Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шымкентке іс-сапармен келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиында іскер азаматтар вице-премьерге агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық жүйе, мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа ережелері, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын мемлекет арқылы реттеу бойынша сауалдар қойды. Әсіресе кәсіпкерлерді АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жұмыс істемеуі қатты алаңдатады.
«Бізге gosagro.kz веб-порталында субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылғаны туралы хабарланды. Бұл өтініш қабылдаудың жалғыз көзі, ол субсидиялаудың барлық түрлеріне құжат қабылдаудың баламасы және өтініштер қаралып біткен соң субсидия беріледі деп айтылған еді. Бастама жақсы секілді көрінді. Алайда жүйе мүлдем жұмыс істемейді. Себебі өтініш тапсыру мүмкін емес. Бүгінге дейін бірде-бір шымкенттік ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші осы портал арқылы өтінішін қалдыра алмапты. Ал жыл басталғалы үшінші айға аяқ бастық», деді кәсіпкер Болат Нәжіметдинұлы.
Вице-премьер бұған қатысты субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде ақау шыққанын мойындады. «Аталған жүйе субсидия алушыларға алғашында сынақ режімінде іске қосылған. Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған кемшіліктерді дүйсенбіге дейін жою туралы тапсырма берілді. Енді портал қолданушыларға ешқандай кедергі тудырмауы тиіс», деді С. Жұманғарин.
С.Жұманғариннің Шымкентте кездесу өткізуі осымен екінші рет болып отыр. Алғашқы жиында да біраз өзекті мәселелер көтерілген еді. Осы жолғы басқосуда бірінші кездесудегі айтылған проблемалардың шешілуі сөз болды.
«Иә, бұл проблема түрлі өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы мен Астанадағы қой шаруашылығымен айналысатын азаматтармен жүздесу барысында да бірнеше рет айтылған-ды. Осы ретте аталған мәселенің оңды шешілгенін айрықша атап өткім келеді. Биылғы жылдың 22 ақпанында ведомствоаралық комиссияның отырысында жүнді әкетуге арналған экспорттық кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесінің қолданылу мерзімі ұзартылды. Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін министрлік өздеріне қатысты кедендік әкету баждары қолданылатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу бойынша барлық қажетті рәсімдерді жүргізеді», деді вице-премьер.
Сонымен бірге Қазақстан аумағына Өзбекстан мен Түркия тарапынан кілемдер мен кілем бұйымдарын әкелу кезінде демпингке қарсы баж салығын енгізу мәселесі де қозғалған болатын.
Бұл ретте Премьер-министрдің орынбасары тауар импортына қатысты демпингке қарсы шараларды қолдану үшін тергеуді бастау қажет деді. Бұл тек Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде және өндірушілердің немесе сала өндірушілерінің бірлестігінің өтініші негізінде ғана мүмкін болмақ. Осыған байланысты тиісті министрлік тарапынан осы жылғы 5 қаңтарда жергілікті кілем өнімдерін шығарушы «Бал Текстиль» ЖШС-ға арнайы хат та жолданды. Сондықтан өтініш Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының қарауына жіберіледі.
Сонымен бірге Еуропа елдеріне экспорттау үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аккредиттеу және еурокод алу үдерісін жеделдетуді өтінген еді кәсіпкерлер.
Жауапты тұлға осы мәселе бойынша 2023 жылғы 28 ақпанда Брюссельге сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның еуропалық комиссарлармен кездескенін атап өтті.
Ауыл шаруашылығы жөніндегі еурокомиссар Януш Войцеховскиймен келіссөздер барысында Ауыл шаруашылығы министрі ел Үкіметінің ЕО-мен сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын екендігін меңзеген.
Қазіргі уақытта балық өндірушілерге аудит жүргізу аяқталып жатыр. Бұл өз кезегінде бал, сүт және ет өнімдерін экспорттаушыларға да мүмкіндік туғызады. Ал мал шаруашылығы өнімдерін Еуропаға жөнелтудегі қиындықтар әрбір тауарды бөлек-бөлек қарастыру шартына байланысты.
Келіссөздер нәтижесінде отандық балық өнімдерін ресми түрде ЕО тізіміне енгізуге қол жеткізілді. Қазірдің өзінде Франция және Швейцариямен қазақстандық балық өнімдерін сатып алуға коммерциялық келісімдер бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық балықтың Еуропаға экспорты 1,5 есеге артып, 8,7 мың тоннаны құрады. Біздің өнімді негізгі тұтынушылар Польша, Словакия, Чехия, Нидерланд, Литва, Латвия, Дания, Аустрия және Германия елдері саналады.
Жиын соңында Премьер-министрдің орынбасары «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен компаниялар сатып алған жеңіл өнеркәсіп тауарларына қатысты СТ-KZ сертификаттарының заңдылығына тоқталды.
ШЫМКЕНТ