Адамзаттың қыр соңынан қалмай келе жатқан аурудың бірі туберкулез болғанымен, бүгінде одан құлантаза айығуға болатынын жұрт біледі. Мәселен, отандық фтизиопульмонологтер кейінгі 5 жылда 53 мыңдай науқасты ажалдан арашалап қалған. Алайда осы кеселді емдеу барысында бірқатар түйткіл бар екен.
Таралу қарқыны төмендей бастады
Қалай десек те, Қазақстанда кейінгі жылдары туберкулезге шалдығу, өкпе құртынан келетін өлім-жітім көрсеткіштері тұрақты түрде кеміп келеді. Жалпы, дүниежүзінде бұл статистика жылына 1-2 пайызға төмендеп жатқаны қуантады. Елімізде 2018 жылы туберкулезге шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 48,2 болса, 2022 жылы бұл шамамен 36,5-ке дейін азайып, 24,3 пайызға кеміді. Балалар арасында 2018 жылы 100 мың адамға шаққанда 11,9 болса, 2022 жылы 100 мың адамға шаққанда 8,8 науқасты құрап, ауру көрсеткіші 26,1 пайызға төмендеді. Туберкулездің таралу қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 28,2 пайызға, ал туберкулезден болатын өлім-жітім 41,7 пайызға төмендеді.
Ал енді отандық медицинаны осынау табыстарға жетелеген себептер бар. Қазақстан туберкулез дертін емдеу тиімділігі бойынша әлемде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген елдер қатарына кірді. Бұл бірінші кезекте мемлекет қолдауымен елге әкелінген тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектермен оңтайлы әдіспен емдеудің нәтижесінде іске асып жатыр. Мәселен, ДДҰ стандарты бойынша дәріге төзімді туберкулез түрін емдеу тиімділігі 85 пайыз болуы керек делінсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 88,2 пайыз деңгейінде. Дәріге төзімді туберкулез түріне келсек, ДДҰ стандарты бойынша емдеу тиімділігі 75 пайыз болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 80,2 пайыздан асады. 2021 жылы бірінші рет анықталған науқастар арасындағы дәріге төзімді туберкулез түріне душар болған пациенттерді емдеу тиімділігі 88,2 пайызға жетті, ал ДДҰ стандарты 85 пайыздан кем болмауға тиіс деп көрсетеді.
Қазақстанда туберкулезді анықтау, емдеу, алдын алу іс-шарасы 15 облыстық және Астана мен Алматы қалаларындағы фтизиопульмонология орталықтарына жүктелген. Бұл орталықтардың жұмысын үйлестіру, оларға әдістемелік, ұйымдастыру жағынан көмек беру ісімен Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы (ҰФҒО) айналысады. Бұл орталық ДДСҰ, Жаһандық қор, USAID секілді халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыса отырып, туберкулезді емдеудің ең озық әрі тиімді әдістері мен дәрілік препараттарын елімізге жеткізіп отыр. Қазақстанда туберкулезді анықтау және диагностикалауда ДДҰ-ның ең соңғы ұсынымдарына сай келетін барлық диагностика әдістері қолданылады.
Барлық аймақтағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру мекемелерінде туберкулезді анықтайтын заманауи ПТР диагностикасы (Xpert MBT/RIF) бар. Мұндай генді-молекулярлы әдіс 2 сағат ішінде ағзадағы туберкулезді ген дәрежесінде анықтап қана қоймай, оның рифампицин секілді дәріге төзімділігін де көрсете алады. Нәтижесінде, алғашқы күннен бастап науқасқа дұрыс ем-дом жүргізуге мүмкіндік береді. Ал облыстық фтизиопульмонология орталықтарында туберкулезге қарсы препараттарға төзімділіктің барлық түрін анықтап беруге көмектесетін бактериологиялық әдістер қолданылады.
ҰФҒО мамандары «Телемедицина» көмегімен барлық өңірдегі дәрігерлерге күрделі және аса ауыр жағдайларға қатысты ақыл-кеңес бере отырып, тұрақты түрде консилиумдарға қатысады. Туберкулезге қарсы ұлттық бағдарлама аясындағы өңірлердегі іс-шаралардың қалай жүзеге асып жатқанын ҰФҒО мамандарынан жасақталған мониторинг және бақылау тобы үнемі назарда ұстап отыр. Оған қоса мониторинг және бақылау тобы әр іссапар немесе тексерулерден кейін жергілікті денсаулық сақтау басқармасы, аурухана мен емхана, фтизиопульмонология орталығы басшыларының қатысуымен анықталған кемшіліктерді жою бойынша кеңес өткізіп, тиісті нұсқау береді.
Осы арада бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Коронавирус індетінің салдары туберкулезбен күрес қызметінің нәтижесіне де салқынын тигізбей қоймады. Коронавирустық шектеу шараларының кесірінен халық арасындағы жаңадан туберкулез жұқтырғандарды жедел анықтау, емделуді үзбеу мәселелерінде қиындықтар туды. Ол туберкулезбен ауыру көрсеткішінің қайта өсуіне әкелді. Мәселен, 2021 жылы 6 824 адам ауырса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 7 164 адамға жеткен.
«Туберкулез – ұлт қауіпсіздігіне қауіп төндіретін індет деңгейіндегі дерт. Елімізде туберкулезді анықтау мен емдеуді мемлекет толық өз мойнына алғандықтан, диагностикалау, емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне жатады. Туберкулез жұқтырды деп күдікке ілінген науқас міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлеген-төлемегеніне қарамастан мемлекет есебінен тегін тексеріліп, ем-дом алады», дейді ҰФҒО жетекшілері.
Туберкулез жұқтырғандарды қоғам жақтыра ма?
Осылай дей тұрсақ та, өкінішке қарай, елімізде туберкулезді емдеуге қатысты түйткілдер бар. Бірінші кезекте осынау әлеуметтік маңызы бар кеселге шалдыққандарды кемсіту мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. Айналып келгенде қоғамдық алалау белгілі бір топтың құқықтарын шектейтін әрекеттерге әкелуі ғажап емес. Елімізде туберкулез жұқтырған адамнан ел үрке қашады, сол себепті науқас өзінің туберкулезбен ауырғанын жасыруы мүмкін. Туберкулез жұқтырғанын білген адам «менен енді бәрі теріс айналады, бұл менің бойымдағы кемшілік» деген оймен ауруын жасыруы, өзінің ортасынан қол үзуі мүмкін. Осы жерде айта кететін жайт, туберкулез – тұқым қуалайтын ауру емес.
Алалау мен кемсітудің кесірі туберкулезбен ауыратын науқасқа ғана тимейді. Мәселен, ұзақ жылғы зерттеулер туберкулезбен ауыратын адамдарға қатысты стигма мен оларды кемсіту туберкулездің кең таралуына ықпал ететінін көрсетті. Туберкулез – стигма дендеп кеткен тақырыптардың бірі. Бұл дерт туралы көп білмегендіктен науқастар өздерін жазылмайтын аурумын деп есептеп, дәрігерлік көмекке жүгінбеуі де ықтимал. Сауатсыздық салдарынан адамдар әлі де туберкулезбен ауыратындарға стигма көзқарас ұстанады және олардан бойын аулақ салатыны өтірік емес. Ауруды жұқтырып аламын деген үрейдің соңы отбасының бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Шындап келгенде, туберкулез – дер кезінде және үзбей дұрыс ем алса құлантаза жазылатын ауру. Ем қабылдай бастаған соң науқас бірнеше күннен соң төңірегіне микобактерия таратпайтын қауіпсіз болады. Мысалы, біз туберкулез орталығына келгенде, сақтанып маска киіп аламыз да, ел аяғы көп жүретін жерде маска тақпаймыз. Керісінше, нағыз қауіп емделіп жатқан жандардан емес, ауруы әлі анықталмаған немесе жасырған, емделмей жүрген көшедегі жандардан келетінін білуіміз керек. Сондықтан санамызға дендеп кірген алалау мен кемсітуді жою үшін не істеу керек деген сұрақ күн тәртібінен түскен жоқ. Мұны жоюдың төте жолы – туберкулез туралы дұрыс ақпаратты қоғамға кеңінен тарату. Және туберкулез жайлы деректерді интернеттегі түрлі сайт немесе әлеуметтік желідегі әрқилы топтардан емес, құзырлы мекемелердің ғаламтордағы парақшаларынан алған дұрыс.
Осы ретте ҰФҒО халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып туберкулез, стигма, кемсіту туралы ақпараттық материалдарды үздіксіз әзірлеп, жариялап, таратумен келеді. Үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік арқылы туберкулез, стигма, кемсіту проблемалары туралы ағарту жұмыстары үзілген емес. Өйткені алдымен науқасқа бірінші кезекте жақындарының, төңірегінің қолдауы ауадай қажет. Бұл – құлантаза айығуға бастайтын маңызды алғышарттың бірі. Туберкулезге кез келген адам душар болып қалуы ықтимал екенін, ауырғаны үшін ешкім өзін кінәламау керек екенін түсінген, бұл жайтты дұрыс қабылдаған дамыған қоғамда туберкулез індеті әлдеқашан жойылғаны – осының айқын дәлелі. Қарапайым ғана мысал – тұмау, тіпті коронавирус жұқтырған адамды кемсіту, оған алапес адамдай қарау ешкімнің ойына да келмейді ғой?! Туберкулез де сондай қатардағы аурудың бірі. Бірақ оны елемесек, оны осы індетті қоғам болып жеңуге көмектеспесек, өте қатерлі екенін де ұмытпауымыз керек.
Емге жауапкершілікпен қараған жөн
Ал енді біз тілдескен туберкулез мәселесімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар бірқатар мәселені алға тартып отыр. Олардың айтуынша, әлеуметтік осал топтардың туберкулезге ұшырауы әлеуметтік қауіпсіздіктің болмауы, яғни бұл науқастардың жұмысынан айырылу, несие, коммуналдық қызметтерді төлей алмау сияқты мәселелер туындатады. Не болмаса айналасындағылардың кемсітуіне душар болып, тіпті жақындары да қолдау көрсетпей жататын жайттар бар екен.
Қоғамға бейімделмеген әлеуметтік осал топтар – баспанасыз, үйсіз-күйсіз көше кезгендер, есірткі мен ішімдікке тәуелділер және бұрын сотталғандар. Әлбетте, мұндай пациенттер нақты бір емханаларға тіркеле бермейтіндіктен, олардың бәрінде бірдей дәрігерлерге тексеріліп, арнайы мамандарға қаралуына мүмкіндік жоқ. Бұған қоса туберкулезге шалдыққандардың жұмысқа тұруы қиын. Адам туберкулезден толық жазылса да, сау адам қатарында болса да, оларды жұмысқа алмауға тырысатын жұмыс берушілер де кездесіп қалады.
Туберкулезді емдеу 20 айға дейін, екі жылға жуық уақытты қажет ететіндіктен, оның әлеуметтік, психологиялық жағымсыз салдарларын қосыңыз. Науқастардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы стационарларда жатып емделетіндіктен, олардың бір бөлігі МӘМС жарналарын төлей алмайды. Бұл дегеніңіз қазіргі медициналық жүйеде олардың толыққанды ем-дом алуға, емханаларға қаралуға кедергілер бар деген сөз. Бұл ретте CFCS қорының 10 жобасы туберкулезден зардап шеккен адамдар қауымдастығы өкілдерінің медициналық-әлеуметтік көмек алудағы кедергілерді жоюға жұмыс істеп жатқанын да қоса кетуге болады. Бұл бастама 2022 жылдың сәуір айынан бері «Stop TB Partnership» және «Денсаулық жолындағы серіктестер» ҮЕҰ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
«Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы туберкулезбен ауырған науқастарды емдеуден бөлек, оларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне де ерекше мән береді. Әр облыс басшылығымен жергілікті бюджет есебінен туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек беру жөнінде тұрақты түрде келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде ем алып жатқан науқастарға түрлі формадағы әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Өйткені науқасқа дұрыс емнен бөлек, психологиялық, әлеуметтік қолдау беру де аса маңызды», дейді ҰФҒО өкілдері.
Қалай десек те, қазірге туберкулездің алдын алу, асқындырмай анықтау, дер кезінде емдеу көкейкесті күйінде тұр. Халыққа міндетті флюорографиялық тексеруден өтудің маңыздылығын ұдайы қаперге салып отыруға тура келеді. Осы ретте отандық фтизиопульмонологтер туберкулез дертінің негізгі клиникалық белгілерін білудің маңызын айтады. Егер адамда екі немесе одан да көп апта бойы жөтел болса, салмақ жоғалтса, дене қызуы үнемі көтерілсе, түнде терлесе, жалпы әлсіздік байқалса, кеудесі ауырсынса, тәбеті жоғалса, кей жағдайда қан кетсе, бұл адамның туберкулезбен ауырғанының белгісі болуы мүмкін. Мұндай кезде адам бірден дәрігерге қаралуы керек. Ал туберкулез диагностикасы, емі елімізде тегін екенін тағы еске саламыз. Туберкулез ерте анықталып, белсенді туберкулезбен ауыратын адамдар тез оқшауланып, дұрыс және уақтылы емдеу қолға алынғанда, науқаспен байланыста болған адамдар анықталғанда туберкулездің таралуына тосқауыл қоюға болады. Ал туберкулезге шалдықпаудың ең дұрыс жолы саламатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану екенін айтады дәрігерлер.
ДДҰ 2030 жылға қарай туберкулез эпидемиясын түпкілікті жою туралы мақсат қойып отыр. Кей есеп бойынша Жер шары тұрғындарының төрттен бір бөлігі туберкулездің жабық түрімен ауырады. Туберкулез бактериясын жұқтырғанымен, бұл адамдар басқаларға ауру жұқтырмайды. Профилактикалық шаралар да осындай топтағы адамдар арасында жүргізілуі қажет. Ал туберкулездің ашық түріне шалдыққан бір науқас бір жылда айналасындағы 5-15 адамға ауруын жұқтыруы мүмкін.
– Қазақстандағы туберкулезбен байланысты эпидемиялық жағдай тұрақты түрде жақсарып келеді. Елімізде туберкулез эпидемиясы толық тоқтады деп айтуға болады. Алайда дәріге төзімді туберкулез түрімен емделетін науқастар саны азаймай отыр. Оның себебін дәрі немесе дәрігерден бұрын, пациенттердің өзінен іздеу керек секілді. Көбінесе науқастар дәрі ішуді ерте үзіп алады немесе дұрыс ішпейді, соның кесірінен туберкулез бактериясы қысқа уақыт ішінде осы дәріге қарсы иммунитет қалыптастырып алады. Соның салдарынан дәрі бактерияға әсер етпейді де, басқа жаңа дәріні тағайындауға тура келеді. Дәріге төзімді туберкулезді емдеудің уақыты ұзарады, – дейді отандық фтизиопульмонологтер.
Адам денсаулығының ақаусыз болуы 80-90 пайызы өзіне, өмір салтына, ішкен-жегеніне, тұқым қуалайтын кеселдер мен қоршаған ортаға байланысты, тек қалғаны дәрігерлердің қолында. Айналып келгенде, әрқайсымыз өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы үшін жауапкершілікті терең сезінгенде ғана бұл кеселді түбегейлі жеңуге септесе аламыз.
АЛМАТЫ