Жас ғалым Жанар Айменова келешекте ұлт саулығын сақтауға пайдасы тиетін маңызды жобамен айналысып жатыр. Онысы – Ақсу-Жабағылы қорығында өсетін сирек өсімдік – көктем гүлін зерттеп, қайта көбейту және одан ісікке қарсы биологиялық белсенді қоспа дайындау.
– Батыс Тянь-Шань тауларының баурайында өсетін бұл өсімдік, өкінішке қарай, бүгінде жойылып барады. Сондықтан біздің алдымызда тұрған басты мақсат – гүлдің тұқымын сақтап қалу, микроклоналдық әдіспен тұқымын көбейту. Бастамаға қорықтың ғылыми қызметкерлері де белсене атсалысып жатыр. Батыс Тянь-Шань тауы Қытай елімен де шектесіп жатқандықтан, шығыстағы көршіміз бұл өсімдікті бастан-аяқ зерттеп, онда ісікті қайтаратын қасиеті бар екенін анықтапты. Ендігі міндетіміз – біздегі көктем гүлінің ісікті қайтаратын қабілетін және басқа да қасиеттерін анықтау. Өйткені өсімдік тау баурайында өскенімен әртүрлі жағрафиялық белдеуде, бөлек климат пен температурада жетілетіндіктен бойындағы емдік компоненттері де ерекше әрі сан алуан болып келеді, – дейді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне қарасты Фитохимия ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі.
Биотехнолог маманның айтуынша, көктем гүлі эндемикалық өсімдікке жатады. Яғни белгілі бір аймақтан басқа еш жерде өспейді. Сондықтан да оны Батыс Тянь-Шань тауларының бөктерінен басқа жерден табу қиын. Сирек гүлдің қасиетін ата-бабаларымыз да білген. Кезінде тау баурайын жайлаған бабаларымыз көктем гүлін табиғи антибиотик ретінде пайдаланыпты. Тұмау кезінде оны қайнатып ішкен адам сырқатынан құлан-таза айығып, аз уақыттың ішінде аяққа тұрып кетеді. Аталарымыз емге дауа ретінде қолданса, бүгін қазақтың жас ғалымы бабалар ізін жалғап өсімдікті ғылыми тұрғыда зерттеуге кіріскен. Зерттеуші экспедициямен Ақсу-Жабағылы қорығына барғанда қорықшылар қазақтың нәп-нәзік қызын көріп қатты қуаныпты. Себебі бұған дейін АҚШ, Еуропа елдерінің ғалымдары ғана таудың сай-саласын кезіп, шыңына дейін жетіп өсімдіктер әлемін құлшына зерттеген екен. Қазақтың жас ғалымына экспедиция барысында қорықшылардың көмек көрсетуге әзір тұратыны да сондықтан.
– Шетелдік ғалымдар үшін Қазақстан еркін, өте ашық ел. Оларға ешқандай шектеусіз ғылыми жұмыстармен айналысуға мұрсат берілген. Ал Өзбекстанда жағдай керісінше. Ешбір адам шекарадан бірде-бір өсімдікті алып өте алмайды. Қазіргі уақытта Өзбекстан ғылым академиясына қарасты Биорганикалық химия институтында жобаға байланысты қосымша зерттеу ісімен айналысып жүрмін. Аталған институтта жануарлармен зерттеу жасайтын Вивари бар. Бұл маған ғылыми жобамның нәтижелерін сынама-талдаулар арқылы нақты көруге мүмкіндік береді. Қолға алған ғылыми жұмысты сәтті аяқтаған соң биологиялық белсенді қоспа дайындауға тағы да конкурсқа қатысуға өтініш бермекпін. Егер жоба байқаудан жеңіп жатса, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тағы да қосымша қаржы қаралмақ. Бұл қомақты қаражат ғылыми жобаны коммерцияландыруға, яғни одан дайын өнім шығарып бизнес көзіне айналдыруға бағытталады, – деді Жанар Айменова.
Бұл ретте жас зерттеуші бүкіл дүние жүзінің ғалымдары бас қатырған қатерлі ісікті емдеудің керемет әдісін ойлап табу ісінде бірінші болып жаңалық ашсам деген арман-ниетіне асығып отыр.
– Көктем гүлінің латын тіліндегі ғылыми атауы – Granthis Longistipitata. Республика бойынша былтыр басталған «Жас ғалым» конкурсына қатысу үшін осы гүлді зерттеп, одан ісікті емдейтін биологиялық белсенді қоспа алу мақсатында жобамды таныстырдым. Ұлттық кеңес жобамды мақұлдап, соның нәтижесінде тиісті қаражат бөлінді. Екі жыл уақытқа есептелген жобамды жүзеге асыруға 18 млн теңге қарастырылды. Осы мерзім аралығында көктем гүлінің таудағы өсу кезеңдерін бақылаймын. Сосын қазіргі экологияның өсімдікке қаншалықты әсері барын анықтаймын. Әрі қарай тұқымын көбейтіп, жойылып кету қауіпінің алдын алу бағытында жұмыс жүргіземін. Бұдан бөлек, өсімдіктен тұнба әзірлеп, одан ісікті емдейтін ерекше компоненті хромонды бөліп алып, кейін оны терең талдап, зерттейтін боламын. Жобамның түпкі нәтижесі – көктем гүлінен әртүрлі ісіктерді, оның ішінде қатерлі түрін емдейтін биологиялық белсенді қоспа дайындау. Егер зерттеуім күткен нәтижеден асып-түсіп жатса, онда биологиялық қоспадан клиникалық зерттеулер әдісімен дәрілік препараттар әзірлеуге де жол ашылады. Алайда бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытты алатын ауқымы кең үдеріс және бұл іспен айналысатын ғылыми сала мамандары да бөлек болады. Дегенмен қатерлі ісікпен күресетін шипалы шөптен биологиялық қоспа ойлап табудың өзі отандық ғылым үшін үлкен жаңалық болар еді, – дейді жас ғалым.
Ж.Айменова магистратура мен докторантураның ғылыми-практикалық іс-тәжірибесін Мәскеуде және Германияда өткізіп қайтқан. Осы ретте ол батыстағы зерттеу жұмыстарына арналған материалдық-техникалық базаның әлеуеті өте жоғары екенін айтты. Дегенмен шетелдіктер біздің тұмса табиғатқа қатты қызығатынын жасырмады. Өйткені Қазақстанда табиғаты бүлінбеген, топырағы бұзылмаған жерлер көп. Ондай аймақта өскен гүлдер мен шөптердің де қасиеті ерекше, экологиялық таза болып келеді. Сол үшін биологиялық медициналық зерттеу саласында әлі талай жұмыстар жүргізуге, қаншама жаңалықтар ашуға мүмкіндік көп, депті шетелдік ғалымдар.
Кейіпкеріміз елімізде кейінгі уақытта ғылым саласына көңіл бөліне бастағанын жеткізді. Арнайы министрліктің құрылуы, зерттеумен айналыса бастаған мамандарға қаржылай қолдау көрсету мақсатында республика көлемінде «Жас ғалым» конкурсының қолға алынуы, сондай-ақ қолданбалы ғылыми жобаларды және оларды коммерцияландыруға ерекше назар аударыла бастауы соның дәлелі. Жас ғалым алдағы уақытта көктем гүлін тереңірек зерттеу барысында қытайлық тәжірибеге сүйеніп, аспанасты елімен де ғылыми байланыс орнатуға бейілді.
ШЫМКЕНТ