Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың арқасында айшылық алыс жерде тұрған тауарды үйіңізден шықпай-ақ сатып алуға болады. Дегенмен кейде көрмей сатып алғанның жақсы жақтарымен қоса, жағымсыз жақтары да бар. Қысқасы, қандай да бір затты көрмей сатып алу дегеніміз не? Яки болмаса, маркетплейстер отандастарымызға сапасыз заттарды қалай өткізе алады?
Бүгінгі таңда елімізде интернет арқылы сауда-саттық жасау айтарлықтай артып келеді. Өткен жылы маркетплейстердегі сатушылар саны екі есе, сатылымдар бес есе өсті. 2022 жылы 7 мың жеткізуші тіркелді, Қазақстан кәсіпкерлерінің тауарларын сату көлемі 46 миллиард теңгеден асты. Жерлестеріміз косметика мен парфюмерияға, киімге, үйге арналған тауарларға, темекі, кітаптар, тұрмыс құралдары мен балалар тауарларына белсенді тапсырыс береді. Мысалы, былтыр бұрынғы жылдарға қарағанда балалар тағамына тапсырыс төрт есе өскен және ол ұлғайып келеді.
«Бүгінгі таңда дәрілік препараттармен қатар балалар өнімдері де ең жиі жасалатын жасанды тауарлардың арасында үшінші орында тұр. Мұндай тағамдар – баланың денсаулығына ғана емес, өміріне тікелей қауіп төндіреді. Көбінесе мұндай жасанды өнімдер арзан шикізаттан жасалады, сондықтан улану және аллергияның пайда болу қаупі жоғары. Тағы бір қауіпті контрафакт – көлеңкелі фармацевтика нарығында 16,8%-ды құрайтын дәрі-дәрмектер. Мысалы, өткен жылдың маусым айында өз өндірісіне шикізат түрінде дайын дәрілік заттарды жеткізудің контрабандалық арнасы тоқтатылды. Коммерциялық ұйымдарға сату және одан әрі онкологиялық ауруларды емдеу үшін медициналық мекемелерге тарату жоспарланып отырған контрафактілік препараттардың үлкен партиясы айналымнан алынды. Бұл – сұмдық жағдай. Бірақ осыған қарамастан, елге жалған сертификаттары бар, жалған дәрілік препараттар келіп, электрондық коммерция арналары арқылы сатылып жатыр», дейді «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова.
Мәселен, бүгінде ресейліктер де маркетплейстердің контрафакт өнімдеріне жаппай шағымдана бастады. Брендтік және түпнұсқа өнімдердің орнына пайдаланушылар көшірме заттарға ие болып отыр. Бизнесмендер түпнұсқа тауарлардың кейпімен, күмәнді және сапасыз заттарды жіберу жағдайлары көбейіп кетті. Жалған өнімдердің арасында косметика, парфюмерия, ойыншықтар, киім, аяқкиім, темекі және басқа да көптеген тауар бар.
Шындығында, Роспотребнадзор маркетплейстерде жалған сату мәселесі бар екендігін және өршіп жатқанын мәлімдеді. Бізге аян болғаны, кейбір сауда алаңдары белсенді жұмысына қарамастан, контрафакт өнімінің болуын бақылауды реттемеген. Сонымен қатар әккі кәсіпкерлер тіпті автоматты түрде тексеруге болатын тауарларды бақылауды да қолға алмаған. Өйткені сатушылар да өнім сертификаттарын сұрамайды.
Федералды қадағалау қызметінің мәліметі бойынша, контрафактілік тауарлардың көпшілігі Wildberries-те сатылады. Бұл сату алаңынан сатып алушыларға жалған киім-кешек, аяқкиім мен парфюмерия жиі келеді.
Бірақ Яндекс Маркет пен Ozon сияқтылар сатушыларды әлдеқайда мұқият тексеріп, бақылайды, сондықтан мұнда жалған тауарлармен байланысты мәселелер аз көрінеді.
Дегенмен Ресейдегі жағдай 1 наурыздан бастап өзгеруі мүмкін. Сауда алаңдары тауарлардың айналымына қойылатын барлық талапты орындауға және контрафактіні немесе таңбаланбаған өнімді сатуға жауапты болмақ. Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің қаулысына сәйкес, сауда алаңдары «Адал белгі» белгісінің жоқтығы үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Ол зауыттан дүкен сөресіне дейінгі тауар жолын көрсететін QR-коды болып табылады.
PwC Kazakhstan деректеріне жүгінсек, Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция секторындағы бес тауар сатылса, төрт мәміле маркетплейстерде жасалады. Барлық ірі ойыншы қазақстандық бизнесмендердің маркетплейстердегі саудаға деген қызығушылығының артуына баса назар аударып отырғанына да тоқтала кеткен жөн. Өткен жылдың алғашқы алты айында Қазақстандағы бөлшек электрондық сауда нарығының көлемі 501 млрд теңгені құрады. Жасалған e-commerce транзакцияларының саны 19 миллионға жақындады, ал орташа чек сомасы 1%-ға азайып, 26 000 теңгені құрады.
Соңғы алты айда маркетплейстердің жұмысына қатысты шағымдардың саны күрт өсті. Адамдар ақаулы тауарды қайтарғысы келеді, уақтылы жеткізілмегеніне, өнімнің сапасына, ұзақ мерзімді ақшаны қайтармау фактілеріне наразылығын білдіреді. Жалпы, осыдан орасан зардап шеккен отандастарымыз алаңның жөн-жосықсыз қызметіне шағымданып отыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 20 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 160 пайызға артық. Жаппай халықтық наразылық электронды сауданың үлесіне тиесілі.
Егер адам жалған өнімге тап болса, бірінші кезекте маркетплейсті қолдау қызметіне хабарласу керек. Егер олар көмектеспесе, сотқа баруға болады. Бірақ сарапшылардың пікірінше, өтемақы алу мүмкіндігі өте аз. Қазақстандықтарға контрафактілік тауар бойынша пікірлер жазуға кеңес беріледі: бұл жағдайда алаң сатушыны бұғаттауы мүмкін. Сарапшылар өнімді алған кезде оны әрдайым тексеріп отыруға кеңес береді. Киімде, аяқкиімде және парфюмерияда таңбалау мен код бар екеніне көз жеткізу маңызды, оны ресми сатушының веб-сайтында тексеруге болады.
АЛМАТЫ