Қанша жерден зерттелсе де, адам ағзасы толық танылып бітпеген тұңғиық бір әлем дерсіз. Мәселен, таяу күндері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы «асқазанның трихобезоары» диагнозы қойылған таңғаларлық жағдайды анықтап, алғаш рет асқазанына қос жұдырықтай шаш жиналған 11 жастағы қыз балаға шұғыл операция жасалды.
Бұл қалай болғаны десеңіз, алдымен кішкентай науқастың іші ауырып, бір апта бойы құсып, тәбеті болмай, жалпы әлсіздік мазалаған. Ауруханаға жатқызылғанға дейін ол асқазан-ішек жолдары жұмысынан жаңылған соң амбулаторлық ем қабылдаған. 1 ақпан күні қызда жіті аппендицит бар деген болжаммен қабылдау бөліміне жеткізіліп, динамикалық бақылау барысында мұндай ауруы жоқ екені анықталады. Осыдан кейін оған шұғыл түрде ішкі ағзаларына УДЗ, эзофагогастродуоденоскопия жасалады.
«Аспаптық тексеру сатысында асқазанда көлемді «дыбыс іздерін» құрайтын көптеген эхо-теріс түзіліске толғаны белгілі болды. Зерттеу нәтижелері асқазан қуысында затты көрсетіп, көлемді гетерогенді бөлшектен, шаш түйдектері мен шырыштан тұратын лас, қара түсті бөгде дене анықталып, «асқазан трихобезоары» диагнозы қойылды, дейді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының іріңді және кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Осыдан кейін дәрігерлер науқасқа наркозбен лапаротомия, гастротомия, яғни асқазаннан бөгде затты алу операциясын жасады.
«Асқазан қуысында көлемі – 16*6*5 см, салмағы 1000 г болатын, ұйысқан шаштан тұратын тамақ массасы мен шырышты конгломерат түріндегі бөгде, тығыз зат табылып, асқазаннан алынды», дейді медицина ғылымдарының кандидаты, балалар хирургі Сәуле Сүлейманова.
Мамандар әр нәрсені жұта бергеннен асқазан-ішек жолында жинақтала келе пайда болатын бөгде заттарды «безоарлар» деп атайды. Ең көп кездесетіні өсімдік тектес фитобезоарлар, ол жаңғақ, інжір, жүзім, шабдалы, цитрус жемістерінен пайда болады. Органикатекті безоарлар кейбір дәрілік заттар, лак, шайыр жұтқанда түзіледі.
«Педиатриялық тәжірибеде шаш немесе жүннен пайда болған асқазандағы түзілімдер ерекше қызығушылық тудырады. Мұндай безоарлар шаш, қас және кірпігін жұлып, жұтуға патологиялық бейімділігі бар қыз балаларда кездеседі және триотротилломания деп аталады. Бұл ауру невроз жабысқан, яки девиантты мінез-құлықты балаларда жиі кездеседі. Нәтижесінде, асқазанда тамақ қалдығы мен шырышпен қоректенген шаш шүйкесі пайда болады. Кейде үлкен трихобезоар асқазаннан бастап ұлтабар, аш ішекке дейін жетеді», дейді С.Сүлейманова.
Сонымен қатар аталған орталық хирургінің айтуынша, салыстырмалы түрде ағзадағы мұндай кінәрат сирек кездесетіндіктен, практикалық дәрігерлер осы кеселге бейім балаларды уақтылы тексере бермейді. Ал трихобезоарлардың көлемі ұлғайып, өмірге қауіп төндіретіндей асқынған кезде асқазан жарасынан қан кету, асқазан қабырғасының некрозы, ішек өтімсіздігі сияқты диагноз қойылады. Трихобезоардың түзілуі балалардың денсаулығына айтарлықтай әсер ететін анемия, гипопротеинемия, кахексиямен қатар жүруі мүмкін.
Асқазан трихобезоары мөлшеріне, орналасқан жері мен қалыптасу ұзақтығына, сондай-ақ оның салдарынан туындайтын асқынулардан көрінеді. Бұл ауру ылғи жүрек айну, төс астының ауыруы, кекіргенде қышқыл иістің шығуы, тәбеттің төмендеуі, қайта-қайта құсу, жалпы әлсіздік, салмақ жоғалту сияқты белгілермен сипатталады. Сондықтан сирек кездессе де, соңы қайғылы жағдайларға душар етпеу үшін мамандар тәуекел тобындағы балаларға ерекше назар аудару керек екенін алға тартады.
Біріншіден, трихобезоарлар девиантты мінез-құлықтан зардап шегетін балаларда пайда болатындықтан, соматикалық немесе хирургиялық стационарларға іші ауырып түскен науқастардың психоэмоционалды жағдай мен басқа да жаман әдеттердің бар-жоғын анықтап алуы қажет. Және диспансерлік бақылауда тұрған ақыл-ес кемістігі бар балалардың барлық ағзасын зерттей отырып, іш қуысын жүйелі түрде ультрадыбыстық бақылаудан өткізу керек. Үшіншіден, вегетативтік-тамырлық дистония, құрысу ұстамасы, невротикалық жағдай синдромы, жұлқылап ойнауға, жұлуға, шаш жұтуға, тырнақ тістеуге патологиялық бейімділігі бар балаларға іш қуысына ультрадыбыстық скрининг жасалуы керек.
АЛМАТЫ