Кеше Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қазақстан Республикасында Денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” атты мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған республикалық кеңес болып өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардан, еліміздің барлық өңірлерінің денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, денсаулық сақтау саласының ғалымдары және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте күн тәртібіндегі мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев баяндама жасады. Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты ел азаматтарының денсаулығын жақсарту және мемлекетіміздің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін отандық денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру болып табылады. Баяндамашы атап көрсеткендей, аталмыш мемлекеттік бағдарламаны іс жүзіне асыру негізгі алты бағыт бойынша жүргізілмек. Атап айтқанда, азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдарының тиімділігін арттыру, профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, әлеуметтік негізде пайда болатын кең тараған аурулардың диагностикасын, емдеу және сауықтыру тәсілдерін жетілдіру, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті дамыту мақсаттарында кешенді шаралар жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмек көрсетуді сапалы әрі жедел ұйымдастыру, бұл саланы басқаруды және қаржыландыруды жақсарту, медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина саласына инновациялық технологияларды енгізу және одан әрі дамыту, халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыру және оның сапасын жақсарту мәселелері де бағдарлама аясында атқарылатын негізгі міндеттер болып табылады. 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыруға республикалық бюджеттен 552,3 миллиард теңге қаржы бөлінеді.
Бұл мемлекеттік бағдарламаны толық іс жүзіне асыру барысында еліміздің тұрғындары сапалы медициналық қызмет түрлерімен қамтылады және тұрғындарға медициналық қызмет көрсету тиімділігі қамтамасыз етіледі. Бағдарлама әрбір азаматтың дәрігерді, стационарды және емхананы еркін таңдауына, отбасылық дәрігер мен мейірбикелерге кеңінен қолжетімділігін қамтамасыз етуге толық жағдай жасайды. Сондай-ақ жүрек, қан тамырлары сырқаттарына облыс орталықтарында операция жасауға және буындар мен тізе буындарын протездеуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік қызметкерлер институтын енгізудің арқасында медициналық-әлеуметтік проблемаларды (тазалық, сапалы тамақтану, аурулардың алдын алу) шешуге басымдықты назар аударылады. Дәрі-дәрмектерді жеңілдікпен босату және олардың сапасына бақылауды күшейту жүзеге асырылады. Еліміздің тұрғындары 100 пайыз қауіпсіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін болады. Ұлттық скрининг бағдарламасы аясында қант диабеті, қаны аз және ісік ауруларымен сырқаттанатын адамдар толық тегін профилактикалық тексеруден өткізілетін болады. Ауыл тұрғындарына дер кезінде медициналық қызмет көрсетуіне мүмкіндік беретін жедел медициналық құрылымдар, санитарлық-авиация жүйесі күшейтіледі. Аналардың бала күтімі үшін алатын жәрдемақылары өсіріледі.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша еліміздің медицина қызметкерлеріне де көптеген артықшылықтар мен жеңілдіктер жасау шаралары белгіленген. Бұл ретте жұмыс көлемі мен сапасына байланысты еңбекақыны арттыру, ауылға барған жас мамандарға жеңілдіктер беру, медицина мамандығын таңдаған жастарға жоғары дәрежедегі сапалы медициналық білім беру және басқа кешенді шаралар қарастырылған.
2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама халықтың денсаулығын жақсарту және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру нәтижесінде мемлекет тиімділікке қол жеткізілетін кешенді іс-шараларды ойластырған. Бағдарлама толық қуатында іске асырылған кезде еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткіштері артатын болады. Азаматтарымыздың денсаулық сапасының артуына байланысты аурулардың түрі азаяды, мүгедектік шектеледі және сырқат салдарынан емдеуге жұмсалатын шығындар азайтылып, азаматтардың мезгілінен бұрын қайтыс болу деңгейі қысқарып, осындай себептерге байланысты қоғамның тікелей және жанама зияндарын азайту нәтижесінде Қазақстанның экономикасының айтарлықтай тиімділікке жетуі қамтамасыз етіледі. Азаматтардың денсаулығын жақсарту мәселелерінде жұмыс берушілердің, медицина қызметтерін ұсынушылардың жауапкершілігі мен мүдделілігі оңтайластырылады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға мемлекеттік және жеке меншік құрылымдардың қаржыларын тарту, еркін медициналық сақтандыру жүйесін дамыту есебінен қосымша қаржы тарту қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылы амбулаториялық-емханалық көмек қызметін дамытуға жұмсалатын қаржы да едәуір арттырылады. Мәселен, 2010 жылы бұл салаға 78,4 миллиард теңге қаржы бөлінсе, 2011 жылы128,3 миллиард теңге қаржы бөлу қарастырылып отыр. Кеңестің күн тәртібіне ұсынылған бағдарламаны талқылауға еліміздің барлық өңірлерінен келген мамандар қатысты. Атап айтқанда, Қостанай облысы әкімінің орынбасары С.Бектұрғанов, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Нұрымбетов, Ұлттық медицина ассоциациясының президенті А.Садықова, Тағам институтының президенті Т.Шарманов, Алматы №7 клиникалық ауруханасының бас дәрігері И.Ли, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Манфрэд Хубер және басқалар сөйлеп, ұсынылып отырған бағдарламаны жан-жақты талқылады. Жарыссөзге шығып сөйлеушілер еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасында орын алған кемшіліктерді, әлі де жетілдіруді қажет ететін мәселелерді нақты атап көрсетті.
Денсаулық сақтау қызметкерлерінің республикалық кеңесін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қорытындылады. Ол Денсаулық сақтау министрлігіне осы жолғы талқылауда айтылған барлық сын-ескертпелерді ескере отырып, жобаны қайтадан електен өткізіп, толықтыруды тапсырды. Ол үшін бір ай уақыт берілді. Мемлекеттік бағдарлама шілде айында Үкімет отырысында қайтадан қаралатын болды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.