• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 10 Наурыз, 2023

Аумақтық комиссияларға арналған кеңес

177 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Конс­тантин Петров пен комиссия мүшесі Сәбила Мұстафина Қарағанды мен Ұлытау облыс­тары­ның аумақтық сайлау комиссияларына инспекциялық сапармен барды.

Сапар барысында комиссия мүшелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша жергілікті жерлерде көшпелі семинар-кеңестер өткізді. Іс-шараға жергілікті атқару­шы органдардың өкілдері, облыс­тық прокуратуралардың қызметкер­лері, аумақтық сайлау комиссиялары­ның мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Инспекция­лық сапар­дың негізгі мақсаты сайлау заңнамасының жаңалықтарын түсін­діру, сайлау комиссияларының мүше­леріне әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ алдағы сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің есептерін тыңдау екені белгілі.

Қарағандыда өткен жиында облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Ғалиев өңірде сайлауды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабар­дар етті. Ол облыстағы сайлаушы­лар саны 761 471 адамды құрайты­нын атап өтіп, 654 сайлау учаскесі­нің жұмысы ұйымдастырылғанына тоқталды.

«Сайлау учаскелерін ашу барысында мүгедектігі бар адамдардың да қажеттіліктері ескеріліп, арнайы жабдықталған бұрыштар ашылды. Онда сайлау бюллетенін толтыру тәртібінің аудио нұсқалары, сайлау бойынша ақпаратты тыңдау, қосымша жарықтандыру және оптикалық түзету құралдары қойылады. Сондай-ақ кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылар үшін жасырын дауыс беруге және жүріп-тұруға арнал­ған кабиналардың ыңғайлылығы, сон­дай-ақ ақпараттық материалдармен танысудың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сөйлеу немесе есту қабілеті бұзылған адамдар үшін дыбыс күшейт­кіштері мен құлаққаптар орнатылады», деді Е.Ғалиев .

Семинар-кеңес барысында облысы прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер сайлау науқа­ны­ның барлық кезеңдерінде заңды­лық­тың сақталуын жоғары қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

Ал Ұлытау облысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әкім аппа­ратының басшысы Абзал Жай­лыбаев есеп берді. Аппарат басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 70 округтік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Облыс бойынша барлығы 134 сайлау учаскесі, оның ішінде 123-і ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділік­пен жаб­дықталған, қалған 11 сайлау учаскесі уақытша пандустармен жабдықталған. Сайлау науқаны кезінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін сайлау учаскелерінде аудиожазба және Брайль трафареттер түріндегі ақпараттық материал пайдаланылады. «Барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған», деді Абзал Жайлыбаев.

Облыстағы сайлаушылардың жалпы саны 141 285 адамды құрай­ды. Барлық қала мен ауданда сай­лаушылар тізімін тексеру және сайлау учаскелерін нақтылау үшін Сall-орталықтардың жұмысы ұйым­дастырылды. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайттарында сайлау­шылар тізімінде өзін іздеу бойынша қызметтер бар Telegram_bot, сай­лау­шыға сайлау учаскесінің мекенжайын білуге және белгілі бір округтен тіркелген кандидаттардың тізімін алуға мүмкіндік береді.

Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде Қарағанды мен Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойын стилінде тренингтер ұйымдастырылды. Тренингтің мақсаты – сайлау комиссиялары мүшелерінің дауыс берудің барлық рәсімдерін сапалы меңгеруі, сайлауға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі, есептен шығару куәліктері, азаматтардың ауызша және жазбаша өтініштері, қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қарым-қатынас жасау тәжірибелік дағдыларын игеру.

Семинар-кеңес соңында Ортсай­лауком мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын сұрақтарға жауап берді.