызғаншақтық екенін айтады. Тіпті шалқыған байлығы, еселенген медалі болса да ішкі тыныштығы жоқ адам бақытты бола алмақ емес. «Жақсы істерді шын жүректен мақтау – белгілі бір мөлшерде осы іске атсалысу болып табылады» дейді философ. Енді бірде «Көптеген адамдар жақындарын байлығына не қоғамдағы жетістіктеріне қарап бағалайды» дейді. Шын мәнінде, адам қолымен жасалған ұрандар мен мадақтамалар арқылы адамдықты өлшеу күлкі шақырарлық. Адамдар туғызған алып ұғымдар уақыт қарияның алдында іске алғысыз болуы мүмкін. Бәрін бүгінгі атақпен өлшеу – тар өрістілік. «Анау-мынау адам ақыл тереңіне сүңги алғанымен, жүрек тереңіне бойлай алмайды». Қандай даналық! Ақыл өлшеулі, жүрек өлшеусіз. Жүрекке сүңгу үшін сыртқы әдеп, салмақты мінез, кірден тазарған ақыл, терең ой керек. «Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде» деген хәкім жүрек ұлылығының мағынасын ашуда. Ақпарат тасқыны ағылған кезеңде өз ішіңе сүңгу, жүрек әлемін барлау санаулыларға бұйырып тұр. Мұнсыз ішкі тыныштықты табу мүмкін емес.
Ларошфуко ізденіске бас қойған әрбір талапты ердің ойын қозғап, ынтасын арттырады.