Даламызға кітап болып Брюссельден жеткен осы жаңалық кімді болсын бейжай қалдырмайды. Бұл тарихи, географиялық, тағы да басқа ғылыми мәні өз алдына, үлкен саяси мәнге де ие.
Ал қазақтардың мерейін өсіріп, мәртебесін көтерері анық. Филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. ХVІ-ХІХ ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітабында Қазақ елінің мемлекеттілігін 1500-жылдардан бастап дәлелдейтін 130 карта мен түрлі ғылыми құжаттар топтастырылған. Отандық тарих үшін аса құнды еңбектің тұсаукесер рәсімі Ұлттық академиялық кітапханада өтті.
Автордың қатысуымен өткен, белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізіп отырған кітаптың тұсаукесеріне ғалымдар, зиялы қауым өкілдері пікір бөлісті.
«Кітап 2021 жылы Брюссельде шыққан болатын. Осы ғылыми еңбекпен шұғылданған 17 жылдық зерттеу нәтижесінде шетел архивтерінен Қазақ мемлекетінің шекарасы көрсетілген 1500 карта табылды. Соның ішінен 130-ын ғана екшеп алып отырмыз. Әр картаның өзіндік толық мағлұматы бар. Бұлардың бәрі біздің отандық ғылыми айналымға тұңғыш енгізіліп отыр. Бұл тарихшылар мен географтарға ғана емес, лингвистерге, топонимистерге, жалпы Қазақ елінің тарихымен айналысатын тұлғалардың бәріне арналған еңбек. Сонымен қатар кітаптың ғылыми ғана емес, саяси өлшемі де бар. Бұрын Қазақ мемлекеті болмаған дегендерге ғылыми жауап. Осы кітаптан кейін мұндай әңгіме айтылмайды ғой деп ойлаймын. Өйткені бұл көне карталар – еуропалық және америкалық саяхатшылар мен дипломаттар әзірлеген ғылыми құжаттар. Оларда нақты Қазақ мемлекеті мен 40 этноним көрсетілген», дейді автор Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы.
ХVІ ғасырдың басынан бастап әлем елдерінің саяхатшылары мен дипломаттары қалдырған карталар мен құжаттарының толық 7 томдық жинағы мемлекеттің қолдауымен алдағы уақытта шығатыны осы іс-шарада мәлімделді. Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтауы оқылған соң, кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, автор еңбегіне шолу жасады. Автор қазақ шекарасы көрсетілген картаны алғаш Польшадағы бір университеттің архивінен тапқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, 1562 жылы сызылған сол картада «Қазақия» деп нақты көрсетілген. Неміс-швед оқымыстысы Себастиан Мюнстер 1544 жылғы картасында «Қозақи орда» деп жазған. Бельгиядан, тағы басқа елдердің архив, кітапхана, музейлерінен табылған көптеген карталарда «Қазақия», «Қазақ ордасы», «Қассақтар», «еркін Қазақ мемлекеті» деген атаулар бар. Бұл карталарда елдің тұтас шекарасы нақты белгіленген. Олардың кейбірі шетел оқулықтарына енгізілген. Италиялық бір картада «еркін түркілер мемлекеті Қазақия» деп аталған.
«Дүниежүзі мойындаған картограф Герард Меркатордың картасына түскен біз бақытты ұлтпыз. 1773 Ұлыбритания, Венеция, Аустрияда Қазақ мемлекеті мектептегі география оқулығына енген. Бұл академиялық кітаптағы деректен де құнды саналады» дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.
Дүниежүзілік картографтар мен саяхатшылардың кейбірі шекараны сызумен қатар сол елдердің өзіне тән ұлттық ерекшеліктерін сурет түрінде бейнелеген. Біздің қазақ даласының суреттері: бес қаруы сай аттылы жауынгерлер, түйелі көш, киіз үй мен ат арбалар, баласын бауырына алған аналар, тіпті қылыш ұстап, атқа мінген аналар да көрініп қалады. Каспий, Жайық, тағы басқа жер-су атаулары да сол қалпы жеткені байқалады. Бір ғажабы, Кенесары хан заманынан 300 жыл бұрынғы қазақ даласының тұлғаларын суреттеп салған. Сол салт аттының суреті қазіргі Астана қаласында тұрған Хан Кененің ескерткішінен айнымай қалған.
1856 жылы Франциядан шыққан картаға түскен елдер туралы маңызды ақпараттар беріліпті. Сонда қазақтардың саны 4 жарым млн деп көрсетілген. Берідегі Әлихан Бөкейханның сөзін есепке алғанда, бұл – тарихшылар үшін аса маңызды дерек.
Автордың таныстыруынан кейін қоғам қайраткері Әділ Ахмет, Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты Айгүл Құспан, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов жылы лебіздерін білдіріп, салмақты ой өрбітті. Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан онлайн қосылып, пікірін жұптады. Кітап авторы елшіге іс-шараның басында алғыс жаудырып, аталған кітаптың жарық көруіне көп еңбек сіңіргенін атап өтті.
Әзірге кітап Ұлттық академиялық кітапханаға, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына, тағы басқа бірнеше маңызды орындарға табысталды.