Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі қаламгер, журналист Ержұман Смайыл атындағы дәрісхана ашылды.
Қаламгердің туғанына 75 жыл толуына орай өткен салтанатты іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, жарты ғасыр ғұмыры қазақ журналистикасымен біте қайнасқан қарымды қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталды.
«Журналистика факультетінде ашылған дәрісханаға қаламгер есімінің берілуі – Ерағамызға көрсетілген үлкен құрмет. Журналистиканың тек жазу емес, ұйымдастыру секілді елге көрінбейтін жауапты тұстарын шебер атқара білуі «Egemen Qazaqstan» газетіндегі қызметтерін абыройлы атқаруына ықпал етті. Ержұман Өтешұлы 1948 жылы Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келіп, журналистік жолын «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі болып бастады. «Лениншіл жас» газетінде редактордың орынбасары болды. «Егемен Қазақстанға» қайта оралып, шыншыл, әділетті журналист, мықты редактор ретінде танылды. Шығармашылық жолда табысқа жетіп, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты атанды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламы түспей, қазақ журналистикасына адал еңбек етті», деп атап өтті Ж.Түймебаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің алқалы жиын қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын министрлік өкілі Нұрбек Әмиша оқып берді. Министрдің құттықтау хатында: «Ержұман Өтешұлы «Egemen Qazaqstan» газетінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, қолтаңбасын қалдырды. Қаламгер атымен аталатын оқу аудиториясы БАҚ саласында қайталанбас із қалдырған журналиске деген құрмет деп білемін. Жаңа аудиториядан ақпарат саласында адал қызмет ететін журналистер шығады деген үміттемін», делінген.
Алқалы жиын барысында қаламгердің жұбайы Жақан Сүлейменқызына құрмет көрсетіліп, жаңа ашылған аудитория ұлттық баспасөздің болашағы – жастарымыз үшін танымдық бағдары зор екені айтылды. Қаламгердің ел тәуелсіздігі жолында атқарған істері, өткір мақалалары публицистикалық еңбектері сағынышқа толы естеліктерге арқау болды. Кезінде шығармашылық орта «Ердің сойы – Ерағаң» деп атап кеткен Ержұман Смайылдың 1999 жылы «Egemen Qazaqstan» басылымының Алматыдан Астанаға көшуіне, редакцияның дамуына қосқан еселі еңбегі ұмытылған жоқ. Осы орайда белгілі ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қаламгер өмірінен сыр шертер суреттерге қарап, толқып отырғанын жеткізді. «Ержұман жүйрік журналист әрі үлкен ұйымдастырушы еді. Екеуіміз үш жарым жыл «Егеменде» бірге қызмет істедік. Ержұман өзіне тиесілі қызметті тиянақты атқаратын. Қайтпайтын қайсарлығы бар еді. Қаламы қалай жүйрік болса, әлемдік кеңістіктегі оқиғаны бағалап отыратын ақпараттық ой қорыту қабілеті де ерекше еді. Осы жылдарда биіктен көрінген қаламгер екінің бірінің қолынан келе бермейтін істерді тындырып, қарым-қабілетін барынша таныта түсті», деп еске алды Н.Оразалин.
Қарымды қаламгердің шығармашылығы хақында, қазақ баспасөзіндегі орны, сіңірген еңбегі туралы журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов, ардагер-журналист Мамадияр Жақып бөлісті. Ержұман Смайыл тәуелсіз баспасөздің қалыптасуына айтулы үлес қоса жүріп, әрдайым адалдық үдесінде өзіндік ұстанымына берік болды. Ол өзінің қадір-қасиеті, ерен еңбегі арқылы танылып, шәкірттеріне үлгі-өнеге бола білді.
Салтанатты іс-шара барысында Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш қазақ журналистикасының біртуар тұлғасы атындағы аудиторияның ашылуы ұлттық журналистика, қазақ руханиятындағы елеулі оқиға екенін атап өтті. Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса әріптес ағасы туралы қысқаша естелік айтып, газет ұжымының атынан Е.Смайыл атындағы аудиторияның ашылуымен құттықтады.
Есімі бүгінде білікті басшы, үлкен жүректі азамат, ұлағатты ұстаз ұғымымен тығыз байланысты Ержұман Смайыл атымен аталатын дәрісханада қазақ журналистикасы тарихына қатысты тағылымды деректер айтылды, қызмет жылдарын еске түсірер суреттер топтамасы таныстырылды.
Еңбек ардагері, қаламгер Қайсар Әлімнің «Егеменнің» лездемесі» («Егемен Қазақстан» газетінің шығармашылық лабораториясы) деген, Ержұман Смайыл басшылығының да қырлары ашылған кітабы аудитория қорына тапсырылып, қонақтарға сыйға тартылды.
Жиын соңында қаламгер рухына құдайы ас беріліп, Құран бағышталды.
АЛМАТЫ