• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Ақпан, 2023

Клептократияның күйреуі

464 рет
көрсетілді

1989 жылы біз алтыншы класта оқитынбыз. Әдеттегідей, жаңа жылдық каникулға ерте шықтық, шыққанда алыс қыстақтағы қойшылардың балалары реті келген көлікпен жетіп алатын едік. Қазіргідей емес, айдаладағы жалғыз үйдегі ақпарат көзі бұрышта беті жабулы тұратын «Рекорд» атты ақ-қара экранды телевизор ғана болатын. Оның өзі қас қарая оталатын «АБ-1» моторының қуатымен қосылады.

Жаңа жыл жақындағанда түрлі музыкалық бағдарламалар көбейіп, киімі мен жүрісі бөлек эстрада әншілерін көріп, жырғап қалатын бала көңілін сол жылы теледидардан сәт сайын берілген саяси жаңалық тіксінткен. Экранда бір алыс елде төңкеріс болғаны айтылып, көшелердегі халық пен әскер арасындағы қақтығыстың бейнесі экраннан тізбектеліп өтіп жатты. Кейіннен бұл оқиғаның социалистік лагерьде болған Румыния екенін, елді ұзақ жыл билеген Николае Чаушеску деген саясаткердің тақтан қуылып, жұрт алдында ату жазасына кесілгенін оқып, білдік. Тек сонда 6-сынып оқушысының құлағында ең алғаш теледидардан естіген саяси термин көпке дейін жаңғырып тұрған еді: Клептократия...

Қазіргінің баласынан сұрай қойыңызшы, «клептократия деген сөз таныс па?» деп. Интернетті бір қарап жіберіп, «Ол дегеніміз билікті қолданып, мемлекеттік қаржыны ұрлау арқылы өзінің байлығын және саяси ықпалын күшейтетін, алаяқтар бақылайтын, кейде өз халқына әділетті қызметін көрсетпейтін үкімет...» деп тақылдап қоя берер еді. Терминнің түсініктемесі Уикипедияда осылай деп тұр, біз де оны жолма-жол келтірдік. Бір қызығы, арыға бармай-ақ, кейінгі 30 жыл бойына клептократия ұғымы біздің санамызға саяси, ғылыми таным тұрғысынан ғана емес, нақты көрініс арқылы сіңісіп кетті.

Жарты ғұмырын мемлекеттер тарихы мен билік жүйесіндегі жемқорлықты зерттеуге арнаған ғалым, Америкадағы Йель университетінің профессоры Сюзан Роуз-Аккерман клептократияны мемлекетті жемқорлыққа белшесінен батыратын 4 фактордың негізгісі ретінде қарастырады. Ғалым бұл жерде мемлекеттік биліктің жоғарғы эшелонындағы парақорлықтың қалыпты әдетке айналуы төменгі деңгейдегі буынның да жемқорлыққа бейімделуіне әкелетінін айтады. Яғни мемлекеттегі бас­қарушы адамдардың клептократияға шал­дығуы сол елдегі басқа да саяси, әлеу­меттік, экономикалық, заң шығару, сот, құқық қор­ғау институттарының жұмысын әлсірете­ді. Әдеттегі жағдайда клептократияға бой алдырған басқарушы және атқарушы элита мемлекетті дамыту мен бұқараның әл-қуатын арттыру үшін білек сыбанып жұмыс істеп жатқандай болып көрінуі мүмкін екен. Бұл жерде негізінен пропаганда мен әлемдік айтулы іс-шараларға жаппай үн қосуға шақырған ұрандардың тасасында қалған ел мен жердің қарапайым мәселесінің қордаланған үстіне қордалана түскенін мысал ретінде айтудың өзі жеткілікті шығар.

Өкінішке қарай, қазақ қоғамының екі буыны клептократия зардабын тартқанын мо­йындауымыз керек. Мұны ел ішіндегі көкірегі ояу жандар ерте бастан-ақ айтып жүрді. Мәселен, «Коррупция дегенге үйреніп едік, оны әдемілеп «сыбайлас жемқорлық» деп ауда­рып, тігісін жатқызып, сол жемқорлардың өзі күн­делікті қолданып жүр. Бізге жемқор бол­маңдар деп, жиналыс жасап ақыл айтып қояды. Ал ағылшын парламенті «қазақтың клептократиялық элитасы» дегенді шығарды. Жаман атақ. Клептократия – ұры билік дегенді білдіреді, мұны «сыбайлас» анау-мынау деп жұмсақтай алмайсың. Ағылшында «клептомания» деген де сөз бар, ол ұрламаса тұра алмайтын ауру деген мағына береді. Қазақта «қолының жымысқысы бар» дейді, клептоман сол, сұғанақ қол...» деп жазған еді бірде профессор Жамбыл Артықбаев.

...Күн бәрібір шығады екен. Қалай айтсақ та біз елдегі клептократияның күйрей бастағанына куә болып отырмыз. «Өзгерістер дәуірінде өмір сүру де Құдайдың жазасы» деген қарғысқа бергісіз нақыл бар Қытай халқында. Дегенмен, жалпыұлттық әділеттің орнауын сезінудің де өз ләззаты болса керек.

«Шындықты үнемі жасыру билік пен қоғамның арасын ажыратып, сенімсіздікті арттырады, мемлекеттің әділдігіне күмән туғызады. Қоғамның барлық саласын түбегейлі реформалауға кірісе отырып, біз мем­лекеттілігіміздің жаңа дәуіріне қадам басамыз. Еліміздегі саясат, экономика және әлеу­­меттік салаларда адал әрі әділ ойын ере­же­лерін бекіту аса маңызды. Клеп­то­кратия мен жем­қорлық, фаворитизм мен ысырапшылдық, патернализм мен масылдық, әлеуметтік апатия мен немқұрайдылық сияқты теріс құбылыстар өткен шақтың еншісінде қалуы керек» деген еді былтыр халықтық коалиция форумында Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Дауыңыз бар ма енді?