Астана күні қарсаңында елордаға гастрольдік сапармен келе жатқан Миланның «Ла Скала» театрын көрермен асыға күтулі. Міне, осы оқиғаға орай біз «Астана Опера» МОБТ балетінің жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек НҰРҚАЛИЕВКЕ жолығып, Италия өнер шеберлерінің қойылымы туралы сұрап білген едік.
– Тұрсынбек Әбдібайұлы, алдағы аптаның айшықты жаңалығы ретінде «Ла Скала» театры сыйға тартатын қойылымды айтуға болатын шығар. Аты бүгінде аңызға айналып кеткен театр «Дон Кихот» балетін қатарынан үзбей бес күн қояды дейді. Операның отанынан мынадай аса мәртебелі қонақтардың қаланың туған күніне орай «Астана Операға» арнайы атбасын бұруы кездейсоқ оқиға болмаса керек?
– Расында да, әлемге әйгілі «Ла Скаланың» «Астана Опера» театрына гастрольдік сапармен дәл осы бір мереке қарсаңында келуі кездейсоқтық деп айтпаймын. Жас театрымыздың көрерменмен қауышқанына 21 маусымда тұп-тура бір жыл толады. Онда сахна шымылдығын ұлттық опера өнерінің інжу-маржаны саналатын «Біржан-Сара» қойылымымен ашқан болатынбыз. Осы аз ғана уақыт ішінде өнер ордасын әлем тани бастады, солардың ішінде миландық «Ла Скала» театры да бар. Осы орайда театр директорының шығармашылық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Уильям Грациозидің өзі түбі италиялық екенін, ол бүгінгі таңда Италиядағы барлық театрлардың директорларымен жақсы қарым-қатынаста екенін айта кеткен жөн. Оның үстіне біздің «Ла Скаланың» труппасынан, болмаса «Гранд Опера» сияқты әйгілі өнер ордаларынан алар үлгіміз көл-көсір. Меніңше, бұл шара «Астана Опера» солистері үшін өзінше бір шеберлік сабағы болады деп ойлаймын және де олар қатардағы жай спектакльді таңдап отырған жоқ, бүкіл әлем жұртшылығына етене таныс «Дон Кихот» қойылымын ұсынбақ. Мұндай театрдың кішкентай бір үлгісінің өзі бізге баға жетпес байлық болып бағаланады. Неге десеңіз, «Teatro alla Scala» – қаншама ғасырлық тарихы бар, опера мен балеттің жылнамасын тізген, біз үшін өте қызық өнер ордасы. Осы тұста мұның Астана күніне орай шақыруымызды құп алып, ұсынысымызға бірден келіскені біз үшін өте мерейлі қуаныш.
– Труппа нақты қай күні келеді деп күтілуде?
– Шығармашылық труппа 25 маусымда табаны қазақ топырағына тиісімен, бірден сахналық дайындыққа кірісіп кетеді. Жарықтарын, декорациясын қоюмен айналысады, ал 30 маусым мен 4 шілде аралығында көрермен спектакльді тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Айта кету керек, декорациялар мен костюмдер бүгінде Астанаға жеткізіліп қойды.
– Не себепті дәл осы «Дон Кихот» балетін таңдап әкелді деген сұрақ туады осы жерде.
– 2007 жылы 10 адамнан тұратын біздің балет әртістері біліктілігін арттыру мақсатында Италияға барып, дәл осы «Ла Скаланың» шеберлік сыныбынан өтті. Екі айдың көлемінде әртістеріміз Рудольф Нуриевтің қойылымындағы «Дон Кихот» балетінің па-де-десін орындаған еді. Оның қойылымының Мариус Петипа мен Александр Горский қойған нұсқалардан шамалы айырмашылығы бар болатын, мұнымен қатар Рудольф бұл спектакльге жаңаша көзқараспен өзіндік қолтаңбасын енгізді, қанша дегенмен ол ер адамдар биінің негізін қалаған XX ғасырдағы нөмір бірінші биші болып есептеледі.
Спектакльге біздің оркестр қатысатындықтан, бұл қойылымды «Ла Скала» театры мен «Астана Операның» бірлескен жобасы деп айтуға толық негіз бар. Және тағы бір айта кететін нәрсе, «Ла Скала» спектакльге біздің тарапымыздан балет солистерінің қатысуын, 17 адамның көмекші рөлдерді ойнауын сұрады.
– Мұндағы балет солистері қанша дегенмен өзінің қалыптасу түбін орыс балеті мектебінен алғаны мәлім. Ал енді италиялық театрдың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Әрине, біріншіден, Нуриев – таза классиканы ұстанған биші. Мен жоғарыда атап өткендей, оның қойылымында әйелдер партиясына қарағанда, ерлер биі басым түсіп жатады және ол бұл жерде ешқандай заманауи би қимылын пайдаланбайды. Қойылымда Петипанікіндей емес, өзгеше декорациялар мен костюмдер қолданылады.
Жалпы, «Ла Скаладан» 107 адам келе жатыр. Екіншіден, бұл шынымен шамалы өзгешерек балет болады, себебі мұнда біздегі орыс балетінің мектебі мүлде жоқ. Италиялық балеттің қол қимылында, аяқ қозғалысында айырмашылықтар бар. Соған қарамастан, Людвиг Минкус ойластырғандай, спектакль үш актіден тұрады.
– «Ла Скаладан» басқа әлемдік деңгейдегі осындай ірі театрларды шақыру алдағы жоспарларыңызда бар ма?
– Иә, біз Үлкен театрмен өзара тәжірибе алмасу жөнінде келістік, аталған шараны жүзеге асыру 2018 жылға жоспарланған. Мұнымен қатар, тоғыз театрмен меморандумға қол қойылған, олармен де келешекте тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізілетін болады. Биыл гастрольдік сапармен Санкт-Петербург қаласына барып келгенімізді көптеген басылымдар жарыса жазды, ал күзде Астанаға Мария театры келеді деп күтілуде.
– Театрдың алдағы жоспарлары өте тығыз дегеніңіз ғой...
– Жоспарымыз өте ауқымды. Күн санап репертуарымыздың қалай толығып жатқанын көріп отырсыздар. Күні кеше Юрий Григоровичтің қойылымындағы «Спартак» балетінің тұсаукесері керемет әсерге бөлегені өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы. Қазан айында «Травиата» операсын қоймақпыз. Қараша айындағы Джузеппе Вердидің «Аида» операсының тұсаукесері ғаламат оқиға болғалы тұр, себебі, мұндай ғажап нұсқаны бізге итальяндық режиссер Франко Дзефирелли ұсынып отыр. Ұлттық балет ешқашан назардан тыс қалмайды, әрине, бұл орайда 5 желтоқсанға Ғ.Жұбанованың «Қарагөз» балетін жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, желтоқсан айының соңына қарай «Шерткіш» балетін ұсынамыз деген ой тағы бар.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.