• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 17 Ақпан, 2023

Байқалтау

360 рет
көрсетілді

Кеңес заманында Көкше өңіріне кеңінен танымал болып, таралымы 16 мың данадан асқан «Көкшетау» газетінің бас редакторы, белгілі журналист-жазушы Жанайдар Мусин өзі басқарған шығармашылық ұжымға кілең дарынды жастарды жинаған еді. Сондықтан да бүгінде өздерін «Мусин мектебінің шәкіртіміз» деп мақтанышпен атайтын әріптестеріміз аз емес. Солардың бірі һәм бірегейі – бүгінде «Егеменнің» Ақмола облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген Байқал Байәділ.

Байқалдың бойына сөз өнері қайдан дарыған деген сауал төңірегінде ойлан­сақ, жадымызға атақты Бекасыл әулие айтып кеткен:

«Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы

Таңдайды құз-қияны»,

деген жыр жолдары оралады. Себебі Байқал әрі­дегі есімдері алты Алашқа мәш­һүр Орынбай Бер­тағыұлы, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, берідегі Мұса Аса­йынов, Кәкімбек Салықов, Байжұман Ғаб­дуллин, Маман Ементаев, Жұмабай Есе­кеев сынды ақындар мен композитор­лар дүниеге келіп, ән-жырларына арқау еткен Сырымбет сала­сына қонған, топы­рағы қасиетті, қаймағы бұзыл­маған қа­зақ ауылдарының бірі – Қарақамыста туған. Кішкентайынан көкжиектен мен­­мұндалап шақырып тұрғандай әсер қал­дыратын Жалғызтауға қарап – биік­­тікке, ауыл маңынан сылдырлап ағып жа­татын Қамысақты өзенінің суы­на шо­мылып – мөлдірлікке құштар бо­лып өсті. Бастауыш сыныптарда тақ­пақ жаттауға жүйріктігі кейін жыр-дас­тан­дарды, әңгіме-романдарды ықы­лас­пен оқып ұғынуға ұласып, өзі де ептеп өлең ұйқастыра бастады. Орта мек­тепті тамамдаған соң еш іркілместен Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетіне тартты. Сонда оқып жүріп «Көкшетау» газетіне хабар-ошар жазып, ақыры аталған басылым редакциясының мәдениет бөлімін басқаратын мүйізі қарағайдай журналист, ақын Қорғанбек Аманжоловтың назарына ілігіп, Көкше өңіріндегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы­ның табал­дырығынан жүрегі лүпілдеп имене аттады. Жазғандары редактор Жанайдар Мусиннің көңілінен шығып, редакция штатындағы жалғыз бос орынға – аудармашы қызметіне қабылданды. Бірақ, шынтуайтында, аудармашылықпен емес, журналистік жұмыспен айналысты. Бір жарым жылдан соң тілшілік орын босап, сол қызметке ауыстырылды.

Ол кезде – өткен ғасырдың сексе­нінші жылдарында «Көкшетау» газеті «Мусин мектебі» десе дегендей, кілең ығай мен сығайлар бас қосқан, нағыз шығармашылық орта еді. Жанайдар Бай­мырзаұлы күнде таңертең өз каби­нетінде лездеме өткізіп, онда басылым­ның жаңа нөміріне шыққан материалдар қызу талқыланатын. Үздіктері бас редак­тордың шешімімен дәліз қабырғасына орнатылған – қызыл тақтаға, сирек те болса қатты сынға ұшырағандары – қара тақтаға ілінетін. Аға әріптестерімен қа­тар, Байқалдың да қарасөздің майын та­мыза, арасында өзіне тән әзіл-әжуа­сын әдемі қыстыра жазған тартымды мақа­лалары қызыл тақтадан орын алып, мерейі тасып жүретін.

Арада бірнеше жыл өтіп, Байқал «Көкшетау» газеті редакциясы ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезінде Көкшетау облыстық телеарнасы ашылып, комментаторлық қызметке шақырылды. «Көгілдір экран» дарынды журналистің «екінші тынысын» ашты. Өңірде болып жатқан жаңалықтарды жұртқа жедел жеткізумен қатар, «Бетпе-бет» бағдарламасының тележүргізушісі болып, көкшеліктерге кеңінен танылды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының басындағы қиын кезеңде Бай­қалдың «Бетпе-беті» елде қолға алы­нып жатқан саяси-экономикалық рефор­маларды халыққа түсіндіруде ма­ңызды рөл атқарды. Тікелей эфирде теле­көрермендер қойған өткір сұрақтарға қысыла-қымтырыла жауап беріп, маңда­йынан тер шыпшып отырған талай ше­неуніктің хабар аяқталғанда иықтарынан ауыр жүк түскендей болып, терең тыныс ала «Ух...» дегенін Байқалмен бірге қызмет атқарып жүрген біз де сан рет көрдік.

Байекеңнің «Көкшетау» газетінің редакциясында қызмет еткен кезінде қалыптасқан өзіндік стилі телерепортаж бен телехабар жүргізуде де айқын сезіліп тұратын: телестудия қонағына да, телекөрермендерге де әрдайым ілтипат таныта сөйлеп, арасында жарасымды әзілін де айтып қоятын. Жұртты сонысымен баурайтын.

1997 жылы Көкшетау облысы көр­шілес Солтүстік Қазақстан облысына қосылған соң Байқал сынды нелер саң­лақтың арқасында бес жыл бойы дүрілдеп тұрған жергілікті телеарнаны бюджет­тен қаржыландыру мүлдем тоқтаты­лып, телестудия қызметкерлерінің көп­шілігі жұмыссыз қалды. Байқалды Солтүстік Қазақстан облыстық теле­радио­компаниясының басшылығы бір­ден жұмысқа шақырғанымен, ол сүйік­ті қаласы – Көкшетауды қимай, бір жылдай жұмыссыздықтың ащы дәмін татты. Ақыры Петропавлға барып, қа­зақ­тілді кадрлары тапшы Солтүстік Қазақстан облыстық телеарнасының ұлттық рухын күшейтуге атсалысуды ұйғарды. Онда белгілі журналист, қоғам қайраткері Мәлік Мұқановпен бір кабинетте қатар отырып, қызмет істеу бақыты бұйырды. Мәкеңнің өзі сынды Қызылжар азаматтарының ел мен жердің тұтастығы, әділдік пен шын­дық жолындағы жанқиярлық күресі жайында айтқан әңгімелері – Байқал үшін ұлтжандылықтың ұмытылмас сабақтары іспетті болды. От ауызды, орақ тілді әріптес ағасы апта соңында эфирге шығатын «Оқиғалар ортасын­да» бағдарламасын жүргізсе, өзі «Бетпе-бет» хабарын қайтадан ашты. Тек бір ерекшелігі – Қызылжарда қазақша сөй­лейтін шенеунік табу қиынға соғып, көбі­несе Көкшетаудан қоныс аударып келген, бұрыннан таныс басшы аза­маттарға сүйенуіне тура келді. Осы­лайша, қызылжарлықтардың да сүйікті теле­журналисіне айналды.

1999 жылы Көкшетау қаласы Ақ­мола облысының орталығы болып бе­кітілген соң Байқал өзіне тән кіші­пейіл­ділігімен Солтүстік Қазақстан облыс­тық телерадиокомпаниясының басшы­лығына алғысын айтып қана қоймай, кешірімін де сұрап, өз отбасысы тұрып жатқан сүйікті шаһарына қайтып оралды. Бір жылдан аса облыстың Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында маман, бөлім меңгерушісі болып істеді. Содан кейін Ақмола облыстық телерадиокомпаниясы директорының орын­басары, директоры болып тағайындал­ды. Кейін әу бастан өзінің көңілі қала­ған кәсібіне ауысып, астаналық өңір­дің «Арқа ажары» газеті бас редакторы­ның орынбасары болды. Осы қызметін­де жүріп, «Қазақстан Республикасы мә­де­ниет саласының үздігі», «Қазақстан Рес­публикасы ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Ал 2018 жылдан бері «Егеменнің» ел ішіндегі елшісі» міндетін мінсіз атқарып келеді. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысын алғаны – соның айғағы.

Көкше өңіріне қаламгерлігімен ғана емес, қай­раткерлігімен де таны­лып, талай игі істің бас­тамашысы болған Жанайдар Мусиннің тәлім-тәр­биесін көрген Байқалдың азаматтық ұстанымы да берік. Ақмола облыстық телерадиокомпаниясының директоры қызметін атқарып жүрген кезін­де баламалы сайлауда Көкшетау қала­лық мәслихатының депутаты болып сай­ланып, шын мәніндегі халық қалау­лысы атанғаны – соның дәлелі. Өзі сай­ланған округ тұрғындарының жанай­қайын шығарған талай түйінді мәсе­лені жергілікті билік басындағы шенеу­ніктерге ақырын да, қатты да айтып, табандылықпен шешіп бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені Байқал Қайырлыұлы бітірген ісін жұртқа жариялап, кеуде қағып күпінбейді.

Байқалдың достыққа адалдығын да біліп, дән ризамыз. Өмір бойы қатар жүрген досы, біртуар арқалы әнші Қажы­бай Жахин дүние салған соң оның есімін мәңгі есте қалдыру шараларын өз қолына алды. Көкшетауда Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның айбозы» республикалық дәстүрлі әншілер бай­қа­уын өткізуге атсалысты. Бұл алдағы уақытта жүйелі өткізіліп тұратын мәдени іс-шараға айналмақшы. Әншінің таланты мен тағдырын, бейнетін бедерле­ген «Көкшенің Айбозы» атты кітап жазды. Бұған қоса жан досының әншілігі дарыған кішкентай ұлы Кенжебайдың да сахнаға шығып, көпшілікке танылуына жол ашып жүр. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген осы.

Байқалдың Көкше мен Қызылжар өңірлеріне атағын шығарған тағы бір асыл қыры – асабалығы. Оның бұл өне­ріне тәнті болған Астана қаласы мен өзге өңірлердің бай-бағландары да қолқа салып, той-томалақтарына шақырып жатады. Суырыпсалма ақындығы бар Байекең қасына аспандағы аққуға үнін қосқан әнші досы Қажыбайды ертіп, қанша тойдың көркін кіргізді десеңізші.

Тойшыл қауымның таңдайын қақ­тырып тамсандыратыны – Байқалдың тойда тілек айтқан адамның шен-шек­пеніне, атақ-даңқына қарамай, сөзі­нен ұстап, бір шумақ әзіл өлеңді суы­рып салып, жұртты күлкіге қарық қыла­тындығы. Кей асабаларша қайта-қайта шапалақ соғуды сұрап, тойшы қауымды мезі етпейтін немесе анайы анекдот айтып тұрмайтын әдептілігімен де ерек­шеленіп тұрады. Осы өнері хақында бір ақынжанды ағасы:

«От ауыз, орақ тілді ақын болдың,

Қулыққа, қалжың сөзге жақын болдың.

Арқада асабалар сайысы өтсе,

Бәйгесін шаппай алар хақың болды.

Таудайсың, тау мінезден танбай жүрсің,

Төменге көз қиығын салмай жүрсің.

Долларлар шашылса да аяғыңа,

Еңкейіп, сен ешқашан алмай жүрсің...»,

деп жазған екен арнау өлеңінде. Әділ жазған.

Байқал бүгінде алпыс жас атты асқар асуға аяқ басып тұрса да, тойын думандата өткізіп беруді жалынып-жалпайып сұрайтын ағайындар әлі де аз емес. Әр нәрсенің өз уақыты болатынын білетін ол өтініш айтушылардың кеуделерінен итеріп, көңілдерін қалдыруды жөн көрмей, кейінгі кезде қасына айтыскер ақын жастарды ертіп, тойларда көбіне соларды сөйлетіп, асабалық өнерге бау­лып жүр. Бұл да Байекеңнің ғана қолы­нан келетін мәрттік болар.

Байқал Байәділ – шаршап-шалдығуды білмей, өндірте жазатын алғыр да алым­ды журналист. «Еге­меннің» кей нөмі­рінде 2-3 мақаласы қатар жарияланып жататынына көзіміз әбден үйреніп кеткен. Оның ішінде редакция алқасының таңдауымен бас басылымның бірінші бетінен бастап орналас­тырылатын кө­кей­кесті дүниеліктері қаншама. Міне, газетіміздің қаңтар айындағы нөмірле­рін ақтарып, Байекеңнің мақалаларын қарап отырмын: «Құрылыс саласында­ғы берекесіздік», «Нан зауыты неге жа­был­ды?», «Малсақ қауымға неге қоң біт­пейді?», «Иесі жоқ жер жетім», «Тұра­лаған мектеп құрылысы», «Обалды ұмыт­қандар», «Көкше көлдерінің келе­шегі бар ма?»... тақырыптары­ның өзі­нен-ақ тәжірибелі журналистің ел мен жерге деген шынайы жанашырлығы аңғарылып тұр емес пе?! Бір айда 16 ма­қаласы газет жүзін көріпті.

Бірде Байқалдан бұрқыратып жазып жатқан мақалаларына арқау болған өзекті мәселелерді қалай іздеп тауып жүргенін сұрадық. Ол: «Журналист Мәули Әлімов ағамыз: «Мені халқым қызметтік куәлікті көрсетпесем де таниды» деп, бәрімізді күлдіргені есіңізді ме? Сол сияқты, қазір мені де көшеде кездескен жұрт танып, мұң-мұқтаждарын айтып жатады. «Егеменнің» соңғы бетінде көрсе­тілген ұялы телефоным арқылы да хабарласып, өздерін толғандырған жайларды ортаға салатын оқырмандарымыз да баршылық. Шынымды айтсам, солар­дың өтініштерінің ешқайсысын аяқасты етпеуге тырысып жүрмін. Көп жазатыным содан...», деп ағынан жарылды.

...Тауы көп Көкше өңірінде тау тұл­ғалы азаматтар да аз емес. Солардың бірі – біздің Байқал, һәм Байқалтау.