• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Ақпан, 2023

Димаш туралы дастан

447 рет
көрсетілді

Кез келген шығармашыл жанның жүрек түкпірінде бүлкілдеп жүрген бір ойы, яки тақырыбы болса керек. «Бәрін түгесіп, тауысып жаздым» деген ешкім жоқ. Қалам ұстаған әр адамның әйтеуір бір жазары бар.

Әдеби сауалдамамыздың ке­зекті авторы – әдебиеттанушы-ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұ­рат. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?

– Өткен күзде қаншама уа­қыт дайындықпен келген еңбе­гімді аяқтадым. Қазақтың маң­дайына біткен батыр қызы Мән­шүктің бәйшешек-ғұмырын қаламға арқау ету әзелгі мақсат еді. Сол кітап былтыр Мәншүк апамыздың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында екі тілде жарық көрді. Біреуі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырысымен шықса, біреуі Мәдениет және спорт министрлігінің «Әлеуметтік маңызы бар әде­биеттерді басып шығару» бағ­дарламасы аясында басылды.

Бұл өзі 2015 жылы басталған жұмыс болатын. Түпнұсқасы орысша жазылды. Біраз уақыт тартпада жатты – батырдың мерейтойын күттім. Кейін қосымша мәліметтермен толықтырылып оқырманға жол тартты. Сонымен бірге қазақша нұсқасын да қатар жаздым. Өзім екі тілде жазып үйренген соң өз еңбегімді еш­қашан аударуға бермеймін.

Кітапты Мәншүктің толық ғұмырнамасы деп айта аламын. Бұған дейін оның аз ғана өмірін жіліктеп жазған туын­ды болмаған сияқты. Сол ол­қылықтың орнын толтырмаққа оқталып, Мәншүктің адами және тұлғалық өмірбаянын жасадым. Жалпы, Мәншүк туралы 600-ге таяу дереккөзі бар екен. Соның бәрін болмаса да денін қарап шықтым. Бұл материалдардан бөлек инсайдерлік мәліметтердің негізінде жазылды. Біреуі – 22, екіншісі – 25 бас­патабақ.

Зерттесек, Мәншүктің биографиясында кереғар деректер көп. Тіпті туған күніне қатысты бірнеше нұсқа бар. Осындай қате айтылып жүрген пікірлер мен фактілерді салыстырып қарап, хал-қадерімше бір ізге түсір­гендей болдым. Туған жерінен бастап, жан тапсырған төбесіне дейінгі жиырма бір жыл ғұмырын жіктеп, әр кезеңін толық баяндадым. Қазақша нұсқасы «Таңба», орысшасы «Абзал-ай» деген баспадан жарық көрді. Орыс тіліндегі нұсқасы мемлекеттік бағдарламамен шыққандықтан кітапханаларға тарады. Ал қазақ­шасы облыстық деңгейде ғана таратылды.

Мәншүкті бала кезден жақсы көремін. Әдебиетімізде қазақ қызының жиынтық образы жасалмаған екен. Бұл образ кескіндемеде де, эссеистикада да, кинода да жоқ. Іссапармен шетелде талай болып жүрмін ғой, сонда қазақ қыздары сияқты ару, өжет, ананың тәрбиесін, ұлтының табиғатын бойына сіңірген жұртты кездестіру қиын.

Бұл кітап өзімнің «Қазақ қыз­дары» деген сериямның жалғасы болды. Алғаш рет осы сериямен Майра Шамсутдинова туралы еңбек жаздым (ол да орысша). Кейінгі кейіпкер – Құрманай Ома­рова болды. Енді, міне, Мәншүк. Бұл жоба әрі қарай да жалғасады.

2017 жылдың 16 мамырында Димаш туралы кітап жаза бас­тадым. 2022 жылы 22 сәуірде соңғы нүктесін қойыппын. Бұл ауқымды еңбек болып шықты – шамамен 90 баспатабақтан тұрады. Орысша жазылды, қазақшасы да дайындалып жатыр – «Димаш. Шыған дауыс­ты аңсау – Singer-2017» деп аталады. Жалпы, Димаштың дауысын алғаш рет 2017 жылы Қаскелеңде шығармашылық үйімде жатқанда естідім. Сонда ол Қытайда өткен байқаудың тоғызыншы эпизодын аяқтап, келесі кезеңге дайындалып жатыр екен. Мен алғашқы орындауынан бастап сол эпизодына дейін қалт етпей тыңдадым. Таңғалдым. Дәл осы сәтте ішімде мұндай дауыстың иесі туралы жазу туралы ой туса керек. Бірақ нотадан еш хабарым жоқ – қалай болар екен деп ұзақ толған­дым. Екі жыл тақырыпқа енумен болдым. Димаш жарқ еткен жобаның 13 конкурсына жеке-жеке тоқталдым. Әр кезеңдегі толқыныс, дайындық, орындау, баға мен нәтиже – вокалдық талдау жасадым. Сөйтіп, Димаштың арқасында музыкалық сауатым тәп-тәуір ашылды. Арасында ілгерілі-кейінді жүретін тарау­лар қостым. Яғни орындаған әнінің тарихы, одан бөлек, Ди­маштың балалық шағы, отбасы қоса өріліп отырады. Бәрін қосқанда 22 тарау болып шықты. Ал қазір осы кітаптың жарық көруі мәселе болып отыр. Кітап нарығында бәсекенің болмауынан шығаратын бас­па табылмай тұр. Димаштың әлемдегі абыройы баршаға аян. Ал өзімізде әлі күнге дейін жас бала деп мойын­дамау бар сияқты. Мәселен, осы кітапқа шетелдіктер де қызығушылық білдіріп отыр. Алайда оларға беруге азамат ретінде намыс­танамын. Біз өз алтынымызды алдымен өзіміз бағалауымыз керек. Қазір кітаптың шығуына демеуші іздеп жүрмін.

Бар бітірген шаруам осы. Бұлардың арасында, әрине, басқа дүниелерге де соғып кете­сің. Бірқатар эссе жаздым. Жазу­шылардың әдеті ғой, жазып отырып, демалу үшін басқа жанрларға ауысып, көшіп отырады. Сол сияқты өмірбаяндық эсселер жаздым. Жалпы, өзім туралы мемуар жазуға қарсымын. Өзіңді жазсаң, міндетті түрде мақтайсың. Нақ­тылықты жоғалт­пау үшін осылай шағын-шағын эсселер жазып тұрамын.

– Шығармашылық сы­рыңыз­бен бөліскеніңізге рахмет.

 

Дайындаған

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»