Бүгінде әскери борышын өтеуден жалтаратын жастардың көбейгені белгілі. Оқушылардың бойына отаншылдық рухы сіңсе, ел мен жердің қадір-қасиетін біліп өссе, әскери тәрбиенің әліппесін мектептен меңгерсе, мұндай олқылықтар азаятыны анық.
Өскелең ұрпақты әскери тәрбиеге бала кезден баулудың маңызы зор. Әсіресе қолынан гаджет түспейтін технократия дәуірінің жеткіншектеріне патриоттық тәрбие ауадай қажет. Осы бағытта құрылған «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қоры білім басқармаларымен өзара меморандум негізінде мектеп оқушыларын елжандылыққа тәрбиелеп жүр.
Ұрпақ рухын оятатын әскери-патриоттық әндер әуелеп, қилы кезеңде қыршын кеткен батырлардың жауынгерлік жолын үлгі еткен осындай игі жобаның бірі Алматы қаласындағы №61 жалпы білім беретін орта мектепте жалғасын тапты. Мектеп ішінен құрылған патриоттық клуб өкілдері саптық жүріс, қару-жарақты шапшаң түрде құрастыру, қоян-қолтық жекпе-жек сынды алғашқы әскери даярлық сабағында меңгерген машықтарын ортаға салды. Іс-шараға арнайы шақырылған Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдардың қатысушылары мен Ауған соғысының ардагерлері оқушыларға патриоттық тәрбиенің негіздері, бейбіт күннің қадірі, әскери тәрбиенің артықшылықтары төңірегінде дәріс оқыды.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» деген болатын. Ал жас ұрпақты елдік мұратқа баулу аға буынның борышы. Біздің патриоттық клубымыз бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Мемлекетіміздің негізгі құндылықтарын, әскери тарихын, жүріп өткен жолын кездесу барысында жастарға ұдайы айтып отырамыз. Мұндайда оқушылардың көзінде ұшқын пайда болып, жігері арта түсетінін байқаймыз. Олар болашақта қандай салада қызмет етсе де мектеп қабырғасында меңгерген патриоттық тәрбиенің пайдасын көреді, – дейді Қазақстан Қарулы Күштері және Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдар ардагері, «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Арман Арынханов.
Әскери-патриоттық клуб мүшелері 1985 жылы өздері оқитын мектептен қанат қағып, Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Михаил Майбораданы ілтипатпен еске алды. Мектеп директоры Гүлмира Мырзахметованың айтуынша, әскери өмірдің айнасына айналып, ерлігі үшін халық батыры атанған жауынгердің есімін кейінгі буын мақтан тұтады. Ол 1993 жылы жиырма беске енді толған шағында өзі басқаратын заставадағы 25 серігімен бірге оққа ұшқан. Бүгінгі таңда Алматының Түрксіб ауданында оның есімімен аталатын көше бар.
АЛМАТЫ