Адамзаттың алтын бесігі Алтай, бәлкім, алтын тау, қалай атаса да жарасады. Сақ, ғұн, түріктен қазақ шыққан атажұртымыздың қойын-қонышы бүгінде иен жатқанын білеміз. Ондағы Бөкенбай тауы, Ақсөңке сайы, Қыранжартас үңгірі, Былғары табыт обасы мен Азутау шыңы, Марқакөлді, Қалжыр мен Шүмек өзендерін Астанада отырып қалай таныдық? Жазушы Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романынан ұшыраттық. Жердің жайы өз алдына, сол топыраққа қоныстанған жұрт, олармен астаналықтардың қатынасы арқылы өзін танудан қалған қайран қазақтың бүгіні мен болашағын бағамдайсыз. Қайран деген сөздің соңында өкініш бар...
Сіз аруақ, рух, киенің барына сенесіз бе? Әлихан Бөкейханның ғылым дамып, техника күш алған сайын кие де қаша бастайды деген сыпаттағы сөзі бар. Солай болған күннің өзінде... «Былғары табыт» сендіреді. Оның үстіне, сіз бен біздің сыртымызда көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін тылсым барын жоққа шығарсаңыз тағы өзіңіз білесіз. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Сол ілкі дүниенің көбі, басқаны қайдам бізге Алтайдан басталғандай сезіледі. Мұны неге айтып отырмыз? «Былғары табыт» романында алтайлық көкпаршылар түркі жұртының тотеміне айналған киеміз көк бөріні тулақша сүйреп, көкпар қылып тартқанынан басталады бәрі. Алтайдың бір қуысында ауылдастары бөрі тартып жатқанда, ат шаптырып, көкпар беруші Сұңғат пен Дулаттың інісі Астанада әлдебір келеңсіздіктен өзін-өзі жарып жібереді.
Біз айналамыздағы құбылыстарға мән беруден қалғанбыз. Сана-сезіміміз дүниеге байланғандықтан, жан әлемі жұтап, руханият көзі бітеліп қалғаны сонша, басқа төнген нәубетті әлгіндей дүниелермен, яғни табиғаттағы бізге қатысты рухтарды қорлап жатқанымызбен байланыстырмаймыз. Романда бұл сұмдықтың сырын докторанты Дулаттың ауылына Астанадан келген археолог, профессор Мағдан Жұрағатұлы ғана біліп, қасындағыларға ескерткенімен, бәрі кеш еді. Көкпаршылар серке орнына бөрі тартып, кісі көргісіз күйге жеткізіп үлгерген. Профессордың содан қан қысымы көтеріліп жатып қалады. Ауылдағылар, бірақ бөріні тартып, қорлағанымыздан жерлесіміз өлді деп түсінді ме? Жоқ, әрине. Пендеуи қарекеттерін сонда да жалғастыра берді. Әрі қарай бөріні тастай салып, серке тартып, тойды жалғастырып кетті. Секем алу жоқ.
Романда баса мән беретін екі кейіпкер – Толғанбай кезбе мен мақау бала Отан. Бұл екеуінің басқамен жұмысы жоқ, өздері де елеусіз кезбе. Ел Ақсөңке атап кеткен сайдағы бассүйектерді және Былғары табыт төбесін қорып, дұға қылушы тек осы екі диуана. Ақсөңке сайын толтырып жатқан бассүйектер – ұжымдастыру кезінде бассауғалап шекара аспақ болған қазақтардың кәлләсі. Бұрын бес жүзге жуық болса, қазір үш жүздейі қалған деседі. Бұларды сол заманда қырып тастаған үкімет белсендісінің бірі – Толғанбай кезбенің өзі. Шекара аспақ қазақтарды сайға тоғытып, пулеметпен жаусатып салған ғой. «...Аттылы-түйелі, сабылған жаяу-жалпылы үлкен көш құрғақ сайдың қақ ортасына жетті. Осы сәтте өкпе тұстан қос пулемет сақылдап қоя берді. «Тірі куә қалмасын! Бастан атыңдар!» деп Константин командир қып-қызыл бұйрық берді. Бес жүзден астам адам баласы түгелімен жер жастанды. Толу (Толғанбай) «мал құлағы саңырау» деп, Костя «банды-сволочи» деп екеулеп жүріп, бәрін бастан көздеп, «контрольный» қорғасын жұмсады» дейді романда. Демек кеңес кезінің шолақ белсендісі Толғанбай тұяқсыз, қу бас өтіп бара жатқаны тегін емес. Аруақ түгендеп, мола кезіп жүрсе, екі ұртының бірі – қан, бірі – май. Оған ерген Отанның жайы басқа. Мылқау баладан шешесі туа безініп, содан анасы да оңалмай көтеріліп ауырып кеткен. Романның орта тұсында Отан екі дүниені көріп-білетін көріпкелге айналады.
Оқиға осы күннің әңгімесінен туады. Археолог, профессор Мағдан Жұрағатұлы жас әйелі Аршынды ертіп докторанты Дулаттың ауылына тегін келмеген. Докторанты Дулаттың ауылындағы сақ заманынан қалған Былғары табыт обасын қазып, әлемдік жаңалыққа қол жеткізбекші. Сөйтіп, жас сұлуы Аршын мен Дулаттың жолын ашпақшы. Екеуінен PhD доктор жасамақшы. Ауылға оба қазуға келген бұлардың бар жағдайын жасап жүрген Дулаттың ағасы Сұңғат – қазіргі тілмен айтқанда «крутой». Ауыл-аймақты билеп-төстеуші бай, облыс әкімі, депутаттар санасатын дүмді мырза. Профессордың келгенін ауыл-аймақ тойлап жатқанда көкпаршылар бөріні тулақ қылғаны – бір. Екінші – Былғары табыт обасын қазарда алдарынан әлгі Толғанбай кезбе шығып, моланы қазбауларын өтінеді. Сөйтсе де Толғанбайды байлап тастап обаны қазуға кіріседі. Астанада інілері өліп жатса да, тоқтатпайды. Сұңғат өлген інісіне қалаға аттанады да, профессор мен докторанты Дулат жұмысты бастап жібереді. Арнаулы адамдар мен техника алдын ала дайындалып қойған, тайсалатын түк те жоқ. Бұл екі ортада әркімнен дәмелі профессордың жас тоқалы Аршын және Дулаттың кластасы, серілеу Ғазиз бөлек кетіп, Марқа сұлудың бойында екеуара сезім құшағына бөленіп, ұзын-сонар әңгімеге көшкен. Алтайдың қойын-қонышы иен жатқаны, қысық көзді көршілердің сұқтанатыны, жоғары жақтың бейқамдығы, тағысын тағы. «Марқа сұлу да миллиард уыстап, ерігіп отырғандардың тақымында кетпесе болды. Мұның жоспары баяғыда Қытай мемлекетімен бекітіліп қойған. Шекара бойындағы аудандар сол үшін жабылған. Халық азайсын, шу шығармасын деп. Астана мен Алматы ауған жұртты қайтарып көр» делінеді арасында.
Романда кейіпкерлер неше түрлі сұмдықтарға тап болады. Барлық оқиға сол сақтардың қорғанын қазып жатқанда өрбиді. Обаның беті осы заманда ашылып жатса, беті ашылған соң сақ дәуірінің соңғы қағаны тұсындағы оқиғалар бүгінгі уақыт оқиғаларымен қатар жүріп жатады. Табғаштар (қытай) даламызға сол ерте дәуірлерден көз тігіп келген. Ұлы Тәңірқұт Сақа қаған, оның қырық жетінші ұрпағы Дің қағанның қаптаған қара қытайға берген тойтарысы, жер үшін болған жанқиярлық ерліктер. Онымен бүгінгі Алтайдың жағдайын жымдастыруда ұлы емеурін бардай сезіледі. Ал Марқа сұлу оқиғасы, өз алдына ол да бір керемет аңыз. Жырдың күйіндей шертіліп, еліктіріп отырады. Одан бөлек, жер үшін жанын шүберекке түйген қазақ батырларының ерлігі мен мәрттігі тарихи сананы түртпектеп, өткенге жарығын түсіреді. Желтоқсаншы Қаржаудың басынан өткен 1986 жылғы көтерілістің жай-жапсары да айтылмай қалмайды. Мұның бәрі қазақтың мыңжылдық тарихы ғана емес, тағдыры болып ұлттың болмысына бітісіп кеткен. Соның бәрінен бас тартып, бір-ақ күнде тәрк етуге көнбейтін құдірет барын аңдатады автор. Профессор табаны ауылға тигенде келеңсіздік орын алып, суыт хабар келгенде-ақ іс насырға шапқалы тұрғаны белгілі еді ғой. Демек іс тоқтауы керек-ті...
Ақыр аяғында Былғары табыт обасынан ұлы қаған мүрдесі мен алтын тәжі шыққанда сұмдық басталады. Профессор талып құлап, оянбай қалады кеш бата алтын тәжге қол жеткізгенде. Қытайлар келіп, алтын шығады деп қазған жерден кезінде ақбұрқақ су шығып, ие бермей, биліктің араласуымен Сұңғат ұлы тоған жасап қойған-ды ауыл желкесіне. Алтын тәжді қаған мүрдесін алып шыққан күннің ертесіне жер сілкініп, әлгі тоған жарылып, ауыл топан судың астында қалады. Сақ қорғанынан шығуға тиіс қаншама алтын жәдігер сол топан сумен қоса далаға ағып кетеді. Толғанбай кезбе де сонда өледі. Бар ауылдың берекесі кетіп, шығынға батқаны былай тұрсын, жер сілкініп, су қаптағанда бассауғалап, қу жандары зорға қалады. Соншама қайғы-қасіретке душар болған ауыл неден жазықты? Жарайды, профессор Мағдан Жұрағатұлының арқасында Дулат пен Аршын сақ қорғанынан табылған археологиялық жәдігер арқылы табысқа жетті делік. Бірақ бәрі-бір ниет дұрыс емес. Профессор Мағдан ана екеуін қолдан ғалым жасамақшы. Соған бола ұлы қағанның аруағын күңірентті. Міне, біздің қоғамның шіріп жатқан бір тұсы. Қолынан келсе қонышынан басып, бас пайдасы үшін білгенін істей берудің түбі қара бастарына ғана емес, күллі елге көрініп отырған зобалаң. Бұл – тек романдағы ауыл, алтайлықтардың ғана қасіреті емес, күллі халықтың басына төнген нәубет. Абайша айтқанда, «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, сапырылды байлығың, баққан жылқың».
Тап осы тұста біз жақында ғана көзіміз түскен бір өлеңді мысалға тартқымыз келеді. Әзербайжандық ақын Әкбер Гошалы бір өлеңінде осындай ой тербейді. Түбі бір туысқан елдерден шыққан екі автор бірін-бірі білмеуі де мүмкін. Алайда оларды рухы мен діліндегі ұқсастық, дүниедегі құбылыстарды пайымдаудағы ортақ сезімдері біріктіреді.
«Демінен жусан аңқыған,
Аттарға біз ер салмадық.
Ұйықтап кетсек егерде
Білмейміз-ау
Шөппен бізді көмер ме?!
Ант үстінде
Қарамаймыз байраққа,
Аспанға да, Ай жаққа.
Бөрі ұлыса елемейміз есінеп...
Сосын дейміз:
Қайдан келді зілдей қайғы-қасірет?»
Осы тұрғыдан алғанда, Асқар Алтайдың бұл шығармасы – бүгінгіні бұрынғыға, бұрынғыны бүгінге жалғап, тарихи сананы түртпектей отыра, болашаққа ой көзімен үңілуді мұрат тұтқан кең арналы дүние. Ұлттың, адамзаттың қадір-қасиеті көкпарға түсіп жатқанда қалайда қарпып қалуды ойлаған замандасты ойландыруды көздейді, білгенге. Және дәл осылай деп сендіреді.
Біз оқып шыққанда алған әсерді шамамызша жеткізуге тырыстық. Туынды әртарапты, жан-жақты болғандықтан, тарихтағы тұтас дәуірлер қамтылғандықтан, әркім әртүрлі қабылдауы мүмкін. Сондықтан оқырманның еншісінде.