Көктем келісімен, дала алқаптары, тау бөктерінде қаулап өсетін бәйшешектің гүлдеуін қазақ даласы әр кез жақсылықтың, қуаныштың нышаны деп қабылдайды. Алматыдағы Ботаникалық бақта бәйшешек гүлдеп, қала жұртшылығының назары табиғаттың осы ерекше бір сәтіне ауды.
Ботаникалық бақ Жоғары сатылы өсімдіктер флорасы зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Айжамал Шорманованың айтуынша, өзінің әдемі гүлдерімен ерекшеленетін Алатау бәйшешегінің биіктігі 10-30 см болып келеді. Қызыл кітапқа кірген өсімдіктің бұл түрлі ерекше қорғауды қажет етеді. Бүгінде гүл өсірушілер мен ғалымдар үшін үлкен маңызға ие Алатау бәйшешегі еліміздің Жоңғар, Іле Алатауы, Кетпен, Теріскей, Қырғыз және Талас, Сырдария Қаратауында кездеседі. Бәйшешек ерте көктемде, яғни ақпан айының соңында, наурыздың басында гүлдейді.
Бәйшешектің латынша атауы – «крокус». Гүлді-сәндік өсімдіктерді интродукциялау зертханасының меңгерушісі Ескендір Сатеков антропогенді әсерлердің салдарынан, яғни құрылыс қарқындаған, мал жайылған, кен өндірілген аймақтарда бәйшешектің жойылып кету қаупі зор екенін айтады. Ғалымның айтуынша, елімізде бәйшешекпен қатар ерте көктемде гүлдейтін кессельринг лапызы, Қаратау крокусы, тағы да басқа дала гүлдері бар. Оларды сәндік үшін де, дәрілік мақсатта да пайдалануға болады. Ерте көктемде қар астынан қаулап шығатын бәйшешек еліміздің оңтүстік өңірлеріне тән.