Қазіргі заманда қоғамға пайдалы білікті мамандарды кез келген дамыған мемлекет қуана қарсы алады. Бұл ретте оқыған-тоқыған, жалпақ тілмен айтқанда, басы істейтін азаматтарымыздың қадіріне жетіп, басқа елге кетуіне жол бермеу ғана емес, сондай-ақ мұндай ақыл-ой иелерінің елімізге ағылуына да кең мүмкіндік қарастыру маңызды. Осы мақсатта шетелдіктердің елімізге келіп тұрақты қызмет етуіне жол ашатын ең қажет мамандықтардың тізімі бекітілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Жалпы, адам әлеуетін дамыту – маңызды мәселенің бірі. Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет. Әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек. Мен тиімді көші-қон саясаты туралы айтып отырмын. Сұранысқа ие болып отырған және жоғары білікті мамандардың тапшылығын азайту қажет. Ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, IT-салаларының білікті мамандарына жеңілдік жасалады. Мемлекет оларға елімізде тұрақты тұру үшін виза береді. Шетел кәсіпкерлері он жылға виза ресімдеп, Қазақстанда тұруға мүмкіндік алады. Бірақ олар экономикамызға 300 мың доллардан аса инвестиция салуы қажет», деп атап өтті.
Президенттің осы тапсырмасын іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және IT-салаларында өте қажет кәсіптерге маманданған шетел азаматтарының Қазақстанда тұруға ықтиярхат алуына мүмкіндік беретін мамандықтар тізімін бекітті.
2022 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданып, бұл тиісті ведомствоға шетелдiктердiң Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуы үшiн қажеттi кәсiптердiң тiзбесiн және оны қалыптастыру тәртiбiн бекiту жөнiндегi жаңа функция берді.
Заңды іске асыру мақсатында министрлік биыл 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілетін «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтың жобасын әзірледі.
Сұранысқа ие кәсіптері бар шетелдіктер өздерінің төлем қабілеттілігін растамай, ішкі істер органдарында оңайлатылған тәртіппен тұруға рұқсат ресімдей алады. Тұруға рұқсат 10 жылға немесе шетелдік паспорттың қолданылу мерзіміне сәйкес беріледі.
Ал шетелдіктер пайдасын тигізетін мамандықтардың тізіміне келсек, бұл денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, ғылым және басқа да салаларда сұранысқа ие 21 кәсіпті қамтыды.