Кеше елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қырғызстан-Астана» этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаиловтың, «Стоматология оқу-консультация орталығы» ЖШС директоры Аслан Жангереевтің, «Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығы» директорының медициналық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайжамал Мұсабекованың, сондай-ақ, Менеджмент және бизнес колледжі директорының орынбасары Раушан Бектұрсынованың қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында Астана күнін мерекелеу аясындағы әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық акциялары таныстырылды. Мысалы, Шавкат Исмаиловтың мәлімдеуінше, мамыр айының 24-інде елордадағы Шәмші Қалдаяқов атындағы көшенің саябағында қалалық әкімдіктің көмегімен 150 шақты адам ағаш көшеттерін отырғызған. «Біз Астана қаласының Ардагерлер кеңесі, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және «Жасыл ел» жастар қозғалысымен бірлесе отырып мамыр айында «Достық аллеясын» құру туралы ұсыныс жасаған болатынбыз. Мамырдың 24-інде бұл бастамамыз іске асып, ағаштар отырғызылды. Осы акция арқылы біз Астанаға тек махаббат сезімімізді көрсетіп қана қоймай, жастарды отаншылдыққа баулуды көздедік», – деді Ш.Исмаилов.
Өз кезегінде Аслан Жангереев «Аппақ қардай күлкі денсаулық көрсеткіші» акциясының ұйымдастырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бұл акцияда 200-ге жуық отбасына, жалпылай алғанда, 551 адамға тегін қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, Аслан Төлеушеұлы аталмыш акциядан өзі басқаратын орталық жыл бойы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балалар мен екі қабат әйелдерге тегін қызмет көрсететіндігін айтып өтті.
Жиын барысында Шайжамал Мұсабекова «Сенің бір тамшы қаның біреуді ажалдан арашалайды!» акциясы туралы айтып берді. «Астана күнін мерекелеуге арналған акциялар шеңберінде өткізілген акцияда 310 адам ақысыз қан тапсырды. Осы негізде біз дайындаған 120 литр қан 75 азаматқа көмектесе алады. Бұл нағыз ізгіліктің көрінісі», –деді Ш.Мұсабекова.
Сондай-ақ, Ш.Мұсабекованың айтуынша, акция халықтың назарын донор болу қажеттілігіне аудару үшін ұйымдастырылған. «Біріншіден, донорлық – бұл саламатты өмір салты. Тек дені сау адам ғана донор бола алатындықтан, біз оларға барынша қатаң талаптар қоямыз. Біз жыл сайын шамамен 35-36 мың литр қан дайындаймыз. Ал қан тапсыру үшін еліміздің 40-45 мыңнан астам азаматтары келеді. Бүгінгі таңда бізде донорлықтың үш түрі бар: тегін, туысқандық және кадрлық. Соңғысы бойынша тұрақты түрде қан тапсыратын адамдардың арнайы тобы жасақталған. Ал тегін донорлық 50 пайызды құрайды. Қазіргі кезде дамыған елдер тегін донорлыққа көшіп отыр. Біз де донорлықтың осы түрін қолға алуымыз керек», – деді Ш.Мұсабекова.
Астаналық студенттердің Қала күнiне орай қарттар мен мүгедектер үйiнде қайырымдылық акциясын өткiзiп, тегiн шаш алу қызметiн ұсынғанын Раушан Бектұрсынова баяндады.
Оның айтуынша, мұндай шара алдағы уақытта аз қамтылған тұрғындар үшiн де ұйымдастырылуы мүмкiн.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».