Айта берсең, аурудың түрі көп-ақ. Алайда мына өмірдің мың құйқылжыған ғажайып дауысын, құстардың сайрағанын, керемет музыканың ойнағанын, анасының «айналайынын», әкесінің өбектегенін ести алмай өтетіндерден бөлек, мүлде құлақсыз туатын балалардың бар екенін білесіз бе? Сондықтан осынау мәселелерге қоғам мен құзырлы орындардың назарын аудару үшін жыл сайын 3 наурызда Дүниежүзілік құлақ саулығы және есту қабілетін қорғау күні аталып өтеді.
Есту қабілетін жоғалту бүгінгі таңда әлемде ең көп таралған сенсорлы мүгедектік қатарына кіреді. Беті әрмен десек те, ДДҰ болжамына сенсек, 2050 жылға қарай жер бетінде 2,5 миллиардқа жуық адам әртүрлі дәрежелі есту қабілетін жоғалтудан зардап шегуі ықтимал екен. Ал оның 700 миллионға жуығы реабилитациялық көмекке мұқтаж болып қалуы ғажап емес. Сондықтан құлақ мәселесінде бейғамдық таныту елдің денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Бірақ кешегі күнге дейін микротия және атрезиямен туған балалар шетелдерде емделуге мәжбүр болып келгенін білеміз. Өткен жылы Қазақстанда осы патологиямен дүниеге келген 600-ден аса бала бар екені айтылды. Бұл ретте есту қабілеті мәселесінің жай-жапсарын Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың жоғары санатты сурдолог-оториноларинголог дәрігері Наиля Төлепбековадан сұрап көрдік.
«ДДҰ құлақ саулығы мен есту қабілетін қорғауға арнаулы күн белгілегенін білесіздер. Жыл сайын 3 наурызда құлақ аурулары мен есту қабілетін жоғалтқан адамдарға көмектесудің маңыздылығын көрсету үшін ақпарат таратуға, БАҚ пен денсаулық сақтау саласындағы ұлттық саясатты жүргізетін тұлғалардың назарын осы мәселеге аударуға ұмтыламыз. Расында, қазіргі күні құлағы нашар еститін, құлақ ауруларына шағымданатын пациенттер көбеймесе, азайған жоқ. ДДҰ дерегі бойынша, кереңдік пен есту қабілеті бұзылуынан шамамен 360 миллион адам зардап шегеді. Естімей қалу, саңыраулықтың түпкі себептерін тұқым қуалайтын кеселдерден іздеу керек. Сол сияқты құлақтың созылмалы инфекциялары мен қызамық, қызылша, шықшыт безінің қабынуы, менингит те асқына келе құлақтан айыруы мүмкін. Сондай-ақ кейбір дәрілік препараттар мен қоршаған ортаның зиянды факторлары, бірінші кезекте, шудың әсері болуы мүмкін. Медицина мамандарының пікірінше, көп жағдайда саңыраулық пен есту қабілетіндегі барлық кемшілікті олардың алғашқы даму кезеңінде, яғни асқынбай тұрған кезде жоюға немесе қалпына келтіруге болады. Дәрігерлер ең ұтымды алғышарт ретінде тұрғындарды иммунизациялауды, бала мен ана денсаулығын қорғау, еңбек гигиенасын сақтауды ұсынады», деді Н.Төлепбекова.
Наиля Мәлікқызының айтуынша, қазіргі таңда саңыраулық пен ауыр дәрежелі кереңдікті дәрі-дәрмекпен емдеудің тәсілі жоқ. Ең тиімді емдеу жолы (қалыпқа келтіру) – кохлеарлы имплантация. Қазақстанда құлағы нашар еститін немесе есту қабілетін мүлде жоғалтқан пациенттерге арналған көмек көрсету бағдарламасы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мысалы, Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада 1500-дей операция жасалып, осы тәсілдің тиімділігін көрсетіп отыр.
«Біздің пациенттеріміз қазір музыкамен айналысады, халықаралық конкурстарда (Варшава, «Ұлулар ырғағы» фестивалі) 1-орын алып жатыр, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде, жоғары оқу орындарында оқиды. Сауыққаннан кейін жұмысқа орналасып, ел қатарлы өмірден өз орнын тауып жатыр. Есту қабілетінде кінәраты бар адамдар үшін бұл – үлкен жетістік. Әрине, мұның барлығы – медицина мамандарының көмегінің арқасында атқарылып жатқан істер. Егер кереңдік мәселесіне келетін болсақ, оны да шешуге болады. Назарда ұстайтын ең басты қағида – аурудың алдын алу, дәрігерге уақытында қаралу, дұрыс ем қабылдау, белсенді және тиімді скринингтік бағдарламаларды дер кезінде өткізіп тұру. Бұл ретте аудиологиялық скрининг жасау және нәресте кезден құлақ саулығына мән беру – есту қабілеті айтарлықтай бұзылған пациенттерді емдеу мен қалыпқа келтіруде үнемі назарда ұстайтын маңызды факт. Осы саланың мамандары біледі, 2021 жылы ДДҰ есту қабілеті мәселелеріне арналған баяндама жасады. Мұнда есту қабілетін жоғалтуы ықтимал немесе сондай дертке шалдыққандар санының артқаны айтылды. Баяндамада құлақ саулығы мен есту қабілетін қорғаудағы «H.E.A.R.I.N.G.» ең маңызды кешенді жеті шараның бірі ретінде шу деңгейін бақылау, қатты шығатын дыбыстар әсерін төмендету көрсетілген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемдік деңгейде тұрғындарды иммунизациялау, бала мен ана саулығын қорғау, еңбек гигиенасын сақтау (өндірістік дыбыстар) қажет. Әрбір адамға мұны қарапайым тілмен былай түсіндіруге болады: басына мақта оралған таяқшаны, тіс шұқығышты, түйреуіш сияқтыларды құлақ қуысына жолатпау керек. Жұрт осы заттармен құлақ тазаламауды, лас суда жуынбау, бөгде адамдардың құлаққабын пайдаланбау, құлаққаппен дарылдаған музыканы ұзақ тыңдамауды үнемі қаперінде ұстауы қажет», деді сурдолог-оториноларинголог дәрігер.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 150 мыңнан аса мүлдем естімейтін және нашар еститін пациент бар. Тек Алматы қаласының өзінде есту қабілеті нашар 10 мыңнан аса адам тұрады. Ал 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мүгедек адамдар мен олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсетіп, жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығының тұжырымдамасы әзірленіп, бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстандағы алғашқы «Ten Qogam» орталығы Алматыда 2020 жылдың мамыр айында ашылды. Орталық сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етілген, онда ересектермен бірге балалар да көмек ала алады. Орталыққа мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде олардың ата-аналары мен жақындары жүгіне алады. Біздің орталықта әлеуметтенуге көмектесетін психолог кеңес береді», дейді «Ten Qogam» есту қабілеті бұзылған адамдарды әлеуметтік қолдау орталығының басшысы Аманбике Ерғалиева.
Бұл орталық есту қабілеті нашар немесе мүлде естімейтін азаматтарға жұмыс табуға, өз ісін ашуға көмектесуге ұмтылып отыр. Әдетте, олар көбінесе аяқкиім жөндеу шеберханалары, тігін ательесі, такси, киім дүкендері, қолдан жасалған бұйымдар, сонымен қатар құрылыс, кассада қызмет көрсету, тауарларды өлшеу, орау салалары мен баспаханалардан жұмыс тауып жатады. Жаттықтырушы болып та жалданады.
Сондай-ақ республика бойынша есту қабілеті шектеулі жандарға арналған мамандандырылған 24 мектеп бар. Алматыда олардың екеуі орналасса, бұлар – есту қабілетін түзетуге арналған №1 және 5 есту қабілеті арнайы түзету мектептері. Бұл жерде оларға арнайы жағдай жасалған, түлектердің үш колледж бен Туризм және спорт академиясында жоғары және орта білім алуға мүмкіндіктері бар.
АЛМАТЫ