• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экология 24 Ақпан, 2023

Экомәдениет деген не?

695 рет
көрсетілді

Экологиялық мәселелер бүкіл әлемді алаңдатады. Ғалымдар мен эко-белсенділер жерді сақтау керек деп дабыл қағып жатыр. Қазіргі кезде Қазақстанның да экологиялық жағдайы мәз емес. Қазақ қоғамы бұл мәселеге қаншалықты алаңдайды? Экология маманы Айдана Саламатқызы сұрақтарымызға жауап берді. Ол әлеуметтік желілерде қазақ тілінде экомәдениет туралы білім беріп жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.

- Экологиялық мәселерді қозғап, қазақ тілінде экобілім берудің маңызы қандай?

- Мен ЖОО оқытушысымын, студенттерге экологиялық мәдениетті теориялық қана емес практикалық тұрғыдан қалыптастыруға тырысамын. Қазіргі ХХІ ғасырда инстаграм желісі ақпарат алатын маңызды платформа және парақшаны қазақ тілінде жүргізетін экологтар аз. 1 жыл көлемінде ізденіп, қыркүйек айынан бастап эконасихат жүргізіп бастадым.

-  Экологиядағы қандай мәселелерді қозғайсыз? Қазақстанның экологиялық ахуалы қай деңгейде? Нақты не нәрсеге көңіл бөлінуі керек?

- Қазақстан қазба байлыққа бай ел. Оларды өндіру барысында қоршаған ортаға зиян келеді (ауа, су, топырақ, жануар, өсімдік). Табиғи ресурстарды шамадан тыс пайдалану, ауыз су мәселесі елімізде өзекті болып отыр. 

- Үлкен зауыт-фабрикалардың, көліктердің экологияға көп зиян тигізетінін, ауаны ластайтынын білеміз. Ал қарапайым адамдар қандай зиян келтіреді? Күнделікті өмірде біз оны байқамауымыз да мүмкін ғой.

- Қарапайым халық қалдық шығару бойынша зиян келтіреді. Елімізде жылына 2,8 млн коммуналдық қалдық жиналады. Біз оны күнде сатып аламыз. Заттарды ысырап қылып пайдаланамыз. Қазақстанда 3000-ға жуық қалдық полигондары бар, олардың 20% ғана стандартқа сай, стандартқа сәйкес келмейтіндерінің саны - 2400. Біз азық түлік, қатты тұрмыстық қалдықтарды  сұрыптамай, бірге сала саламыз. Ал ол заттар бір-бірімен жанасып зиянды газдар бөліп, біздің денсаулығымызға әсер етеді.

- Экомәдениет деген не? Біздің қоғам қаншалықты экологиялық тұрғыдан сауатты? Экоәдет қалай қалыптасады?

- Экомәдениет - дүниежүзілік мәдениеттің бір құрамдас бөлігі. Экомәдениет, экотәрбие, экобілім, экоәдет бір-бірімен қатар жүретін ұғымдар.

Қазір мен Ақтөбе қаласындағы «EcoMadeniet» team бірге эконасихат жұмыстарын жүргіземін. Анализ нәтижесінде халықтың 25%-ы экосауатты деп айтуға болады. Бірақ күнделікті тұрмыста қалдықтарды сұрыптап жүргендердің саны 18-20% ғана. Алайда көбірек эконасихат жүргізілсе бұл көрсеткіш өсетініне сенемін.

Мен өзім студенттеріммен бірге экобелсеніділер құрамына кіремін, үнемі экосенбіліктер ұйымдастырамыз.

Экоәдет - күнделікті тұрмыста жасайтын іс-әрекеттеріміз. Мысалы, көп реттік суға арналған ыдыстарды, шоппер сөмкелер, жеміс-жидекке арналған қаптар, көп рет қолданатын бахилдар, маскалар т.б. Бір сөзбен айтқанда бір рет қолданатын заттарды көп рет қолданатын және қайта өңделетін заттарға ауыстыру, салауатты өмір салтын ұстану.

- Қазақстанда экобелсенділер көп пе? Олардың жұмыстары нәтиже беріп жатыр ма?

- Қазақстанда экобелсенділер көп емес. Бірақ істеп жатқан жұмыстары нәтиже беріп жатыр. Ақтөбе қаласында маған экобелсенді, экоблогер Сексенова Айман Казиевнаның жұмыстары ұнайды. Ол «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп» жобаларын іске асыруда. Алматы қаласының экобелсенділері «Экология без паники» атты подкаст дайындаған. Барлық шығарылымын тыңдап шықтым. Көптеген экологиялық проблемаларды қамтыған. «Оқу орындарын экологияландыру» туралы нұсқаулық өте сапалы жасалған. Оқығысы келген адамдар оны тегін жүктей алады. Экология мамандығы бойынша докторантураға түсіп, экология мәселелерімен ғылыми түрде айналысқым келеді. Дәл қазір мені қалдықтар мәселесі көбірек алаңдатады.