• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Бизнес 08 Наурыз, 2023

Гүл нарығы «гулеп» тұр

405 рет
көрсетілді

Гүл бизнесінің тек мерекелік күнтізбелердегі сән-салтанаттық рәсімдерге ғана емес, күнделікті тұрмысымызға тәуелді екені жыл өткен сайын байқала бастады. Өміріңе із қалдырған қуанышты сәттерде бір-бірімізге гүл сыйлағымыз кеп тұрады. Гүлдердің әдемілігіне бас имейтін адам жоқ. Әсіресе әйелдердің ықыласы ерекше. Қазір туған күн де, үйлену тойы да, тіпті марқұммен қоштасқан қаралы жиындар да гүлсіз өтпейді. Басқаша айтқанда, дүние есігін гүлмен ашып, гүлмен жабатын дәстүр тұрмысымызға тереңдеп, енді, жан-жағымызға деген ілтипатымыздың белгісі ретінде қалыптасты.

Осыдан 5-6 жыл бұрын гүл шоқтарын сатып алушының таңдауы шектеулі болды: Гүл сататын салон немесе дүкендерге барсаңыз мәселе шешілетін. Технологияның дамуы гүл бизнесін де цифрландырып жіберді. Осыған дейін гүл шоғы тек әдемі жылтыр қағаздармен безендірілсе, қазір сатып алған гүліңіз бірер аптаға дейін сұлулығын сақтап тұратын торф немесе түрлі қоспа салынған құмырасымен қоса сақталады. Мұндай гүлдердің бағасы жылтыр қағаздағы гүлдермен салыстырғанда 10 пайызға жоғары жүреді. Тіпті өткен жылдың 8 наурызында ішінде гауһар жүзік салынған гүл шоғының 1 млн теңгеге сатылғаны айтылды.

Ал ақпанның соңғы күндері Алматы әуежайына 4 тонна қызғалдақ, раушан және гүл шоғырларын жасайтын гүлдер жет­кізілді деген хабар тарады. Бұл соңы емес, гүл көшінің басы көрінеді. Сарап­шы­лардың сөзіне ден қойсақ, мереке күн­дерінде сатылатын гүлдердің 70 па­йызы Алматы қаласы арқылы өзге қала­лар­ға тарайды. Олардың сөзінше, Алматы, Астана мен Шымкент гүл индустриясының астанасына айналып келе жатыр.

 

Қажеттілікке бейімделген бизнес

Қазір гүл бизнесінің бәсін патша кө­ңілді тұтынушының қалтасы мен тал­ға­мы анықтайды.Алматыдағы ірі сауда желілерінде ақпан айының үшінші окүндігінен бастап үй гүлдерінің түр-түрінің саудасы қызып тұр.

«Магнум» сауда желісі баспасөз қызметінің өкілі Дмитрий Шишкин гүл бизнесінің тек маусымдық қана сипатқа тәуелді еместігін айтып берді.

«Гүл бизнесін нарықтың бір сегменті ретінде қалыптасты деп қарастыруға болады. Әзірге екі бағыт – үй гүлдері мен әдет­тегі гүл. Бұл бағытта Алматыдағы «Маг­нум» және «Леруа Мерлен» сауда желі­сінде жылдың төрт мезгілінде үй гүлдерінің саудасы тоқтаған емес. Бұл фактор гүл бизнесінің тек мерекелерге ғана тәуелді емес екенін көрсетіп тұр. Үй гүлдері арасында орхидея немесе замиокулькас гүлдері сұранысқа ие. Мереке кезінде алғашқысының бағасы 12-15 мың теңгеге дейін саудаланса, соңғысы 50-70 мың теңгенің арасында. Үй гүлдері бизнесі қазір басымдыққа ие бола бастады. Мысалы, орхидея гүлдеп тұрған кезінде 12-15 мыңнан саудаланса, гүлі түсіп болған соң 5-5,7 мың теңгеге сатылады. Гүл бизнесі де нарықтың және халықтың қажеттілігіне бейімделді, қазір үй гүлдері кеңсенің де, үйдің де сәндік интерьерлерінің бір атрибуты ретінде қалыптасты. Алдағы бес-алты жылда кесілген гүл мен үй гүлдерінің арасындағы басымдық соңғысына ойыса бастауы мүмкін», дейді Д.Шишкин.

Осы күнге дейін Ресей кесілген гүл­дердің әлем­дегі ең ірі тұтынушысы бо­лып келді. Сарап­шылар оны АҚШ, Германия, Нидерланд, Ұлыбритания және Франциядан кейінгі алғашқы алты импорттық елдің қатарына қосқан. 2021 жылы ресейлік гүл нарығының нақты сыйымдылығы 40 млрд долларға бағаланған. Қазіргі жағдайға байланыс­ты бұл көрсеткіште өзгерістер болуы, көрші елге бағытталған гүл импортының бір бөлігі бізге қарай ауысуы әбден мүмкін. Санкциялардың бесінші пакеті аясында Еуропалық Одақ (ЕО) гүл өнеркәсібінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті тауарлардың бүкіл тізімін Ре­сейге әкелуге тыйым салды. Олардың ара­сында қызғалдақ пияздары, кесінділер мен көшеттер, раушандар (егілген және егілмеген), жабық өсімдіктер, азалиялар және рододендрон бар.

2022 жылдың көктемінде Ресей үкіметі гүл нарығын ауыл шаруашылығы сег­ментімен теңес­тір­генін хабарлады. Қаң­тар айында олар Голландияға өте­тін гүл аукционын айналып өту үшін Африкадан нарық көзін іздей бастады. Ал біздің нарықтағы бойы 2 метр кесілген раушан гүлдерін Голландия Африкадан импорттайды. Шығыс Африкадағы бұл ел еуропалық гүл нарығының 38 пайызын жайлап отыр. Жалпы, нарықтың осы сегменті қалыптасты, жеткізушілермен және көтерме саудагерлермен жұмыс жолға қойылды. Сатушылар жұмыс істейтін стандартты тетік те жүйеленіп қалған. Бірер жылдан бері ғаламтордың жетістігі – ортадағы делдалдардың қата­рын азайтып жатыр. Кейбір компаниялар әлемдегі ең ірі гүл экспорттаушылармен тікелей аукцион арқылы байланысқа шыға алады. Тауардың өзіндік құнына оны сатып алу құны, тасымалдау және кедендік салықтар кіреді.

 

Бағасы 2 есе өскен

Өткен жылдың екінші жартысынан бастап ішкі нарықта импорт гүлдер тапшылығы байқалыпты. Онымен қоса биыл гүл бағасы 1,5-2 есеге дейін өскен. Гүл тапшылығы биылғы наурызда да болуы мүмкін екенін сарапшылар айта бастады. Нидерланд, Германия және Голландияда энергия бағасының өсуіне байланысты өткен жылдың қаңтарымен са­лыстырғанда гүлдердің бағасы 27 па­йыз­ға қымбаттаған.

Сарапшылар гүл бағасына Валентин не­месе посткеңестік елдерде тойланатын 8 наурыз мерекесі де әсер етуі мүм­кін екенін жоққа шығармайды. Мереке күндері тек бізде емес, бүкіл әлемде гүл бағасы қымбаттайды. Жай күндері данасы 1,5 мың теңгеден аспайтын бойы екі метр раушан гүлдері жо­ға­рыда айтып кеткен 2 күнде 3 мың тең­геге қымбаттайды. Гүл сапасының халықаралық стан­дарттарға сәйкестігіне қарай оларға рейтинг қойылады, баға да сол негізде қалыптасады. Сату­шылар на­рықтағы ұқсас сорттардың құнын бас­шы­лыққа алатынын сарапшылардың бәрі айтады.

Де­генмен осы сегмент ойыншы­ла­ры­ның айтуынша, демпингті асыра сілтейтіндер нарықтың барлық сегментінде бар. Florist.kz интернет-гүл салонының иесі Денис Хон журналистермен кездескен кезде нарықта заң жолын аттамайтын адал ойыншылар демпирлерді жақтырмайтынын, олардың басым көпшілігі тауарларды ең төменгі маржамен сататын көтерме компаниялардың өкілдері екенін айтыпты. Мұндай жағдайда сатушылар үнемі зардап шегеді, өйткені олармен бәсекеге түсудің тәуекелі өте жоғары екен. Негізгі құнның келесі 30 пайызы тасымалдауға тиесілі, өйткені көптеген ірі компаниялар жүктерді біршама қымбат көліктермен – ұшақпен тасымалдайды, осылайша шығындарды арттырады. Қалған үлес кедендік салықтарға, мысалы, импортқа ҚҚС және кедендік баждарға бөлінеді. Мысалы, голланд раушандарының құны (80 см) бір дана үшін – 550 теңге, B2B секторы үшін көтерме сауда бағасы қазірдің өзінде 600-620 теңгені құрайды, ал бөлшек саудада дәл сол гүлдер шамамен 1,2-2 мың теңге тұрады.

Сарапшылардың еліміздегі гүл нарығы туралы пікірі әзірге оң. Нарықта гүл күтуге маман­дан­ған топ та пайда бола бастады. Демек алдағы уақытта колледж немесе ЖОО жанынан осы бағыттағы мамандарды дайындасақ, алдағы бес-алты жылда экономиканың бір сегменті ретінде қарастыратын, кейбір бағыттар бойынша демеу қаржы арқылы дем салып жіберетін деңгейге жетіп қалады.

Гүл нарығына қатысты соңғы зерттеулерде нарық көлемі жылына 100-ден 130 млн долларға дейін өзгеріп отыратыны айтылған. Ал импорт көлемі – 39 млн доллар. Раушан гүлін өсіруге арналған ең ірі еліміздегі жылыжайлар Екібастұз (5 га), Степногорск (3 га) қалаларында және Алматының іргесіндегі Өтеген батыр (3 га) және Ұзынағаш (шамамен 2 га) ауылдарында орналасқан. Олар бірге жылына шамамен 25 млн гүл шығарады, бірақ бұл көрсеткіш нарықтың тұрақсыздығына байланысты үнемі өзгеріп отырады. Отандық тауар өндірушілерді қол­дау­шылар бұл көлем халықтың орташа жылдық сұранысын өтеуге әбден жетеді деп сенеді. Салыстырсақ, Францияда бұл сегменттің 80 пайызы – импорт. Сарапшылардың да, гүл бизнесінің өкілдері де соңғы жиырма жылдықта сатып алушының талғамы өзгергенін, басым бөлігі үй гүлдерінде де, кесілген гүлдерде де неғұрлым үлкен гүл шоқтарына басымдық беретінін айтады. Бұрын гүл дүкендері раушан, қызғалдақ, лалагүл, хризантема сияқты стандартты гүл түрлерін ұсынатын. Бүгінде олардың қатары ерекше экзотикалық гүл­дермен толықтырылған.

Қаптаманың түрі де әртарап­тан­ды­рыл­ды. Бір­неше жыл бұрын сатып алушы келіп, гүл шоғын алып, мөлдір жылтыр қағазға орап, лентамен байласа, қазір күңгірт қағазға оралған төрт-бес түрлі гүл шоғына басымдық береді.

 

Нарық талаптары да өзгерді

Бұрын сары гүл сатқындық пен са­ғы­ныш белгісі болса, қазір ол байлық пен күн шуағының көзге көрініп тұрған ба­ла­масы ретінде қабылданады.

Гүл бизнесінде тасымалдауға немесе тұ­тыну­шы­лар­дың сатып алу қабілетіне бай­ланысты бірнеше тәуекелдер бар. На­рық­тың жаңа қатысушылары үшін үлкен тәуекелдер – тұрақты тұтыну­шы­лар­дың болмауы немесе тауардың өтпей қалуы бизнестің алға жүріп кетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан кәсіби ойыншылар нарықтағы жаңа ойыншыларға алғашқы уақытта көп қаржы салудың қажеті жоғын ескертеді. Бірақ дәл қазір 1 млн теңгемен гүл саудасын бастап нарықты бағындырам деп сеніп қалуға тағы болмайды. Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2021 жылы Қазақстанда гүл саудасының айналымы 44 млн доллар төңірегінде болған. Бизнестің бұл түріне дайындықпен кіріспесеңіз, сазға отырып қалуыңыз әбден мүмкін.

«FlorAmie» басшысы Әмина Сер­жа­нованың айтуынша, онлайн-сау­даға қарағанда офлайн саудада тәуекелдер көп. Егер гүл бірер күн өтпей қалса, оны тым болмаса өз бағасына сатып жіберуге тырысу керек. Интернеттегі саты­лымдарда бұл тәуекел азырақ, өйт­кені гүлдерді алдын ала тапсырыс­пен алады немесе тапсырыс берушінің қалауымен әзірлейді. Бұл сегменттің табысы офлайндағы саудаға қарағанда төмен болуы мүмкін, бірақ шығынсыз жұмыс істейді.

«Гүл бизнесінде бәсекелестік өте жоғары. Қазіргі уақытта ең танымал сату плат­формасы – Instagram. Тұрақты тұты­ну­шылары бар фирмалар төмен баға қояды және олардан барлығы сатып алуға жүгіреді деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Біздің бизнесте тұрақты клиенттің болуы маңызды. Клиенттерімізбен достық қарым-қатынас орнаттық», дейді Әмина Сержанова.

Гүл нарығы қазаққа, қазақ гүл нары­ғына бауыр басып кетпесе де, алға жылжу бар. Алматыға 4 тонна гүлдің жетіп үлгергенін жоғарыда айттық. Са­рап­шы­лар экспорттың мұнымен шек­тел­мей­тінін айтып отыр. Шамалап ал­ған­да, еліміздің бір жылдағы гүлге деген қажеттілігі 20-25 тонна деген дерек бар.

 

АЛМАТЫ