• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұстаз 08 Наурыз, 2023

Талапты ұштар Ұштап ұстаз

487 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика лицей-интернатының мұғалімі Ұштап Таңатарованың педагогикадағы қалыптастырған жолы – жас мұғалімдерге үлгі. Жыл сайын осы оқу орнын бітіретін 45-50 оқушының бәрі де грант иегері атанса, міндетті түрде 7-8 оқушысы «Алтын медальға» қол жеткізеді. Осындай жетістіктердің басы-қасында Ұштап апай жүрген соң, ұжымдағы жас мұғалімдер тәжірибелі математик ұстаздан айырылғысы жоқ.

Бұл кісінің өзіндік педагогикалық жолы қалып­тасқан. Басты ұстанымы – әр сабақты түрлен­діріп өткізу. Ол сабаққа дайындықсыз келгенді жаны сүймейді. Сабақ басталардан бір сағат бұрын мектепке келіп, «Білім ленд», «Онлайн мектеп» бағдарламаларын саралап, күнделікті сабақ тақырыбына дайындалады. Ол қазіргі орта мектептің оқу бағдарламасы оқушыны өз бетін­ше ізденуге машықтандырады және ұжымдық жұмысқа үйретеді дейді.

Бұлар – бір кісідей тату ұжым. Лицейдің кез келген ұстазы өзі сабақ бермейтін оқушының есепті түсінбей отырғанын көре қалса, қасынан өтіп кетпейді. Жанына барып, есептің шығарылу жолын көрсетеді. Бұл жерде менің оқушым, басқа мұғалімнің оқушысы деген бөліп-жару жоқ. Басқа мұғалім сабақ беретін сынып оқушысының түсінбей тұрған жерін үйретіп жіберсе, оған өз мұғалімі еш ренжімейді. Ұштап Бақтығалиқызы көптеген мектепте қалыптасқан жағымсыз жайт – пән мұғалімінің сабақ беретін сыныбын өз жекеменшігіндей көруі дейді. Оған қайсібір ата-аналардың балаларын репетиторлық орталықтарға тасуға әуестеніп алуы да ұнамайды.

«Мен репетиторлықпен жаппай әуестенуге қарсымын. Өйткені мектеп мұғалімі мен репетиторлық орталық маманының тақырыпты түсіндірудегі тәсілдері әртүрлі болғандықтан, екі арада алшақтық пайда болып, оқушы тақырыпты дұрыс меңгермей қалады. Оның үстіне, репетиторлық орталықтардың көбі тек ақша табудың соңына түсіп кетті. Кей мұғалім есепті менің тәсіліммен шығар деп талап қояды. Бұл да дұрыс емес. Бала әртүрлі тәсілмен шығара білсе, оған кедергі жасамаған жөн», дейді Ұштап Бақтығалиқызы.

Физика-математика лицейінің мұғалімдері каникулға кетер алдында әр оқушыға 200-ге жуық есеп беріп, сабаққа оралғанда тексереді. Алайда ата-аналар балалар каникул кезінде демалуы керек деп қарсылық танытқан соң, кейінгі кезде мұғалімдер үйге есеп беруді доғарды. Сондай-ақ жарты жыл сайын оқушылардан емтихан тапсыру үрдісі де тоқтады.

Коронавирус пандемиясы кезінде онлайн оқудың кесірінен лицей оқушыларының білім деңгейі нашарлағаны жасырын емес. Алайда ұстаздар жанкештілігінің арқасында балалар бағдарламаны қуып жетті.

«Сабақ аяқталғаннан кейін әр оқушыны бір-екі сағатқа алып қаламыз. Бір күні математика, бір күні қазақ тілінен, бір күні тағы басқа пәндерден дегендей, кесте қойып, балалармен жұмыс істейміз. Себебі әр баланың қабілеті әртүрлі. Кей бала мұғалімнің айтқанымен түсінетін болса, кейбірі өз бетімен оқи береді. Дегенмен сыныпта балалар тақырыптан қалып қойғысы келмей жарыса оқиды, түсінбеген жерлерін бір-бірінен сұрайды», дейді кейіпкеріміз.

Ұштап Бақтығалиқызы бұйығы баланың бойын­да жасырынған қабілетті тез таниды. Мәселен, 2004 жылы Ақтөбе облысы бойынша мектеп бітірушілер арасында ҰБТ-дан ең жоғары 120 балл жинаған Кемел Сейілханов 8-сыныпқа басқа мектептен ауысып келгенде орташа оқитын еді. Ұштап апайы Кемелдің бойындағы математикаға деген қабілетті көре білді. Нашар оқитын оқушыны орташа деңгейге көтеріп, одан кейін математика пәнінен қалалық олимпиадаға қатыстырды. Бір сыныптың білімімен шектелмей, жоғары сыныптың есептерін шығарта бастады. Кемел 8-сыныпта физиканың есебін дифференциалды теңдеумен шеше білді. Мұндай тәсілді университеттің 3-курсында ғана меңгереді. Кемел Сейілханов жоғары сыныптарда математиктердің «Жібек жолы» олимпиадасында, Жәуітков атындағы олимпиадада да оза шапты. 2000 жылдың басында физика-математика лицейінің директоры болған Болат Ізбасаров жұмыста талапшыл, сөйте тұра адамды тани білетін, мұғалімді бағалай білетін басшы еді. Ол кісі Кемелдің бойындағы талантын көре білген Ұштап апайдың да жолына кедергі болған емес. Осындай тамаша басқарушылықтың арқасында 2004 жылы Ақтөбе облысы ҰБТ қорытындысы бойынша республикада 3-ші орынға шықты. Алайда 2013 жылдан бастап осы оқу орнының ғимаратын тартып алып, жабамыз деген шолақ науқан басталғанда, оқушының да, мұғалімінің де күйі кетті. Сол уақытта физмат мектебіне жағдай жасап, бала санын көбейткенде, облыстағы ең алдыңғы орындағы оқу ордасы болып қалар еді.

«Біз осыған дейін тәжірибеден өтуге келген универститеттің жоғары курс студенттерін жұмысқа шақырып жүрдік. Кадрды солай жинадық. Алайда былтырдан бастап мұғалімдерді конкурспен қабылдайтын болды. Лицейдегі жас ұстаз­дарды өзім оқу ісінің меңгерушісі болып тұрған­да жұмысқа қабылдадым. Олардың бәрі мектепте оқып жүргенде математикадан облыстық олим­пиадалардың жеңімпаздары болған», дейді ұстаз.

Ұштап апайдың талапшылдығы, кез келген істі аяғына дейін жеткізе білетін қасиеті әкесі Бақтығали Таңатаровтан жұқса керек. Ол кісі Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері, барлаушы, Берлинге дейін барған. «Отбасымызда он екі бала болды. Менің алдымда төрт ағам, екі апайым бар. Әкемнің еркелеу қызы болдым. 8-сыныпта оқып жүргенімде, әкем қайтыс болды. Мектеп бітіргенде оқуға баруыма шешем қарсы болғанда, өзіммен тетелес ағам «мен оқымасам да, Ұштап оқысын» деп оқуға жіберді. 1971 жылы елде ақша жоқ, қиын уақыт. Ақтөбе пединститутына түскенде, менің бағыма керемет ұстаздар тап болды. Бірақ математиканы жақсы көрсем де, мұғалім болудан жүрексінетінмін», дейді ол. 

Ұштап апай Ақтөбе пединститутындағы өзіне сабақ берген ұстаздары Насыролла Мұқанов пен Исатай Ілиясовты ерекше ілтипатпен еске алады. Есепті өте жақсы шығарып, бірақ мұғалім болғысы келмей жүргенде, Насыролла ұстазы «мұғалімдік қабілетің бар» деп бағалағаны өмір бойы есінде қалды. Кейін ұзақ жыл әріптес болып қатар жүрген, облыстық физика-математика мектебінің директоры болған Болат Ізбасаровты «Талапшыл, бірақ өте әділ еді. Ұстаздық жолымның қалыптасуына ықпал етті», деп бағалайды.

Ақтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетін аяқтағаннан кейін ұстаздары ғылыммен айналысуға шақырса да, отбасы жағдайымен туған жері Ойыл ауданының «Құрман» кеңшары Көптоғай ауылына оралды. Бұл кезде анасы Жаңыл Көптоғай мектебінің күндіз еденін жуса, түнде пешін жағады. Анасынан өзге табыс табатын «Құрман» кеңшарында мал дәрігері болып жұмыс істейтін ағасы ғана. Осындай өмір белесінен өтіп тұрмыс құрып, Алға ауданының мектептерінде сабақ берді. Содан кейін Ақтөбедегі физика-математика мектебінің іргесінің бекуіне көп еңбек сіңірді.

Бүгінде Ұштап апайдың шәкірттері биіктерді бағындырып келеді. Олар әртүрлі салада еңбектеніп жүр. Шетелге кеткендері де көп. Ол қазақ мектебінің білімі төмен деген қалыптасып қалған жалған түсінікке жаны қас. «Қазақ мектебінің білімі, қазақ балаларының намысы жоғары. Тек олардың намысын оятатын, жігерін жанитын жақсы ұстаз керек. Қазір технология жылдам дамып жатыр. Оқушыларымыздың сол жаңа біліммен айналысуына жол ашуымыз керек. Бірақ оған мектеп мұғалімінің шамасы жетпейді. Уақыты да тапшы. Баланы дамытуға тосқауыл қоймауымыз керек», дейді тәжірибелі ұстаз.

Мектеп оқушыларына өз күшіне сүйеніп адам болу, өмірде адал еңбекпен жетістікке жету қағидаларын ұғындыра білу өте маңызды. Баланы тәуелсіз болуға, елін сүюге үйрету керек. Осындай адал еңбегімен ақтөбелік мектеп оқушыларының бағын жандырған Ұштап Таңатарова – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен тұғырынан таймаған ұстаз. Нағыз ұстаз.

 

Ақтөбе облысы