Соңғы уақытта алаяқтықтың түрі көбейіп, ақпараттық технологиялардың арқасында жетіліп жатқаны жасырын емес. Тіпті инвестициялық алаяқтық пайда болып, пандемия да онлайн қылмысты өршітті. Ол аз десеңіз айналамыздағы елдердің ахуалы арам пайдаға әуес пиғылды көбейтті. Сондықтан да виртуалды тонау мәселесін қайта-қайта қаузап, халықты құлағдар етіп отыруға тура келеді.
Өкінішке қарай, бүгінгінің алаяқтары атын естігенде қаймығатын құзырлы мекемелердің қызметкері ретінде таныстырады. Ұлттық банктен бастап, танымал қаржы ұйымдарының атын жамылады, жұртқа белгілі порталдардың атын жамылады, қысқасы аңқау отандастарымызды қармағына түсіру үшін түрлі айла-шарғының қандай түрінен болса да бас тартпайды. Егер оқырман есінде болса, өткен жылы телефон алаяқтары қандай кестемен жұмыс істейтінін Ұлттық банк те ескерткен болатын. Қаржылық қаскөйлік «арнайы операция» атын жамылып, «құқық қорғау орган қызметкерлерінің қатысуымен» жүзеге асырылып жатқандай жасалады. Ал өткен жылы Алматыда қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар 4 мыңнан астам адамды алдап кеткен. Алаяқтықтың басым бөлігі қаржылық пирамидаларға қатысты екенін қайталауға тура келеді.
Жалған «қызметкерлер» атын жамылу
«Алаяқтар көздеген мақсатына қалай жетеді?» деген сауалға Алматы қалалық Әділет департаментінің бөлім басшысы Әнуар Жексеков: «Арам пиғылдылар өмірде болып көрмеген өтірік өнімді интернет, әлеуметтік желілер арқылы жоғары бағамен сату схемасы арқылы жасайды. Алданған тұрғындармен келісімшарт жасалғаннан кейін, барлық телефондар өшіріледі. Әрі қарай, алаяқтар жәбірленушілерге өздерін Әділет департаментінің қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон шалады, алаяқтардың ұсталғаны туралы хабарлайды да, жалған куәлік көрсетіп, өтемақы төлеуге уәде береді. Бірақ алдын ала комиссия түрінде төлем талап етеді», деді.
Әділет департаментінің материалдық-қаржылай өтемақы төлемейтінін осы мекеменің баспасөз хатшысы Алмас Бекботаев та айта келе, осыған ұқсас фактілер 2022 жылдың желтоқсан айының басынан тіркеле бастағанын атап өтті. Департамент Алматы қаласының полиция департаментіне барлық дәлелді материалдармен арыз жолдаған, қазіргі уақытта арыз тергеу сатысында тұр. Соған қарамастан алаяқтар әлі де елді сазға отырғызып жатыр. Күн сайын Әділет департаментіне республиканың түкпір-түкпірінен келген азаматтардан Алматы қалалық Әділет департаментінің қазіргі қызметкерлерін нақтылау үшін телефон соғылып жатады.
«Нөмірлерді ауыстыру технологиясы»
Сол сияқты инвестицияға қатысты алаяқтық фактілері көбейген. Алдап-арбаудың нобайы бірдей: олар белгісіз нөмірлерден қоңырау шалып, сұмдық пайда табуға болатын қаржылық жобалар туралы баяндай келе, ақша салуды ұсынады, кірісті көбейтуге уәде береді. Олар жапа шегушіге инвестиция салғаннан кейін оның кірісі қалай «өсетінін» көретін жалған қосымшаны да жібере алады, бірақ іс жүзінде сіз бұл ақшаны пайдалана алмайсыз. Өйткені мұндай қосымшалардың қайтарып алу қызметі жоқ. Алматы қалалық ПД, Криминалдық полиция басқармасының ІІБ аға жедел уәкілі Еркебұлан Қойшыбаев интернеттегі алаяқтық мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында екенін айта келе: «Талдау көрсеткендей қала аумағында, 2017 жылы –90, 2018 жылы – 142, 2019 жылы – 666, 2020 жылы 1 677 интернет алаяқтық тіркелді. Ал 2022 жылы қылмыстың осы түріне қатысты 2 мыңнан астам дерек тіркелген. Интернет алаяқтар ұсталып жатады, бірақ қылмыстың бұл түрін ашу қиын, өйткені олар трансшекаралық сипатқа ие, яғни жәбірленуші бір жерде, ал күдікті басқа мемлекетте болуы мүмкін», дейді.
Полиция департаментінің өкілі сандарды ауыстыруға байланысты алдаудың жаңа әдісін түсіндіріп берді. ТМД елдері мен шетел азаматтары қазақстандықтарға қоңырау шалғанда «нөмір ауыстыру» технологиясын қолданады. Сондықтан күдіктіні табу өте қиын. Алаяқтар SIM карталарын сатып алмайды, олар тек негізгі телефон нөмірін өзгертетін арнайы бағдарламалық құралды пайдалануы керек. Сондықтан олар зардап шеккендерге кез келген нөмірден қоңырау шала алады. Әдетте алданғандар нөмір иелеріне шағымданады. Оның нөмір ауыстыру арқылы жасалғанын дәлелдеу үшін ұялы байланыс операторына қоңырау шалып, егжей-тегжейін білгеннен кейін, бұл нөмірдің жалған екенін дәлелдей аласыз, бұл қарапайым телефон трафигі емес, интернет қоңыраулары екендігін көрсетеді.
Көтеріліп отырған мәселеге орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің өкілі Дмитрий Акмаев қаржылық алаяқтықтың айқын белгілерін атап өтті. «Өте жоғары кепілдендірілген табыс ұсыну – бұл алаяқтық, керісінше қызығарлықтай арзан нәрсе ұсынса – бұл да алаяқтық болуы мүмкін. Сондай-ақ олардың тағы белгісі – алаяқ әрқашан бірінші қоңырау шалады. Қаржы саласын реттеуші ретінде біз банктерде де, микроқаржылық ұйымдарда да сіздің шоттарыңызда, келісімшарттарыңызда бірдеңе дұрыс болмаса, бірден бұғаттайтын ережелері бар екенін анық білеміз. Сондықтан егер сізге біреу қоңырау шалса, байланысты дереу үзген дұрыс», дейді ол.
Интернет алаяқтық мәселесі цифрландыруды дамытудан, сандық жүйелердің кесірінен туындап отыр деуге болмайды. Керісінше, біздің банк жүйелері қорғалған, өйткені оларда бірнеше қорғаныс дәрежесі бар. Алайда қаржысы қолды болғандардың 99%-ына психологиялық қысым жасалып, соның салдарынан жеке шоттарының кодтарын алаяқтарға өздері берген. Бұл жерде мәселе адамдардың үрейге бой алдырып, алаяқтардың жетегінде кеткенінде болып тұр. Дмитрий Акмаев Алматы мен облыс тұрғындарына, әсіресе егер олар мессенджер арқылы жіберілсе, күдікті сілтемелерге жазылмауға кеңес берді.
Алаяқтарды қалай ауыздықтауға болады?
«Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы интернет кеңістігіндегі күмәнді сайттар, аккаунттар мен жарнамалық сілтемелерді бұғаттау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. 2022 жылы 396 интернет сілтемесі бұғатталған. Компаниялардағы қаржы пирамидасының белгілерін тексеру үшін «Байқа, пирамида!» телеграм-боты енгізіліп, оған азаматтардан 2 мыңнан астам өтінім келіп түскен, оның ішінде 1 800-і қаралыпты. Жалпы, 2022 жылы Алматы қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті 8 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Ал «Qozgan Inc» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Оның «салымшыларының» саны 50 шақты болса, келтірілген шығынның көлемі 270 млн теңгеден асады. Сондай-ақ құрамында алтын элементтері бар алтын құймалары мен косметикалық өнімдерді сататын интернет-дүкен атын жамылған «Innova Gold» қаржы инвестициялық пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұлардың да айла-шарғысы жеткілікті.
– Осылайша, Экономикалық тергеу қызметі қолға алған амалдардың нәтижесінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың банк шоттары, жылжымалы және жылжымайтын мүліктері бұғатталып отыр. Мысалы, «World Business Consulting» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша зардап шеккен сегіз адамның 34 255 155 теңгесі қайтты. Сол сияқты «B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша 230-дан астам жәбірленушіге 300 млн теңге шығыны өтелді. 2,2 млрд теңге сомасына мүлікке тыйым салынды. «Жалған қаржы» ұйымдарының ұсыныстарын насихаттау қылмысы жиілеп кетті. Олар ақшаны мұнай өндіруші компаниялардың, танымал банктер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ірі жобаларына жоғары және пассивті кірістілік уәдесімен инвестициялауға шақырады, – дейді Алматы қалалық Экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.
Сол сияқты алаяқтар жұртты сендіру үшін белгілі жаңалықтар порталдарының логотиптері мен дизайнын пайдаланады, сонымен қатар танымал тұлғалар мен жоғары лауазымды шенеуніктерді алға тартады. Мұндай ресурстарға кіргенде, сауалдамалық жеке деректеріңізге сақ болған жөн. Осыдан кейін-ақ, олар қоңырау шалып, өз әрекетіне кіріседі. Аты-жөніңізді сұрастырып, өздерін банктің немесе құқық қорғау органының қызметкерлеріміз деп таныстырып, сізге несие рәсімделгенін немесе қылмыстық іс қозғалады деп айтады. Жүйкеге соққы беретін тосын сәт пен абдырағаныңызды пайдаланып, сіздің банктік деректеріңізді алып алуы әбден мүмкін.
АЛМАТЫ