• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Ақпан, 2023

Ерлікке тағзым

383 рет
көрсетілді

Алматыда «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйы­мының бастамасымен Сталинград майданының 80 жылдығына арналған тағзым іс-шарасы өтті. Панфиловшылар паркінде әскери шеру ұйымдастырылып, жиналғандар мәңгілік алау монументіне гүл шоқтарын қойды.

Тағылымды іс-шара Қорға­ныс министрлігінің Армия үйінде халықаралық ғылыми-тә­жі­­ри­белік конференциямен жал­ғасын тапты. Конференцияға ҰҚК Ше­кара академиясы, Құр­лық әс­кер­лерінің Әскери инсти­туты, Ра­диоэлектроника және бай­ланыс әскери-инженерлік инс­­титутының әскери ғалым­дарымен бірге Ресей, Тәжікстан, Бела­русь, Қырғызстан елдерінің өкілдері қатысты.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы басты шайқастардың бірі саналатын Сталинград майданы 1942-1943 жылдың бірқатар кезеңдерін қамтыды. 1942 жыл­дың жазында фашистік Гер­мания мен оның одақтастары Еу­­ропада екінші майданның ашыл­­мауын пайдаланып, кеңес-герман майданының оңтүстік қ­анатына соққы беруді ұйғарды. Ғалымдардың айтуынша, жау әскері Қызыл Армияны Орелдің оңтүстігінде талқандап, Донбасс, Дон және Кубань экономикалық маңызды аудандарын күйретуді, Кавказ арқылы өтетін жолдарды, Сталинградты басып алуды бас­ты мақсат етіп қойды. Ша­буылда табысқа жеткен жау әс­кері 1942 жылдың тамызында Ста­линградқа келіп тірелген. Қа­ру-жарақтың барлық түрімен жарақталып, 6 далалық армия­дан, 14 дивизиядан құралған Гер­мания мен оның одақтастары майдан даласында үлкен қауіп төндірді. Қаланы Қызыл Армия генерал-лейтенанты В.Чуйков басқаратын 62 және генерал-майор М.Шумилов басқаратын 64-бөлімдер қорғады.

– Қаланы қорғауға шұғыл түрде жұмысшы және халық жа­­сақтары, тылдағы бөлімдер ұйым­дастырылды. 1942 жылдың 25 тамызында неміс әскерлері ба­тыс жақтан Сталинград түбіне жетті. Сталинград майданы құ­ры­лып, қалаға тың күштер жібе­рілді. Қалаға жақын жерлерде қор­­ғаныс шептері салынды. Бұл май­данның ерекше маңызын ескеріп, Мемлекеттік Қорғаныс комитеті 12 тамызда Бас штаб бас­тығы генерал-полковник А.Ва­силевскийді, 29 тамызда ар­мия генералы Г.Жуковты кө­мек­ке жіберді. Гитлершілдер қа­лаға солтүстік және оңтүстік шептен басып кіріп, қаланы ша­буылмен алу мақсатында 4 рет әре­кет жасаған. Кеңес әскер­лері қыркүйектің басында екі рет қарсы шабуылға шықты, бұл қаланы қорғаушылардың жағ­дайын едәуір жеңілдетті. Жау әскері үлкен шығынға ұшы­ра­ға­нына қарамастан 13-15 қыр­­күйекте Волга (Еділ) ше­бінде шабуылды қайта үдетті. Қыр­күйектің 15-іне қараған түнде қор­ғау­шылар жағдайының на­шар­лағаны соншалық, әрбір үй қамалға айналып, оның әр қа­баты үшін табанды күрес жүрді. 28 қыркүйекте Сталинград майданы Дон (қолбасшысы генерал-лейтенант К.Россовский) және Оңтүстік Шығыс майданы (қолбасшысы генерал-полковник А.Еременко) болып бөлінді. Сталинградтықтар ерлікпен кү­ресті. Кеңес әскерлерінің стра­тегиялық қорғаныс операциялары барысында 1942 жылы шілде мен қараша аралығында жау 700 мыңдай адамынан, 1 мыңнан аса танкісінен, 2 мыңнан аса зеңбірегі мен миноментінен, 1400 әскери және тасымал ұшақтарынан айырылды. Нәтижесінде жаудың бұл бағыттағы шабуылы тоқтатылды. Майдан даласындағы арпалыс мұнымен тоқтаған жоқ. Кеңес әскерінің Сталинград түбіндегі қарсы шабуылы 1942 жылдың 19 қарашасында басталды, – дейді отставкідегі генерал-майор Ш.Өтепов.

Сталинград шайқасына Қа­зақ­станда жасақталған 27, 72 және 73-гв. атқыштар дивизиялары, 81-атты әскер дивизиясы, 74-теңіз атқыштар бригадасы, 152- атқыштар жасағы, 129-мино­мет полкі және 156-жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болған. Қан­ды майданда қаншама әулет қара жамылып, азаматынан айырылды.

Ұлт тарихын қасіретпен ай­ғыздаған Отан соғысы кеңес ода­ғының қарамағында өмір сүріп жатқан 26 миллион адамның өмірін қиды. Жалпы, майдан даласына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанып, олардың 602 мыңы елге оралмаған.

Іс-шарада Сталинград май­данында опат болған жауын­гер­­­лер­дің ұрпақтары естелік ай­тып, әскери ғылым докторлары отстав­кідегі генерал-майор Н.Асы­лов, отставкідегі пол­ков­ник­­­тер Р.Қа­ратаев, А.Мар­тикьян ғы­лы­ми-танымдық баяндама жа­сады.

Конференция аясында Ұлттық кітапхана қорынан арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, со­ғыс тақырыбын қамтыған ғы­лы­ми зерттеулер мен әдеби шы­ғар­­малар көпшілік назарына ұсы­нылды.

 

АЛМАТЫ