• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Ақпан, 2023

Бактериялы пневмонияға шалдыққан балалар көп

531 рет
көрсетілді

Жалпы, балаларда пневмония бактериялы немесе вирустық инфекциялардың асқынуынан болуы мүмкін. Әсіресе ауа райы салқындаған уақытта балалар арасында бактериялы пневмония жиі өршиді. Ауа арқылы тарайтын бұл инфекция иммунитеті әлсіз балаларға тез жұғып, баланың өкпесінде сырыл, артынша демікпе пайда болуы мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, кейінгі кезде балалар арасында бактериялы пневмония көбейген.

Өкпенің қабынуын сипаттайтын пневмония түрлі микроорганизмдерден туындауы мүмкін. Пневмония екі топқа бөлінеді: бактериялы және вирустық. Бактериялы пневмония балаларда дене қызуы, ентігу және жөтел сияқты симптомдармен пайда болады. Тіпті балалар тамақтан бас тартып, ауырып тұрғаны жүзінен білініп тұрады екен. №3 қалалық инфекциялық бөлімшенің меңгерушісі Жанар Бөкенованың айтуынша, биыл балалардың арасында бакте­риялы пневмония жиі кездесуде және өте ауыр түрде өтіп жатыр. Алғашқы белгілері бірнеше күн баланың қызуы көтеріліп, жөтелуі мүмкін, қақырығы сары, жасыл түсті болады. Қақырықтың түсуінің өзінен бактерия қосыл­ған деп айтуға болады және де­несі қызып, бала әлсізденеді, тәбеті төмендейді. Үлкен балаларда бас ауру, сүйектердің қақсауы болуы мүмкін.

Бүгінде Астанадағы инфек­циялық балалар ауруханасына бактериялы пневмониямен күн сайын 10-15 бала жеткізіледі. Олардың арасында ауыр халде жан сақтау бөліміне жатқы­зылғандары да бар. Мәселен, 4 жастағы Ғалым Елікеңнің бір апта бойы дене қызуы көтерілген. Кейін жөтел пайда болыпты. Ауру асқынып бара жатқан соң ата-анасы ауруханаға әкелуге мәжбүр болған.

Бактериялы пневмония жос­парлы түрде пневмококқа қар­сы екпе егілмеген 1 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында жиі кез­деседі дейді мамандар. Ондай­да ата-ана өз бетімен балаға антибиотик тағайындауына мүлдем бол­майтынын ескертеді.

– Қазіргі таңда жан сақтау бөлімінде бактериялы пневмониямен емделіп жатқан 1 жасқа дейін және 1 жастан асқан балалар көбейді. Ата-ана балаларының ауруын асқындырып әкеледі деп айтуға болмайды. Әркімнің әртүрлі иммунитеті бар ғой. Бірақ бір күндік пневмония емес, плеврит болып келеді, өкпенің сыртқы қабығының өзінде бактериалды инфекция бар. Оның өзі балада асқынған пневмония екенін көрсетеді. Үй жағдайында дене қызуы қатты көтеріліп түспейтін болса, өздігінен антибиотик тағайындамай, бірден дәрігерге қаралу керек. Балада тек бактериялы инфекция болса, антибиотик қолданудың еш қажеті жоқ. 4-5 күн қызуы көтеріліп, өзі айығады. Тек көбірек сұйықтық беру қажет, – дейді инфекционист-дәрігер Жанар Сәмбетқызы.

Дәрігерлер баланың тыныс алуын бақылап, стетоскоптың көмегімен оның өкпесін тың­дайды. Пневмония кезінде өкпе­дегі ауа қапшықтарының бөлігі сұйықтыққа толады, бала тез тыныс ала бастайды. Себебі оттегіні көбірек алу қажеттігі туады. Егер дәрігер балада пневмония бар деп санаса, ол кеуде қуысының рентгенін, қан талдауын немесе мұрыннан жұғынды алады. Бала оттегіні жеткілікті алатынына көз жеткізу үшін пульсоксиметр – қанның оттегімен қанығуын өлшейтін, саусаққа орнатылатын қарапайым аспап қолданылуы мүмкін. Жалпы, баланың 4-5 күн дене қызуы түспей жөтеле бастаса, ең дұрысы педиатрмен кеңескен жөн. Өйткені дәрігер кеңесіне неғұрлым ерте жүгінсеңіз, олар рентген талдауларын жасайды. Осылайша, дер кезінде аурудың алдын алуға мүмкіндік молаятынын естен шығармаған абзал.

Сонымен қатар мамандар жиі қол жуып, микробтардың таралуының алдын алуға, телефон, ойыншық, есіктің тұтқасы немесе тоңазытқыш тұтқасын ұстаған қолыңызды, дененің басқа ашық бөліктерін ұдайы жуып тұруға және үйде темекі шекпеуге, оны мүлдем қоюға кеңес береді. Өйткені зерттеу­лерге сай, темекі түтінінің маңайын­­да өмір сүретін балалар жиі ауырып, пневмония, жоғары тыныс алу жолдарының инфекциясына, астмаға және құлақ инфекцияларын жұқтыруға бейім келеді екен.

 

Уәлихан ЖАЙЛАУ, журналист