Кейінгі жылдарда елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы арқылы мемлекеттің шикізатты экономикаға тәуелділігін болдырмауды көздеп отыр. Өйткені, қалай дегенде де, мұнайдың да, газдың да бір кезде азаятыны, тіпті түгесілетіні белгілі. Инновациялы экономикаға арқа сүйеген озық елдердің өз жерінде қазба байлықтары болмаса да дамудың даңғыл жолына түскенін бүкіл әлем көріп отыр.
Сонымен бірге, жер қойнауына біткен байлықты бірыңғай сатумен біраз жыл жағдайын түзеп, ол байлық сарқылуға жақындағанда дағдарысқа ұшыраған елдердің мысалы да мына дүниеде жеткілікті. Ал дайын өнімдер шығару, оны бәсекеге қабілетті ету мәселесін шешкен елдердің жөні бөлек. Қазақстан осы бағытты ұстанып отыр.
Қазақстан Президентінің елді оза дамыған отыздықтың қатарына қосу мақсатын көздеген Стратегиясы ойдағыдай орындалып келе жатқан өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан. Мұнда құрылған индустриялық аймақтардың негізгі міндеттері қатарында өнеркәсіпте, құрылыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға септесу, отандық және шетелдік инвесторларды осы іске тарту, жаңа өндірістік бағыттарды құруға бейімделген инновациялық бағдарламаларды енгізу бар. Индустриялық аймақтар импорт алмастыратын және бәсекеге қабілетті өндірістер құруды ынталандыру үшін қажетті жағдайлар және бүгінгі күнгі инфрақұрылым жасау мақсатымен дүниеге келген.
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын өңірдің ірі кәсіпорны – «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аралап көруден бастады. Зауыт жылу энергетикасында, сондай-ақ, экологиялық өнеркәсіпте газдардан тазарту үшін пайдаланылатын электрлі фильтрлер шығарады. Оның өнімдері елімізде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде де сұранысқа ие. Мұнда жылу энергетика кешеніне, құрылыс индустриясы мен металлургияға арналған өнімдер де шығарылады. Елімізде бұған ұқсас кәсіпорын жоқ.
Елбасы облыстың индустрияландыру картасымен танысты. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар көрмесі ұсынылды. Көрмеде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жобалар көрініс тапқан. Биыл 17,5 млрд. теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Осы арқылы 1454 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Президенттің жұмыс сапары бүгін жалғасады. Елбасы сапар барысында өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап көреді, сондай-ақ, кәсіпкерлермен және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарлануда.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.