Адамзат жаралғалы асу-асу белдердің аңқасы кеуіп, адырларға ат ізі түсіпті. Мұхит түбіне жұтылған кемелерді мүк басып, аралға жасын құлапты. Уақыт тоқтап тұрыпты, адамдар көшіпті. Сол лек ішінде Құдайдың бұйрығымен қағілез сары қыз дүниеге келіпті. Қазақ болып жаралыпты. Ең қызығы, ең нәубеттісі Жаратушы пәрменімен талант атты алып қуатты арқалап туыпты.
«Жаңбырлы көктем»... Біздер, студент балалар, қарлығаш тіліндей жұқалтаң кітапты сүюші едік. Онда не бар демеңіз, не жоқ деңіз. Онда адамның әлі семіп үлгермеген тұма қиялы, қайырымы, мейірбандығы, көрінбесті көзден оқыр қырағы ұяңдығы бар-тын. Жанымызға пәктік отын құйып, айналаны көркем де мұңлы назға орайтын.
«Томпақ» әңгімесіндегі ортадан оғаш қалып, дербес қиялымен ғұмыр кешер томпақ қыз бейнесінен жазушының өзі көрінеді. Құдайдың жомарттықпен берген таланты бар жан көп ішінен қалайша манардай жарқырамасын, үйір арасынан қасқа тайдай қалай ғана дараланбасын.
« – Көктем ұйқымды ұрлап, ай-жұлдыз сыр айтып, сыбырлайды, – деп бәрімізге үрке қарады. Жанары «Сендер бәрібір мені түсінбейсіңдер ғой?» деп тұрады. – Көктемді көп күттім. Жүрегім тоңып жүр.
– Жүрек тоңа ма? Томпақтың ғана жүрегі тоңатын шығар? – деп қыз-жігіттер қыран-топан күлкіге батты.
– Білем ғой, менің жаураған жүрегімді ешкім жылыта алмайды...»
Аягүлдің жан күйі ұлттың аяулы, жұмсақ, қоңыр әдебіне толы. Сондықтан ба екен әр кейіпкерінде мөлдірліктің, жанашырлықтың ұшқыны ақ алмастай жарқырайды. Шынайылыққа малынған кейіпкерлердің бұртиған түрі, назды өкпесі, сәби күлкісі қиял көзіне айқын көрініп, құлаққа дыбыстары естіледі. Ұзақ уақыт ойдан өшпей тұрады.
«Қабір гүлі» әңгімесінен жазушының бала күнінен-ақ оғаш ойлап, құбылыстарды шұңғыма сезіне білгенін байқайсыз. Соншалық ақеділ, адал жанына бас иіп, оқыған сайын жаңбырмен жуған жемістей тазара түсесіз.
«Әлі есімде, сол күні жүгері алқабының ішінде отырып ұзақ жылағаным. «Біздің өміріміз жүгеріге ұқсайды екен ғой» деймін де жылай беремін. Бір уақытта өз ойымнан өзім қорқып, беталды жүгіре бердім. Сүрініп кетіп, етпетімнен құладым. Жерге бір күн желімдеп тастағандай жата бердім...» Немесе «Зираттың қақпасына жазылған «Біз де сіздердей болғанбыз, сіздер де біздей боласыздар» деген сөзді қанша оқысақ та, мағынасын түсінбеппіз. Қара балаға жек көре қарадым. Біздің бір сәт демімізді тартып, үнсіз қалғанымызға өзін кінәлі сезінді ме, әлде біреу ұрады деп қауіптенді ме, ол бүгежектеп жерге отырып жылап жіберді».
Адам болмысын мұнша нәзік түйсіну, сезіну үшін қаншалық зерде, жад, сезімталдық керек десеңізші. Біз өз маңымыздағы жандарды сезіне білеміз бе? Әр жаратылыстан жақсылық іздеп, жаманы үшін өкініп, күйіне аламыз ба? Қу тірліктің құмына көміліп, ар-ұятын ұмытып азап шеккен пенделерді жүрегімізбен аяй аламыз ба? Өзін бақылаудан қалған, кемшілігі шашынан көп болса да кеуде соққан бауырымыз үшін «ол білмейді ғой...» деп мүсіркей білеміз бе?!
Ақпарат үйінділері толассыз құйылған кезеңде ақылымыз алжасып, киелі шақтағы сәулеміз сөнгені соншалық, кісі үшін қуана білуден қалып барамыз-ау. Танып-білмесе де «айналайын» деп сөйлейтін үлкендер, «құлыным» деп шақырар көкелер сирегелі қашан.
Міне, тіршіліктің тас тұтқасынан оңаша қалып отырмын. Аягүлді оқимын. Жаны бұлжымаған жанашыр қазақ ауылын сағынамын. Туған өлкемнің түбірлі шыңдарына қиялыммен көз жүгіртемін. Кеудесіне қайырым көлін құйып өскен Аягүлді ойлаймын. «Жаңбырлы көктемнен» шығып, асқақ талантын әлпештеп Мәскеуде оқыған ойлы «сәбиді» еске аламын. Сен неге өзіңді тым алыстан іздедің екен? Өзің бақыт мекенінде жүрсең де, сол мекенді басқа қиырдан шарқ ұра іздегенің қалай? Бірақ іздемесең «жүрекке оралар» ма едің? Жоқ, орала алмас едің. Өйткені парасат заңында жүрген ғана жетеді емес пе, іздеген ғана табады емес пе.
Арманшыл жүрегіңе оралған шақта сен асау талантыңның құйынына ілесіп аспанға ұштың. Сен жүрген көшелер, бағдаршамдар, жолбелгілер, қарағайлар, қайыршылар, бәрі де саған куәлік етеді. Сен асқақ талантсың, арынды дарынсың. Мүмкін ажал да алдыңа қолы сияға малынып, кеудесі қайырымдылыққа толып, денесін әріп қаптап, асқақ басып келген болар...