• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 22 Ақпан, 2023

Еден астындағы егеуқұйрық

392 рет
көрсетілді

Қысқаметражды фильм жас режиссерлер шығармашылығының өзегі іспетті. Жарты сағаттың айналасында көрерменнің жүрегіне жол салу әрі алғашқы аяқалысы арқылы өз қолтаңбасынан хабар беру тәжірибесі мол кәсіби шебердің өзіне де оңай емес. Бір сөзбен түйіндегенде, қысқаметражды фильм «мен киноға келдім» деген хабаршы. Бұған дейін «Шу-Чу» атты фильм түсірген әнші, композитор, продюсер, актер Жантемір Баймұхаметов жақында «Егеуқұйрық» атты екінші фильмін көрерменге тарту етті. Өзін режиссер ретінде дәлелдегісі келген өнер адамының салмақты жұмысына назар аудармау мүмкін емес.

Фильм сюжеті түрмеде жазасын өтеп қайтқан музыканттың бос­тандыққа шыққаннан кейінгі өмірін суреттейді. Келсе, кеңес одағы жоқ, қаланың бәрі үлкен базарларға айналып кеткен, сартылдап жұмыс істеп тұрған өндіріс ошақтарының үні өшкен. Басталған сәтінен тоқсаныншы жылдардың тоқырауына сүйреп әкететін фильм­де сол кезеңге тән барлық шындық сақталған. Талғаммен екшеліп алған әр детальдың дәлме-дәл көрініс табуы жалпы фильмнің шынайы шығуына әсер еткен. Фильм оқиғасы кешегі қылмыскерге тегін берілген бір бөлменің ішінде өтіп жатыр. Терезе газетпен бүркемеленген, үстел үстінде дастарқан орнына газет жайылған. Отбасынан айырылған, жұмыссыз, болашағы бұлыңғыр, жалпы, ертеңгі күнінен үміті жоқ кешегі қылмыскер құрғақ отыны шытырлай жанған буржуй пештің түбінде шалқасынан жатып гитара шерткеннен ғана жаны жай, жылу табады. Ертелі-кеш гитарасын сабалағаннан басқа ермегі жоқ. Ги­тара әуені естілгенде, екі қабатты ескі үйдің еденін тесіп ін жасап алған егеуқұйрық жылтыңдап төбесін көрсетеді. «Сотталған» деген жақсы ат емес, сыртпен байланысы үзілген, жалғыздықтан жаны күйзеліп жатқан бейбақтың тышқаннан өзге жақыны жоқ. Шекесінен шертпек түгілі, арнайылап ән салып беріп, мақұлықты дос тұтатын болған. Сүйкімді ке­міргішке «Люси» деп ат қойып, ақ тәрелкеге салып алдына ас қойған. Міне, ғажап, гитараның сыңсып салған сазы бөлме ішіне төгіле бас­тағаны сол еді, інінде жатқан кәрі тышқан тұмсығына сарықұлақ бір сомды түйреп алып, сыртқа беттеп келеді. Құрым шай, қара наннан өзге талғажау етер түгі жоқ бұрынғы сотталушы егеуқұйрықтың мұр­тына шаншылған ақшаны көр­генде көзі жайнап, көңілі иіп, алғыс есебіне тағы бір әуенді төгілте жөнеледі. Таң­ертең тұрып қолына тағы да гитарасын алады. Басы қылтиып егеуқұйрық інінен шығып келеді, тұмсығында 3 сом... Ертеңінде 5, ар­ғы күні оттай жанған 10, одан арғы күндері жарық дүниеге жылт еткен сенімін оятқан жап-жал­пақ, күлгін түсті 25 сом, содан кейін кеңестік адамдарға кө­рін­бей өткен 50 сом, күн сайын егеу­құйрық әкелетін ақшаның есе­бінен жаңылып, шкаф суырмасын кассаға айналдырған кейіпкердің қуанышында шек жоқ. Бойында жігер пайда болып, талай жыл өрмекші торлап тастаған сүңгілерді сүртіп, терезедегі күнді көлегейлеген қағазды сыпырып, бөлмені жуып-шайып, тау қопарардай құлшынып жүр. Ін астынан келіп жатқан бел­гісіз байлық кейіпкердің өмірін әп-сәтте өзгертіп жібереді. Бір күні ол көшеден кешегі камералас досын кезіктіріп, үйіне қонаққа ертіп келеді. «Оңбағанның тұрмысының тәуірін қарай көр» дейді қонақүй иесі ас әзірлемекке сыртқа шыққан бойда, қызғанышпен жан-жағын қызықтап, гитараны қолына алып, даңғырлата бастағаны сол еді, Люси көрінді. Көрген бойда, екі аттап жетіп барып, жалпақ табанымен жаншыды да тастады. Камераластар қызылшеке болып төбелесіп, тышқан үшін жанын беруге бар досын пы­шақтап тастап, жәндікке жаны ашы­ғанын түсінбеген күйі жөніне ке­теді. Есін жиған кейіпкер «еден ас­тындағы егеуқұйрық мұншама ақ­шаны қайдан алады?» деген сұ­рақ­ты бірінші рет қойып, қолына құ­ралын алып шегелерді суырып, бөл­мені қопарғанда, екі көзі атыздай болады...

Ең қызығы, кинодағы компью­терлік графиканың көмегіне жү­гінбей, осының бәрін тышқан тірідей өзі орындап жүр. Арыстан да, аю да, тотықұс та үйретіледі, ал үйретілген тышқанды және актер болып ойнап жүрген тышқанды алғаш рет көргендердің таңданысы алабөтен. Режиссер ойлағанының толықтай орындауын тапқанына шексіз риза екенін айтып, жабық көрсетілімге тілшілерді шақырып, құпиясын жайы­п салды.

«Бұл – өмірде болған оқиға. Адам мен егеуқұйрық дос болған. Адам айтса нанғысыз достық туралы баяндаған мақаланы «Ленинская смена» газетінің 1984 жылғы бір санынан анам маған оқып бергеннен кейін талайға дейін әсерінен айыға алмадым. Бұл идеяны 4-сыныптан бастап ішімде тербетіп келемін. Қырық жыл бойы жүрегімде жасырулы жүретін шымыр идея ақыры фильм болып жарыққа шықты», дейді ел ішінде «Жантик» деген атпен танылған шоумен, режиссер Жантемір Баймұхаметов.

Фильмде басты рөлде музыкант Сәкен Молдахметов ойнайды. Режиссерге қазақтың Василий Шукшинін табу оңайға соқпаған, қылмыскердің рөлін сенімді ойнамаса, идея қаншалықты маңызды болса да, көрермен тарапынан жалпы фильм қабылданбайды. Осындай қиындығын ескерген Ж.Бай­мұ­ха­метов актерді тоқсаныншы жыл­дың тауқыметін өз басынан өткерген «ел ішінен» іздеуді жөн санайды. «Ондыққа» дәл тигізгеніне қа­рағанда, еңбегі далаға кеткен жоқ.

«Жантик мені басты рөлде ой­науға шақырғанда, таңғалдым. Мен кәсіби актер емеспін, тіпті киноның маңынан жүрмеген адаммын. Әп сәтте бойымды бір әуестік билеп кетті. «Ойнасам, ойнайын» деп шештім. Сөйтіп, ешқашан актер болуға ұмтылмаған адам аяқастынан Шотландияда үздік рөлдің иесі атанып шыға келеді. Өңім бе, түсім бе, түсіне алмаймын. Жантикке ризамын, алғыстан басқа не айтамын?» дейді Сәкен Молдахметов.

«Егеуқұйрық» фильмі – мо­нофильм. Себебі жал­ғыз адамның ойы­нын­да айтарлықтай талас-тар­тыс, ши жүгіртіп шие­леніс­тіретін шайқас та жоқ. Со­ған қарамастан баяу бас­­­тал­ған сюжет желісі драмалық даму ше­гіне жеткенше экранға тел­­міртіп, ін ішінен ақша тасып жүрген тышқанның тірлігі елік­тіре түседі. Өзі қысқаметражды бол­ға­нымен, пәлсапалық мазмұнға ие психологиялық драманың қат­пары қалың. Тышқанды көрген бойда, түрме көрген кәнігі бандит баукеспелігін істеп, етігімен жіберіп ұрса да болар еді, інін талқандап, у сеуіп, арам қатырса да болар еді. Тиіспеді. Керісінше, қара тұтып, дос көрді. «Отырып» келген адамға тән қасиет емес, кейіпкердің осы мі­незінің өзі-ақ қоғамда «қылмыскер» деп оқшауланған жанның адам түгілі, мақұлықтың өзіне көрскеткен мына аяушылығы, мейірімі жан-жүрегінің тереңінде әлі қанша ізгі мінезінің жасырулы жатқанына меңзеп, адамның шексіз әлемін танып, үңіле түсуге мәжбүрлейді.

Тышқан бұған дейін тек анимация кейіпкері болып келді, қыс­қаметражды көркем туындыға алғаш рет түскені өз алдына, көрер­менге тәрбиелік мәні бар ой тастады. Фильм режиссері кешегі адамдардың ділін, дүниені қабылдауын сол кезеңдегі әміршілдік идеология таңған асқақтықтан және бүгінгі әкім­шілік көзбояулардан аршып, осы уақыттағы замандастың көз­қарасымен бүкпесіз көрсетеді.

Бұған дейін фильм Мальтадағы халықаралық қысқаметражды фильм­дердің мерейлі 60-фестива­лінің Гран-приін жеңіп алған болатын. Бәйгеде 60 елден қатысқан 320 режиссердің туындысы са­рапқа салынғанын ескерсек, Қазақ­стан режиссерінің топ жаруы ай­тулы жетістік. Ізін ала халық­аралық ірі байқаулардың бірінен сана­латын Бразилиядағы Sao Paulo International Film Festival форумының бас­ты сыйлығын ие­ленді. Ресейде өте­тін «Киномышь» халықаралық қыс­­қаметражды фильм­дер фес­ти­ва­лінің бас жүлдесі де осы ки­но­лентаға бұйырды. Макао­­да өткен халықаралық қысқа­метраж­ды фильм­дер фестивалінде «Егеу­құй­­рық» ең үздік фильм атанды. Шот­ландияның Глазго қаласын дү­бірлеткен кино­фестивальде де «Егеу­­құйрық» үздік үш­тіктің қата­рынан көрінді. Еу­ро­па­лық Future of Film Awards кино фо­ру­мы кар­тинаны құр­метпен атап өтті.

Шындықты азаппен, сынақпен таныған адам жанының шырылы, қарайған жүрек, бұзылған ниетті қалпына келтірген еден астынан шыққан шонжар егеуқұйрықтың ізгі әрекеті қараңғыда жанған шырақ сияқты тамашалаған жанның санасына жіңішке сәулесін түсіріп, адами бастау-бұлағына шақыратыны сөзсіз.

 

АЛМАТЫ