Қазақ музыкасы, әсіресе күй өнеріне жаңаша көзқарас, байыптау керек пе екен әлде? Бұл сөз бұған дейін де талай рет айтылып, жазылған. Мүмкін алғашқы қадамдар жасалып жатқан да шығар, кім біледі... Алайда біз күй тыңдап, ол туралы әдебиеттерді оқыған сайын әлгіндей ойға ат шалдырамыз. «Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген...» (М.Мақатаев) деген кереметке оранамыз да қаламыз. Бұл ойымызды әдебиеттегі небір ғажап қисындар орнықтыра түседі. Қызығушылығымызды арттырады.
Өркениет дейміз бе, адамзат ақыл-ойы тудырған жетістіктер ғылыми негізделмей, бір қалыпқа түсіп, көзбен көріп, қолмен ұсталатын дүниеге айналмайынша мойындалуы қиын. Ал ондай дүниелер кейбір елде ғылыми түрде атау таңылып, ресми мойындалмай тұрып-ақ жасала беруі мүмкін. Жаңа термині туып, маңайындағы жұрттарға мәшһүр болмаса да, ұлт өзінің жүріп өткен жолында белгілі тұлғалары арқылы сондай құндылықтарды сезініп, тіпті шығарма ретінде тудырып, көпшілік арасында таралып кеткенін аңдаймыз. Осы орайда Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы жазбаларынан мынадай мысалдар келтіруге мәжбүрміз.
« – Шын ер, шын рыцарь үш нәрсеге – әйелге, жүйрік атқа, сұлу сазға бас ию керек, табынуы керек, – деген еді бірде Асекең. – Қазақта осы үшеуі де бар. Әсіресе Тәттімбет пен Дәулеткерейде. «Көркем ханым» Дәулеткерейдің әйелге арнаған ең асқақ күйі. Дәулеткерейдің ұлы Салауаткерей де дәулескер күйші болған екен. Салауткерейден Мәмен үйреніпті. Ал Мәменнің шәкірті өзіміздің Қали ақсақал. Қали Жантілеуовті айтам. Осы Қалекеңнің орындауында Мәменнің «Қаражан ханым» күйін тындадым. Айтарға сөз таба алмадым. Сол бұрыннан келе жатқан, Дәулеткерей жаңа арнаға түсірген ұлы дәстүр Мәменнің өнерінен тағы бір биік көрініс тауыпты. Осы Мәменнің бірде «Дүрбелең», бірде «Он жетінші жыл» деп тартылатын күйін тыңдағанда ғажапқа қалдым. Әлі күнге дейін бұл жұмбақты шеше алмай келе жатырмын.
– Өзің ойла. Бұл өте күрделі күй. Әрине, қазақ күйлерінің көбі күрделі. Бірақ мынау басқа сападағы күрделілік. Құрманғазыға қатысты айтып, елдің барлығы жауыр қылған «симфонизм» деген сөз бар. Жауыр болса да айтайын, Мәменнің «Дүрбелеңі» – қазақтың симфониясы.
– Жалғыз дауысты емес пе, – дедім әдейілеп, – Монодия ғой.
– Сенің айтып отырғаның форма, – деді Асекең. – Менің айтып тұрғаным – музыканың рухы, қабылдаудың деңгейі.
Аравиннен осы жайында сұрап едім, дерек тарап кетеді деді ме, әйтеуір ештеңе айтпады. Бар болғаны «Мен Дәулеткерей туралы ұлан-ғайыр материал жинадым, енді кітап жазғалы жатырмын», деді. Кейіннен бұл мәліметті мүлдем басқа жақтан алдым. Дәулеткерей орыстың қалаларына барып, орыс дворяндары сияқты киініп, опера мен симфониялық концерттерді тыңдайды екен. Оның күйлеріндегі ерекше алымдылық осы жаңа, қазақта бұрын-соңды болмаған музыкалық тәжірибеден тамыр тартып тұр. Мадьярдің әуендерін еуропалық классикамен астастыра білген Ференц Лист пен Бела Бартоктан қай жері кем, айтшы өзің.
– Сонда, сіздің ойыңызша, қазақ симфонизмі он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бері қарай өз-өзінен пайда бола бастаған ғой? – деп сұрадым мен.
– Тура үстінен түстің, – деді Асекең, – Симфонизм советтік кезеңнің жемісі емес, баяғыда, бір ғасыр бұрын пайда бола бастаған. Бастауында ұлы Дәулеткерей тұр. Симфонияны совет заманында жаңадан, екінші рет ойлап шығарып керегі жоқ еді.
– Мұндай күпірді айтудан қорықпайсыз ба? – дедім қалжыңдап.
– Жоқ, – деді Асекең, – Ол аз болса, айтайын, қазақ музыкасының тарихы қайтадан жазылуы керек. Және ол тарих жазылады да. Мен бұған Құдайға сенгендей сенемін» депті Асқар Сүлейменов.
Бұл, әрине, тосын пікір. Бірақ кемісі жоқ келісті пікір. Ендігі ұрпақ бажайлап мән беріп, аса ыждағаттылықпен қолға алуға тиіс тың тақырып дер едік. Және мұндай тұжырымдар мен қорытындыларға көз жібергенде біздің өнер мен мәдениет туралы еңбектердің көбі кеңестік кезде жазылып, сол кездің цензурасынан өткенін әрдайым қаперде ұстауымыз керек. «Отар елдің тарихын отарлаушы жазады» деген сөз – сөз. Қазақтың саз өнерінде бұрын болмаған нәрсе жоққа тән шығар.
Қазақ топырағында күйшілік өнердің озық үлгісін көрсетіп, мектебін қалыптастырған Дәулеткерей де көктен түсе салмағаны анық қой. Оған дейін болған ұлы сарындар ішінен қайнап шығып, өз заманының қасиеттерін бойынан өткерген ақсүйек өнер иесі. Шығармаларын тыңдаған сайын шыңдалып, ұштала түседі. Ал Мәмен күйшінің «Дүрбелең» немесе «Он жетінші жыл» туындысын тыңдаған жан жоғарыдағы пікірге еріксіз иланады. Ұлы рухтың күмбірі жан дүниені астаң-кестең етеді. Шынымен дүрбелең жасайды. «Ақылға, ойға бірлік» дегендей, анда-санда ұйықтап кетпес үшін сондай шығармаларды тыңдап, сана-сезім мен рухқа дүрбелең тудырып тұрғаннан артық не бар?!