Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Балалар қауіпсіздігі – басты мәселе
Осы мәселе жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020 жылмен салыстырғанда республикада бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының саны 2,5 есеге, лицензияланған күзеті 7 есеге және ескерту түймелері 21 есеге артқаны туралы баяндады. Бүгінгі таңда осы бағыттардағы жұмыс жалғасуда.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік жүйесін жетілдіру үшін білім беру ұйымдарындағы бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін күшейту, олардағы бақылау-өткізу режімінің тәртібін айқындау, дағдарыс жағдайында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға баса назар аудара отырып, тәрбие жұмысын қайта форматтау және педагогтерді даярлау мен қайта даярлау бағдарламасына жаңа тақырыптық модульді енгізу жоспарлануда.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов атап өткендей, елімізде білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғау жөніндегі Нұсқаулық бекітілген. Оның шеңберінде 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелері болуы тиіс, ал 700 адамға дейінгі білім ошақтарында – бейнебақылауларды жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосу және дабыл түймелерін орнату, 700-ден астам адамы бар және облыс орталықтарының барлық мектептерінде турникеттер мен қосымша лицензияланған күзетпен шарт болуы тиіс. Бүгінгі таңда ҚР ТЖМ-мен бірлесіп барлық білім беру ұйымдарына кешенді тексеру жүргізілуде.
Өңірлерде жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және Абай облысының әкімі Нұрлан Уранхаев баяндама жасады.
Премьер-министр баяндамашыларды тыңдап, Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл батырмаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.
«Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс» деді Премьер-министр осыған орай.
Сонымен қатар атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1 100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режімі қатаң сақталмайды.
«Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі» деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы осы жылдың 1 сәуіріне дейін мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау жұмыстарын аяқтауы қажеттігін айтты.
Оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру
Үкімет отырысында орта білім берудегі оқу процесін цифрландыру барысы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу және оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру көзделгенін атап өтті. Осыған байланысты таяу жылдары педагогтерді тиісті даярлауды жүргізу, цифрлық оқулықтар мен арнайы білім беру платформаларын қолдануды кеңейту, мектептерді техникамен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды жалғастыру жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда республика бойынша 7 мың мектепке электронды журналдар мен күнделіктер жүргізу, үй тапсырмаларын бағалау, беру, жоспарлар жасау және қашықтан оқыту үшін білім беру платформалары (Kundelik, білім, EDU және т.б.) енгізілді. Сонымен қатар мектептің мобильді қосымшалары, аналитикалық тақталар, асхана мәзірі және т.б. қосымша қызметтер бар.
Сонымен қатар министр қазіргі уақытта оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа ауыстырылып, мемлекеттік сараптамадан өткенін айтты. 2024 жылы пәндерді цифрлық оқулықтармен 100% қамту жоспарланған.
Сондай-ақ мектептерде қосымша оқу материалдары ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді түрде пайдаланылады. Бүгінгі таңда білім берудің барлық деңгейлері бойынша пәндердің 100%-ы қамтылған 50 мыңнан астам ресурс құрылды. Осы жылдың басынан бастап цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды, оларға күн сайын үш млн оқушы мен мұғалім жүгінеді.
Мәселені түйіндеген Премьер-министр оқушыларды электрондық оқулықтармен қамтамасыз етудің маңызын айтты.
«Онда анимациялық, мультимедиалық компоненттер мен тапсырмалар көрініс табуы керек. Бұл оқулықтар кез келген компьютерде немесе мобильді гаджетте қолжетімді болуы тиіс», деді Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-министр 15 наурызға дейін Оқу процесін цифрландыру жөніндегі жол картасын қабылдау керектігін айтты. Онда оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру, мектептерді интерактивті жабдықтармен қамтамасыз ету, заманауи білім беру технологияларын енгізу жөніндегі шаралар көзделуі тиіс.
Әйелдер мемлекеттен қандай қолдау алады?
Үкімет отырысында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығы мәселелері талқыланды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын айтып өтті. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және теңдікті ілгерілету жөніндегі нормалар көзделген.
2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. Сондағы 17 мақсаттың 12-сі – гендерлік-сезімтал. 2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді.
Бүгінде мемлекеттік қызметте, саясатта және корпоративтік секторда әйелдердің қатысуын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Статистикаға сәйкес 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан астамға (46,5 мың) жетті, олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың арасында министрлер, агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.
2021 жылы шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі 44,6% болды. Кәсіпорын басшыларының 30%-дан астамы – әйелдер. Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторларды мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау да артып келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 4,3 млн әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ы. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласында, 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, 536 мың әйел жұмысқа орналастырылды, бұл – барлық жұмысқа орналастырылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы – кейіннен жұмысқа тұрғызу немесе өз ісін ашу мүмкіндігімен оқыту. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алды, ал 31%-ы мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысты.
Сонымен қатар министр өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылғанын, оның аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғанын, оның 50%-ы әйелдер екенін атап өтті. Биыл жобаға қатысу жасы 58 жастан 50 жасқа дейін төмендетілді. Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар өз біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдау жасай алады.
Министрдің айтуынша, биыл ана мен баланы қолдау шараларымен 2,1 млн отбасы қамтылмақ, оларға мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен 1,2 трлн теңге бағытталады. Атап айтқанда, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел алады.
Одан бөлек министр өз сөзінде бала тууға арналған біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту және көпбалалы аналарды қолдау шаралары туралы айтты.
Әйелдер денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, әйелдерге арналған жаңа цифрлық шешімдер туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, әйелдер бизнесін қолдау бағдарламалары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр көптеген елде әйелдер қауымы гендерлік кедергілерге тап болатынын айтты. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2022 жылғы мәліметтері бойынша, гендерлік алшақтықты жою үшін 132 жыл қажет болады. Қазақстан өз кезегінде, 15 тармаққа көтеріліп, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде өз позициясын жақсартты. «Біздің елімізде әйелдер мемлекеттік басқару ісіне тең дәрежеде қатысады, белсенді қоғамдық қызмет жүргізіп, бизнес-жобаларды іске асыруда. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі – 45%. Бұл АҚШ пен Түркия сияқты елдерге қарағанда, жоғары көрсеткіш», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы қазақстандық әйелдер «Даму» қоры қолдаған жобалардың жартысына жуығын жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл ретте жобалардың үштен бірін ауылдық жерлерден келген кәсіпкер әйелдер алды.
Жыл басынан бері бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Одан бөлек Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі. «Бұл мәртебе көпбалалы аналарды құрметтеп, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында «Күміс алқамен», «Алтын алқамен» марапатталған, бұрын «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады. Марапатталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері сараланып, ұлғайтылатын болады. Шамамен 90 мың ана осындай игілікке ие болады», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы перинаталдық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Олардың көпшілігі талапқа сай емес. «Ана мен баланы қорғау жөніндегі тұжырымдама жобасында перинаталдық орталықтардың инфрақұрылымын жаңғыртуды ескеру керек. Соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығын жөндеу және жарақтандыру мәселесін шешуді жеделдетуі қажет», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әкімдіктер Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша шаралар қабылдап, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыттың іске асырылуын үйлестіру мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі керектігін айтты. «Сонымен қатар кәсіпкер әйелдердің жобаларын қаржыландыруды кеңейту, оларды капиталды көп қажет ететін жобаларға, мысалы, өңдеу өнеркәсібіне тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Осы жұмыстың жүргізілуін кеңінен түсіндіру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетуі тиіс», деп түйіндеді Премьер-министр.