• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Ақпан, 2023

Бір өкініш іште кетті – дейді еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Дәулет Ниязбеков

535 рет
көрсетілді

Қазақстанның еркін күрес шеберлері арасында әлем чемпионатында екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілген екі-ақ балуан бар. Олар – Дәулет Ниязбеков пен Нұрислам Санаев. Нұрислам Тывада туып-өсіп, 2015 жылдан бері біздің елдің туы астында өнер көрсетіп жүр. Ал Дәулет қазақтың қарапайым ғана баласы. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы байрақты бәсекелерде Қазақ елінің намысын 11 жыл бойы абыроймен қорғады. Сол аралықта ол әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері атанды. 2012 жылы Лондон және 2021 жылы Токио Олимпиадаларында өнер көрсетіп, екі ретінде де бесінші орынға табан тіреді. Қазіргі кезде Дәулет Шораұлы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы.

Ересектер дуында өнер көрсеткен 12 жыл аралығында ел чемпионаттарында 55, 60 және 65 кило салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп, тек бір рет қана ұтылдым. 2017 жылы өткен біріншіліктің финалында Саятбек Оқасовқа есе жібердім. Сегіз рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім

– Дәулет, ең бірінші кезекте оқыр­ман­­дарымыз не себепті ба­луан­дық өнер­ді таңдағаныңды білгісі ке­леді?

– Менің анам ұзақ жылдар бойы Жаңақорғандағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істеді. Үй шаруасынан қолым босаған кезде анаммен бірге аталған білім ордасына еріп баратынмын. Ол жерде әбден айызым қанғанша ойнап, өзім құралыптас балалармен алысып-жұлысамын. Содан бірте-бірте күреске құмарта бастадым. Спорттың осы түріне қабілетімнің барын байқаған бапкерлер көп ұзамай мені өз қарамақтарына алды. Аудан орталығында алғашында Болат Сабырхановтың, одан кейін Әбутәліп Амановтың қол астында жат­тықтым. Шеберлігім шыңдала келе жарыстарға қатыса бастадым. Түр­лі турнирлерде жүлделі орындарды ие­ленгеніммен, біраз уақытқа дейін ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізе алмадым. 2006 жылы мектеп-интернатты тәмамдап, Алматыға аттандым. Қорғаныс министрлігіне қарасты армияшылардың орталық спорт клубының (АОСК) колледжіне қабылданып, танымал бапкер Олег Ушановтан тәлім-тәрбие алдым. Сөй­тіп, Алатау баурайына келіп, жүйелі түрде жақсылап тұрып жат­тыққаннан кейін жолым ашылды.

– Республикалық деңгейдегі додаларда өзінің тырнақалды табысыңа қай кезде қол жеткіздің?

– 2009 жылы Ақтөбеде ұйымдас­тырылған жастар арасындағы ел бірін­шілігінде күміс медальды иелендім. Тыр­нақалды табысым сол.

– Содан ересектер дуына түсе бас­та­дың. Ол кезде сен өнер көрсеткен сал­мақта қай балуанның десі басым болды?

– Елішілік жарыстарда да, халық­аралық додаларда да жеңіл салмақ дәре­желерінде бәсекелестік деңгейі әркез өте жоғары екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Мәселен, мен ересектердің ел чемпионатына алғаш рет 2010 жылы қатыстым. Қарағандыда өткен жарыс­та Руслан Сексенбаев, Әсет Серікбаев және Аслан Жанаханов сынды танымал балуандардан басым түсіп, бас жүл­дені олжаладым. Сол кезде Сыр бойы жан­күйерлерінің шаттанғандарын көр­сеңіздер. Сөйтсем, ширек ғасырдан аса уақыт бойы Қызылорда облысынан еркін күрестен ел чемпионы шықпаған екен. Сол үзілген дәстүрді жалғастыра алғаныма қуандым. Сондай-ақ мен өнер көрсеткен салмақ дәрежелерінде жо­ғарыда есімдері аталған дүлдүлдерден бөлек, Бауыржан Оразғалиев, Жасұлан Мұхтарбекұлы, Саятбек Оқасов, Расул Қалиев, Ғабит Төлепбаев, тағы басқа саңлақтар болды.

– Сол кездері республикамыздың бас командасы сапына қабылдан­ға­ныңмен, халықаралық аренада біраз­ға дейін бағың жанбай жүрді емес пе?

– Оныңыз рас. Қазақстан чемпионы атанғаннан кейін бірқатар байрақты бәсекелерге қатыстым. Бірақ жауапты жарыстарда жеңілістің кермек дәмін таттым. Сөйтіп, бір жыл бойы сәтсіздіктің шырмауынан шыға алмай жүрдім. Кейіннен ойланып көрсем, оның барлығы тәжірибенің аздығынан екен. Шыны керек, ол уақытта мен халықаралық жарыстарға тым сирек қатысатынмын. Жастардың Азия біріншілігі мен Якутияда өтетін Дмитрий Коркиннің турнирінде үшінші орынға табан тіредім. Бар-жоғы осы ғана. Міне, сол кезде кейбір мысықтілеу адамдар сыртымнан алыпқашпа сөздер айта бас­тады. Олардың әңгімелері «Ниязбеков Қазақстан чемпионатын кездейсоқ ұтты» дегенге сайды. Сол кезде мені санаулы ғана адамдар қолдады. Солардың бірі әрі бірегейі Садық Мұстафаев еді. Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған ағамыз менің барлық шығынымды көтеріп, Дағыстанға жіберді. Сөйтіп, екі ай бойы сол жақта даярландым. Дағыстандықтар да қазақтар секілді өте қонақжай халық екен. Сол елдің бапкерлері және балуандарымен тез-ақ тіл табыстым. Бұл сапардың маған бергені көп. Ең бастысы, мен өз күресімді таптым. Көп кешікпей, 2011 жылы Орал­да ұйымдастырылған Қазақстан чемпио­натында барлық қарсыласымды ұтып, алтын тұғырға көтерілдім. Сол жарыстың жартылай финалында Әсет Серікбаевқа сан соқтырсам, финалда Расул Қалиевты қапы қалдырдым.

– Ел чемпионы ретінде сен 2011 жылдың мамыр айында Азия чемпио­натына қатысуың керек еді. Бірақ Өзбекстанның бас шаһарында бой көрсетпедің...

– Ол кезде мен әр жарыс сайын шамамен сегіз килодай салмақ қуа­тынмын. Бұл ағзаға өте ауыр. Содан жеке жаттықтырушыммен келісе отырып, Ташкентке барудан бас тарттым. Аймақтың спорт басшысы Садық Мұстафаев ұлттық құраманың бас бапкері Алтай Таңабаевқа жағдайды түсіндірді. Ол кісі қарсылық білдірген жоқ. Содан мен барлық шаруаны ысырып қойып, әлемдік додаға тыңғылықты даярландым.

– Егер тарихқа үңілсек, қазақтың еркін күрес шеберлері арасынан төрт­күл дүниенің ең мықты балуандары бас қосқан бәсекеде жүлде алу ба­қы­ты жалғыз Мәулен Мамыровқа ға­на бұйырған екен. Алаштың алтын асықтай ұлы 1997 жылы Крас­ноярскіде өткен жарыста қола ме­дальды олжалады. Арада 14 жыл өт­кен­­нен соң сен Мәу­леннің ерлігін қай­­талап, сол биік­ке көтерілдің. Енді сол мерейлі сәт, яғни 2011 жылы Ыс­тан­бұлда жалауы желбіреген әлем чем­пио­наты жайында егжей-тегжей әң­гімелеп берсең...

– Анадолы елінде өткен жарысқа аттану үшін маған әуелі еліміздің тағы бір белді балуаны Ғабит Төлепбаевтан мықты екенімді дәлелдеу қажет болды. Бапкерлер сондай талап қойды. Содан екеуміз Киевке аттандық. Ғабит Украи­наның астанасында тұсауы ке­сілген турнирдің алғашқы айналымында сүрінді. Мен бастапқы екі бә­секеде басымдық танытып, үшінші ке­зеңде екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия ойындарының жеңімпазы, өзбекстандық Ділшод Мансуровқа есе жібердім. Ал үшінші орын үшін тартыста Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы, болгариялық Радослав Великовты жеңіп, үшінші орынды ие­лендім. Осылайша, маған дүниежүзілік додаға жол ашылды.

Ыстанбұлда Лондон Олимпиа­да­сының лицензиялары сарапқа салын­ғандықтан қатысушылардың саны да өте көп болды. 16 мың көрерменге есептелген «Синан Эрдем» аренасында 104 мемлекеттен келген 900-ден аса балуа­н күш сынасты. Бастапқы бәсекелерде грекиялық Лоанис Иванидис пен құр­лық чемпионы, Әлем кубогінің қола жүлдегері, әзербайжандық Махмуд Ма­­го­медовтен басым түстім. Одан кейін Ресейдің атақты балуаны Виктор Ле­­бедевтен ұтылдым. Жұбаныш бел­де­суінде қырғызстандық Нұрлан Ме­ке­н­әлиевті жеңіп, қола медаль үшін сайыста армениялық Михран Жабурянды ұттым. Келесі күні 60 кило салмақта бақ сынаған Дәурен Жұмағазиев те үшінші орынға тұрақтады. Осылайша, қос қазақ Анадолы елінен олжалы оралдық.

– Содан кейін арада сегіз жыл өт­кен­нен соң әлем чемпионатында қай­та жеңіс тұғырына көтерілдің. Бұл жолы күміс жүлде бұйырды. Бірақ несіне жасырайық, сол жарыста күллі Қазақстанның жанкүйерлері сенен алтын медаль күткен еді...

– Менің де мақсатым сол еді. Ас­танада алтын алып, күллі Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлесем деп армандадым. Иә, аталған жарысты өте жақсы бастадым. Тайпейлік Ю-Сун Чан, германиялық Александр Семисоров, моңғолиялық Тулга Тимур Очир және үндістандық Бажранг Пунияны ұтып, ақтық сында күш сынасу құрметіне ие болдым. Бірақ финалда ресейлік Гаджимурат Рашидовқа есе жібердім. Шынымда айтсам, шешуші тұста не қырсық шалғанын өзім де түсіне алмадым. Құлшынысым күшті болғанымен, денем мені мүлде «тыңдамады». Нәти­жесінде, қол-аяғым тырысып, әлем чем­пионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионына жарытып қарсылық көрсете алмадым.

– Спортшы атаулының бар­лы­ғы­ның да арманы – Олимпия ойындарында атой салу. Сен 2012 жылы Лондон және 2021 жылы Токиодағы додаға қатыстың. Екі ретінде де жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орынды қанағат тұт­тың. Бұл бәсекелерде бабың кем болды ма, әлде бағың жанбады ма?

– Лондонда төрт кездесу өткіздім. 1/8 финалда америкалық Сэм Хазевинкелмен айқастым. Оның әкесі Дэйв пен ағасы Джим де кезінде мықты күрескен. Екеуі де ертеректе Олимпия ойындарын­да бақ сынаған екен. Хазевинкелді 5:1 есебімен ұттым. Ширек финалда өзімнің құрдасым Ахмет Пекермен күш сынас­тым. Түркияның тастүлегі жастар арасында үш дүркін әлем чемпионы атанып, ересектердің Еуропа біріншілігінде қола медальды қоржынға салған. Пекерді 3:1 есебімен еңсердім. Жартылай финалда ресейлік Жамал Омарсұлтановпен жолықтым. Үш дүркін Еуропа чемпио­нын еңсере алмадым. Ал қола медаль үшін бәсекеде Солтүстік Кореяның өкілі Кионг Янгке есе жіберіп, бесінші орында қалып қойдым. Ол кезде салмақты дұрыс қуа алмадым. Сәтсіздіктің басты себебі сол деп ойлаймын. Тоғыз кило артық салмақтан арыламын деп, өз-өзімді қатты зорықтырып жібердім. Бастапқы бәсекелерде намысқа тырысып, діттеген мақсатыма қол жеткізгеніммен, шешуші тұста қатты әлсіреп қалдым.

Токио Олимпиадасы қарсаңында бапкерлердің «65 кило салмақта кімді күрестірсек» деп, біраз бас қатыруларына тура келді. Негізгі үміткерлер – мен және Саятбек Оқасов екеуіміз. Ол кезде мойныма жа­рықшақ түсіп, сол дерт қатты мазалап жүрген. Тіптен, ауруханаға жатуға да тура келді. Соған қарамастан қалай да Олимпия ойындарына баруды көздедім. Бапкерлер біраз ойлана-толғана келе екеумізді Польшадағы турнирге апаруды құп көрді. Ол жарыста Саятбек те, мен де үшінші орынды еншіледік. Содан Алматыға оралғаннан соң екеумізді бір ғана жаттығу барысында үш рет күрестірді. Бұл бәсекелердің барлығын да менің мерейім үстем болды. Содан Жапонияға жол тарттым. Тұсаукесер кездесуде әлем чемпионатының екі дүр­кін қола жүлдегері, Әлем кубогі мен Панамерика ойындарының жеңімпазы, өз құрлығының үш дүркін чемпионы, кубалық Алехандро Вальдесті 10 ұпай айырмашылығымен ұттым. Келесі кездесуде Рио Олимпиадасының қола жүл­дегері, әлем мен Еуропаның үш дүр­кін чемпионы, Еуропа ойындарының жеңімпазы, әзербайжандық Гаджи Әлиевтің осал тұсын таба алмадым. Жұбаныш белдесуде сенегалдық Алам Диаттенің аяғын көктен келтірдім. Сол кезде мойнымдағы жарақатымды асқындырып алдым. Соның салдарынан қола медаль үшін тартыста әлем чемпионатыда жүлде алып, Азия ойындарында алдына жан салмаған үндістандық Бажранг Пунияға жол бердім.

– Қазақстан чемпионатында қанша рет жеңімпаз атандың?

– Ересектер дуында өнер көрсеткен 12 жыл аралығында ел чемпионаттарында 55, 60 және 65 кило салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп, тек бір рет қана ұтылдым. 2017 жылы өткен біріншіліктің финалында Саятбек Оқасовқа есе жібердім. Сегіз рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Тағы екі жарыстан босатылдым.

– Үлкен спортпен қош айтысуыңа не түрткі болды?

– Спортта аз жүрген жоқпын. 32 жасыма дейін күресіп, бұйырған несібемді алдым. Бірақ соңғы кездері жарақаттар да жиі мазалады. Содан Токио Олимпиадасы аяқталғаннан кейін осындай шешімге келдім. Көп ұзамай республикалық күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыхановтың қол­дауымен Қазақстанның жас­өспі­рімдер құрамасының аға жаттық­тырушысы болып тағайындалдым.

– Дәулет, осы жауапты қызметті атқарып жүргеніңе бір жылдан аса уақыт өтті. Сол аралықта сен жаттық­тырған команда қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Жетістігіміз жаман емес. 2022 жылы балғын балуандар (U-15) арасында Бахрейнде өткен Азия біріншілігінің жалпы есебінде үшінші орынды иелендік. Ол жарыста екі өреніміз жеңіс тұғырына көтерілді. Бішкектегі жасөспірімдердің (U-17) құрлық біріншілігінде 2 алтын, 2 күміс және 4 қоланы олжалап, коман­далық сайыста екінші сатыға жай­ғастық. Алатаудың арғы бетінде Нұр­данат Айтанов (57 кило) пен Камил Круглиев (92 кило) алдарына жан салмады. Содан тамыз айында Апеннин түбегіне аттандық. Римде жалауы жел­біреген әлем біріншілігінде (U-17) екі жерлесіміз бас жүлдені олжалады. Олар – Дарын Әскербек (55 кило) пен Камил Круглиев (92 кило). Дәл осындай көрсеткішке Қазақстанның еркін күрес шеберлері сонау 2011 жылы қол жет­кізген екен. 11 жылдан кейін біз сол нәтижені қайталадық. Ал дәл осы жастағылардың дүниежүзілік додасында біздің балуандардың даралана алмай жүргеніне тоғыз жыл болған екен.

– Бұрын еліміздің белді балуан­дарының бірі әрі бірегейі болсаң, бүгінгі таңда білікті бапкер ретінде өзіңді мойын­дата бастадың. Осы орайда, маман ретінде сені күрес сала­сында қандай мәсе­лелердің толған­дыра­тынын біл­гіміз келеді?

– Ең бірінші кезекте кадр мәсе­лесіне жіті назар аударған жөн. Күні кеше ғана үлкен спорттан қол үзген атақты спортшыларды бапкерлік қыз­метке көптеп тартуымыз керек. Ірі дүрмектерде ысылып, дүбірлі додаларда дараланған балуандардың көргені мен білгені, көңілге түйгендері көп. Олар жеңіске жетудің жолын жақсы біледі. Және де соны жастарға үйрете алады. Ал жас өрендер өз кезегінде әккі спортшыларға қарап бой түзейді. Өздерініңіз байқасаңыздар, Тараздағы Руслан Сексенбаев, Өскемендегі Жан­болат Мағзұмов пен Алматыдағы Расул Қалиевтің бапкерліктің қамытын ки­геніне аса көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан бұл жігіттер қазірдің өзінде өте жақсы жұмыс істеп, мықты шәкірттер тәрбиелеп жүр. Бүгінгі таңда халықаралық аренада ел намысын абыройлы қорғап жүрген Нұрлан Бекжанов, Данияр Қайсанов және тағы басқа белді балуандардың ерте ме, кеш пе, үлкен спортпен қош айтысатыны анық. Соларды бірден жаттықтырушылық қызметке тартуымыз керек. Бұл үрдіс бүкіл әлемде бар. Байқасаңыздар, Жапо­ния, Оңтүстік Корея және Еуропаның жетекші мемлекеттерінің ұлттық құрама командасындағы бапкерлерінің барлығы да кезінде Олимпия ойындарында немесе әлем чемпионатында атой салған апайтөстер. Бізде осы тәжірибені өзімізге енгізуіміз керек.

– Әңгімеңе көп рахмет, Дәулет! Бап­керлік кәсіпте де бағыңның жануына тілектеспін.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»