• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 16 Ақпан, 2023

Өзіміздің экобояу

396 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары экологиялық қауіпсіз, еріткішсіз қолдануға болатын акрилатты бояуларды нарыққа шығарды.

Бүгінде елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді дегенмізбен, импортты алмастыратын өндіріс саласын дамыту өзекті мәселелердің қатарында қалып отыр. Осы орайда ғалым­дар сүйіншілеген жаңа өнім бәсекеге қабілеттілігімен қатар нарық­та қол­жетімділігімен де тиімді болмақ.

Бұл нәтижеге ҚазҰУ Органи­калық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының меңгерушісі Ғалия Ирмухаметова, PhD Лаура Ағыбаева және химия ғылымдарының кандидаты Райхан Рахметуллаева бірнеше жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәти­жесінде қол жеткізіп отыр. «Же­тілдірілген сипаттамалары бар еріткішсіз акрилатты бояулардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» коммерциализацияландыру жобасы коррозиялық белсенділігі жоғары, нарықтағы құны төмен, реагенттері аз, қалыпты температураны қолдана отырып жасалған экологиялық қауіпсіз акрилатты лак-бояу материалдар техноло­гиясын қамтиды.

Ғылыми өндірістік жұмыстар нәтижесінде алынған өнімді ғалымдар «Warda Star» ЖШС директоры Эль-Сайд Негим мырзамен бірлесіп, өндірісте сынақтан өткізген. Қазіргі кезде «Ғылым қоры» АҚ және «Warda Star» серіктесі қаржыландыратын жоба үлкен нарыққа бағыт алды. Жоба жетекшісі PhD Лаура Ағыбаеваның айтуынша, экологиялық жаңа өнім отандық нарыққа тиімділігі жоғары лакты-бояу материалдарын енгізуге мүмкіндік береді.

Өндірісте акрилатты бояудың екі маркасы шығады. «Base coat WS NG 302» негізінен еден жабыны тамақ, өндіріс, химия, тау-кен, машина жасау және бастапқы өнеркәсіпте (сүт зауыттары, ет өңдеу, өңдеу кәсіпорындары және т.б.) кеңінен қолданылса, концентрацияланған акрилді праймер – «Primer WS NG 102» жабындылардың адгезиясын жақсартады және бетон беттерін сырлауда қолданылады. Дақтардың алдын алып, металл беттерін тотығудан қорғайды. Оны паркингтер, сауда орталықтары, өнеркәсіп кәсіпорындары, басқа да нысандарда қолданған тиімді. Экобояу өндірісі уақыт үнемдей отырып, 45 минут ішінде төмен температурада дайын өнім алуымен ерекшеленеді. Механикалық беріктігі жоғары, судың, химия­лық реагенттердің әсеріне төзімді келетін бояулар 7-10 жылға дейін түсін бермейді. Жылдың қыс, жаз айларында да қолдана беруге болады.

– Бүгінде құрылыс нарығы отандық өнімдерге зәру. Осы орай­да бұл өндіріс инновациялық бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын өнімдер өндірісін дамыта отырып, шығындарды азайтумен қатар заманауи өнімдер ауқымын ұлғайтуды көздейді. Бұл мәселелерді уақтылы шешу үшін жоғары технологиялық кәсіп­орындар құру қажеттігі туындап отыр. Бүгінде лакты-бояу мате­риалдары Еуропа, Түркия және БАӘ елдерінен импортталатын өнеркәсіптік мақсаттағы эпоксидті және полиуретанды бояулармен байланысты. Қазақ­станның өнеркәсіптік лакты-бояу материалдары нарығы үлкен әлеуетке ие болғанымен, мұнда отандық өнімдер жоқтың қасы. Қазақстандық өндірушілер негі­зінен сәндік-қасбеттік лак-бояу материалдары тобына жататын органикалық сұйылтылатын және су дисперсиялық лакты-бояу материалдарын шығарады. Ғалымдар әзірлеген жаңа өнімдер Қазақстан нарығында бәсекелестікті арттырып қана қоймай, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа, сондай ақ өзге де шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді, – дейді Лаура Ағыбаева.

Акрил композициялық бояу мате­риалдарының негізгі артық­шылығы – тез қалыпқа келеді әрі дайын өнімнің физикалық және механикалық қасиеті өзгермейді. Акрил бояуын шығаратын кәсіп­орынды іске қосып әрі ғалым­дар отандық өндірушіге қолдау көрсете отырып, отандық тұтыну­шыларға жаңа, тиімді өнім ұсы­нады. Нарықтағы бағасы 15-20 па­йызға төмен жаңа өнім импортты алмастырып, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы жобада көзделген жұмыстар жал­ғасын таба беретін болса, оның эко­номикалық, экологиялық және әлеу­меттік салада тиімділігі жо­ғары болмақ.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, акрил бояуы өндірісін дамыту еліміздегі өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс кешенін сапалы отандық материалмен қам­тамасыз етумен қатар құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты салалардың дамуына ықпал етеді.

 

АЛМАТЫ