Ұлттық банк кезекті рет базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалды. Инфляциялық күтулер 2022 жылғы желтоқсанда шарықтау шегіне жетіп, кейін төмендеді, бұл алдыңғы болжамның алғышарттарына сәйкес келеді. Алайда инфляциялық күтулер әлі де жоғары және олардың төмендеуінің айқын тренді әлі қалыптаспаған. Бұл инфляцияның жылдам баяулауына кедергі келтіріп отыр.
Нарықтық экономиканың принциптерін ұстанатын болсақ, тек тыйым салудың соңы әкімдердің базар, дүкен аралап, бағаны қадағалауымен ғана есте қалады. Инфляция – әлемдік үрдіс, онымен Қазақстан жалғыз күресе алмайды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты хатшысы, басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов өткен аптада журналистермен кездескен кезде елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің дәрежесін бағалайтын критерийлер әзірленбегенін, мемлекет азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты нақты көрсеткіштерді белгілемейтінін атап айтты. Бізде бұл көрсеткіштердің беталысын айқындап беретін, нарықта қандай өнім түрлерінің бәсі басым екенін анықтайтын бағдарлама да, тұжырымдама да жоқ көрінеді. Үкімет нарыққа қандай өнімдер қажет екенін алдын ала сараптап отырмаса, бөлінген қаржы ұсыныстағы тауар түрлерінің бағасына сәйкес келмейді екен.
Сарапшының пайымдауынша, әлеуметтік санаттағы азық-түлік түрлері – күріш, қарақұмық, картоп, жұмыртқа, ұнмен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Ал құс еті немесе қант мәселесіне келгенде проблема бар. Өткен жылғы қант тапшылығынан кейін қант зауыттары салынатыны айтылды. Бірақ сол зауыттарды қант шикізатымен қамтамасыз ете аламыз ба деген мәселенің шешімі жоқ. Нарықтың осы сегментінде жүрген ойыншылар бізге қант қамысын өзімізде өсіргеннен Ресейден импорттаған тиімді екенін айтады. Құс етіне қатысты түйткіл де көп. ДСҰ заңы бойынша біз өз нарығымызға импорттың бір бөлігін кіргізуге міндеттіміз. 2021 жылы елге 170 мың тонна импорт тауық еті кірді, бұл ішкі қажеттіліктің 39 пайызын құрайды.
Н.Сақуовтың айтуынша өнімдерді экспорттауға мерзімді түрде тыйым салуды айналадағы жағдаймен үйлестіріп отырып жүргізу керек. Мысалы, бізде биыл сәбіз жақсы өнім берді. Көрші елде сәбіз бағасы қымбаттап кетсе, құзырлы орындар сыртқа кетіп қалмасын деп экспортты шектеп тастайды. Соңында сәбіздің сатылмай қалған бөлігі шіруге айналған соң шектеуді алып тастайды. Сарапшының айтуынша, Үкімет биыл күнбағыс тұқымының бағасын реттеуді ойластырып жатыр. Себебі өсімдік майын дайындайтын сегмент шикізат тапшылығы дегенді көптен айтып жүр. Бірақ сарапшылар біржақты шектеу күнбағыс өсіруге маманданған фермерлердің қатарын азайтып жіберуі мүмкін деген қауіптің шетін шығара бастады. Мемлекет қолдау шаралары ретінде облыс бюджеті есебінен субсидиялау тетігін ұсынып отыр. Ал облыс әкімдігі ақша жоқ дейді.
Сарапшылардың пайымында мұндай шектеулер тиындарын санап, жобаларын жоспарлап, агроөнеркәсіптік кешеннің белгілі бір саласына инвестиция салуға дайын отырған бизнеске ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етеді. Азық-түлік бағасын көтеруге тыйым салу арқылы бағаны тұрақтандыру саясаты өзін-өзі ақтамады. Үкімет ендігі жерде халықтың қалтасын қақпайтын және бизнеске зиян келтірмейтін аралық жолды айқындап алу керек.
Н.Сақуов айтып өткендей, соңғы екі жылда Қазақстанда жеміс-жидек пен көкөністің 15 түріне баға реттелді. Бұл фактор ауыл шаруашылығы сегментінің дамуына кері әсер етіп отыр. Қымбатшылыққа себеп болып отырған факторлардың әртараптандырылған үлгісін көріп те, сезіп те жүрміз. 2022 жылдың басында логистикалық тізбекте проблемалар туындауы инфляцияның екпінін күшейтіп, жылдамдатып жіберді. Ал біздің халықтың қыстан қысылмай шығуына жол ашатын мүмкіндіктерді уыстан шығарып алғанымыз белгілі болды. Тек Алматы мен Астанада ғана емес, орталықтан шалғай аймақтарда да логистикалық қоймалардың жетіспейтіні тағы да кежегені кейін тартты. Экономистер ауыл шаруашылығы секторының технологиямен қамтамасыз етілуі мәз емес деп отыр. Себебі – баға қымбат. Лизинг жүйесімен техника алуға екінің бірінің шамасы келмейді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше өз күшімізбен азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігіміз – 70-75 пайыз.
Сарапшы Жәнібек Айғазиннің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігі сын көтермейді, алдағы онжылдықтарда суармалы су мәселесі туындауы мүмкін. Біздің айналымдағы жер көлемін Ресей мен Украинаның қара топырақты аймағымен салыстыра алмайсың.
Экономист Қазақстанда өсімдік шаруашылығын дамытуға жағдай айтарлықтай қиын екенін мойындады. Бұл табиғи-климаттық жағдайларға тікелей тәуелді экономикадағы ең сезімтал сектор. Сондықтан отандық тауар өндірушілерге қайтарымы төмен болғанымен, жеңілдетілген мөлшерлемемен түрлі несиелер беріледі: Ауыл шаруашылығы өнімдері өзіндік құнының шамамен 80 пайызы мемлекеттің демеу қаржысының үлесінде. Демек таза табыс – 20-25 пайыз ғана.
Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылданғанымызға биыл 8 жыл. Ауыл шаруашылығын субсидиялаудың аралық кезеңі аяқталған жоқ. ДСҰ шарттары бойынша біз әлі баяғыдай, барынша жұмсақ, жайлы шарттармен жұмыс істеп жатырмыз. Ж.Айғазиннің айтуынша біз мұндай кезеңде ауыл шаруашылығы сегментін өз күшімен өмір сүруге мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілік деңгейіне жеткізуіміз керек еді. Сарапшының айтуынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын мемлекеттік бақылау аса тиімді шешім емес. Нарықтық экономиканың принциптерін ұстанатын болсақ, тек тыйым салудың соңы әкімдердің базар, дүкен аралап, бағаны қадағалауымен ғана есте қалады. Инфляция – әлемдік үрдіс, онымен Қазақстан жалғыз күресе алмайды.
Ж.Айғазиннің айтуынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы несие құнын арттырса, онда инфляция төмендеп, теңгенің құны көтеріледі. Себебі инфляция тұтыну бағасының индексімен (ТБИ) өлшенеді. Оның пікірінше, көкөністердің инфляция деңгейін көтеріп жіберуге ықпалы аз. 2021 жылғы тұтыну бағасының индексімен салмақтау схемасы келесідей болды: азық-түлік тауарлары – 39,06 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 29,62 пайыз. Ақылы қызметтер – 31,32 пайыз.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың пікірінше, императивті тыйымдардың соңы тапшылық пен қара базарға – көлеңкелі экономикаға жол ашады.
Сарапшы осы ретте статистика күнкөріс себетіндегі азық-түлік бағасының қанша пайызға өскенін, инфляциялық деңгей қандай межеде болғанын ғана есептеп шығарады. Ал сол себетке кіретін азық-түлік құрамына жұмсалатын қосымша шығындардың нарықтық құны туралы толыққанды зерттелмейді. Баға барометрінің картинасын білу үшін бұл фактор өте маңызды.
АЛМАТЫ