Несие пайызы қандай факторларға тәуелді деген мәселе қай кезде де өзекті. Тәуелсіз сарапшылар несие пайызына бірінші кезекте ықпал ететін факторлардың қатарына Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесінің деңгейін айтады. Мысалы, қазіргі мөлшерлемесі 17,6 пайыз делік. Ал оның пайызы инфляция деңгейімен теңестіріліп отырады.
Сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, пайыздық мөлшерлеме анықталғанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі басшылыққа алынады. Ал базалық мөлшерлеме елдегі инфляция деңгейі негізінде айқындалады. Бұған қоса дефолт тәуекелі деген бар. Бұл – несие алған адам қарызын төлемеген жағдайға дайындап қойған тәуекел. Банктер статистикасында негізінде шартты түрде несие алған үш адамның біреуі несиені төлемеуі мүмкін екені айтылады. Сондықтан банк екі адамнан үшінші адамның ақшасын өндіріп алуға тырысады. Мысалы, банктен 25 пайызбен 5 жылға 3,5 млн теңге несие алған тұтынушы алғашқы 2 жылда негізгі сома емес, тек несиенің үстіндегі пайызды төлейді. Себебі теңге нарықта өтімді болмай қалса, банкке белгілі бір мөлшерде шығын келеді. Алғашқы жылдардағы төленген қаржы несие тәуекелін жабуға жұмсалады.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде ашық қаржы нарығына шыққанына 30 жылдан асып барады. Бұл – несие пайызын оңтайландыруға жеткілікті уақыт. Бірақ халықтың төлем қабілеті, ІЖӨ деңгейі екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) несие пайызын салымшының мүмкіндігі мен қаржылық әлеуетіне қарап бейімдеп, нарықтың беталысына лайықтап, қырық құбылтып отыруға мүмкіндік бермеді. Қаржыгер Ерлан Ибрагим бізбен әңгімесінде мұндай тәсілдің консервативті тәсіл, басқаша айтқанда нарықтың алға жылжуына кедергі келтіретін тәсіл екенін айтып берді. Біздің қолданыстағы тәсіл – халықтың төлем қабілетіне бір тереземен қарайды: Несиелік беделі жоғары азамат өзінен кейінгі екі адамның тәуекелін мойнымен көтереді, тәуекел деңгейі төмен екі салымшы үшін жауап береді.
Сарапшы бүгінгідей экономикалық жағдайда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендеткені жақсылыққа әкелмейді деп санайды.
Ұлттық банк жылдық инфляцияны қадағалап, соның деңгейінде базалық мөлшерлемені белгілейді. Базалық мөлшерлеме инфляция деңгейінен төмен бола алмайды. Оның бірнеше себебі бар. Айналып келгенде несиенің нарықтық құны – 20 пайыз. Қазір ішкі нарықта 20 пайызбен несие беретін банктер кемде-кем. Ал жылдық өсім 25-30 пайыз болып кетеді. Е. Ибрагимнің айтуынша, ЕДБ-лардың ақпараттық технологияның мүмкіндігімен жарақтандырылуы банктердің ішкі шығынын оңтайландыруға мүмкіндік беріп жатыр. Басқаша айтқанда, банктер клиент үшін емес, тиімді технология үшін күресіп жатыр. Әлемдік қаржы технологиясы инновациялық тұрғыдан ғарыштық жылдамдықпен өсіп барады. Бұл банктерге несие пайызын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Мен ЕДБ-ны мемлекет ішіндегі шағын мемлекетке теңеймін. Ұлттық банк белгіленген заң шеңберінен шықпай-ақ клиенттер базасын жаңартып алуына болады. Сондықтан олар ендігі жерде клиенттерге бір тереземен қарауды доғару керек. Халықтың қаржылық сауаттылық деңгейіне әсер ететін фактор осы. Қаржы нарығындағы ойыншылар IT-мамандарды тартып, несие пайызын төмендетудің мүмкіндігін қарастырып жатыр. Банктер арасында тек ақпаратты технология үшін күрес ғана емес, төлем қабілеті жоғары клиенттер үшін де күрес жүріп жатыр», дейді Е.Ибрагим.
Оның айтуынша, банктердің несие пайызының көрсеткіші – елдің экономикалық өсімінің айнасы. Ал пайыздық мөлшерлеме халықтың төлем қабілетіне сай келмесе, ондай көрсеткішті «қисық айна» деп бағалауға болады. Бірақ экономикалық көрсеткіш – мемлекет үшін іштен шыққан шұбар жылан. Оны бетің қисық немесе мүгедексің деп далаға лақтырып жіберуге болмайды.
Айналып келгенде несиенің нарықтық құны – 20 пайыз. Қазір ішкі нарықта 20 пайызбен несие беретін банктер кемде-кем. Ал жылдық өсім 25-30 пайыз болып кетеді
«Банктер мемлекетке көмектеспеді деп өкпе арта алмайды. Кезінде қолдау көрсетті. Көмектесті. Банктер ендігі жерде технологиясының көмегімен несие пайызын клиенттердің төлем қабілетіне лайықтап, әртараптандырып, несие мәдениетін қалыптастыруы керек. Қазіргі мимырт жүріспен тағы 30 жыл жүреміз. Бес саусақ бірдей емес. Халықтың төлем қабілеті де бірдей емес», дейді Е.Ибрагим.
Қазақстандағы ЕДБ-ның бірінде Директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Айдос Жұмағұлов бізбен әңгімесінде Қазақстан банктері арасында клиенттердің төлем қабілетіне бір тереземен қарау қағидасы өткен күннің еншісінде қалғанын айтып берді. Айтпақшы, бұл жобаға бұрынғы кеңес одағына қарайтын елдер арасында алғашқы болып біздің банктер тәжірибе жасаған.
«Қазір елдегі банктер несиелендірудің ескі тетіктерінен саналы түрде бас тартып жатыр. Бірінші кезекте несие алу үшін банкке келген клиенттің несие тарихы зерделенеді. Мұны анықтаудың қиындығы жоқ. Бірінші несие бюросында төлем қабілеті сын көтермейтіндер туралы мәліметтердің басы ашық. Ол жағынан бәрі таза болса, негізгі табыс көзінен бөлек қосымша табыстарына басымдық беріледі. Мұның бәрін БЖЗҚ төлемдері арқылы анықтауға болады. Осы сынның бәрінен сүрінбей өткен клиент «жұлдызды» клиент мәртебесімен пайыздық мөлшерлемесі 3 пайыз ғана жоғары несие алады. Бұл санаттағы клиенттер үшін банктің қосымша шығынын екінші, үшінші санаттағы клиенттер көтереді», дейді Айдос Жұмағұлов.
А.Жұмағұловтың айтуынша, екінші деңгейлі клиент мәртебесін банктер алдындағы қарызын уақтылы жапқан, бірақ қосымша табыс көзі аз клиенттер иеленеді. Олардың несие пайызы «жұлдызды» әріптестеріне қарағанда бірнеше есе төмен. Алғашқы санаттағы клиенттер пайыздық мөлшерлемеден 3 пайыз жоғары пайызбен несие алса, екінші санаттағылар 5 немесе 5,5 пайызбен несие алуға мүмкіндігі бар. Қазіргі 17,6 пайыз мөлшерлемесі жағдайындағы олардың еншісіндегі пайыз 23,5 пайыз болуы мүмкін. Ал соңғы санатта төлем қабілеті төмен клиенттер алдындағы «жұлдызды» екі бәсекелестерінің несие тәуекелін көтереді. ЕДБ несиесінің нарықтың құнымен қоса банктердің комиссиялық шығындарын, несие тәуекелі сол үшінші санаттағы клиенттің еншісіне бұйырады.
«Қазақстанның қолданыстағы қаржы саясаты ЕДБ-ның ішкі «ас-үйіне», клиенттерді өздеріне тарту саясатына араласпайды. Бұл тәжірибені жылдың аяғына дейін барлық ЕДБ қолданысқа енгізеді деп үміттенемін. Сол кезде халық несиенің нарықтық құнын шын бағалайды. Тұтынушылардың төлем қабілетін осындай тетіктер арқылы ғана саралаймыз, баға береміз», дейді А. Жұмағұлов.
АЛМАТЫ