Музыка мәтініндегі драма ойыңды онға бөлетіні, жан әлеміңді тас-талқан ететіні рас. Бұл әнде пафос та, лирика да жоқ. Есесіне ұлттың трагедиясынан аза бойың қаза болғандай күй кешесің. Бір ғасырдың қасіреті көз алдыңнан кино сюжеті секілді өтіп жатады. Талғамсыздық салтанат құрған ғасырда «Қара кемпір» секілді шығармаларды бір мезгіл тыңдап тұрғанның артықтығы жоқ.
«Сағындым Жексенқұлым,
Қосшықұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.
Қырық жыл аңыраған сорлы ананың,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін»,
деп басталатын әндегі азалы үн Алтынбек Қоразбаевтың даусымен құлағыңа жеткенде жанарың жасқа шыланып кететіні даусыз. Енді ше, жылдар бойы ұлдарының қазасына сенбеген ананың бейнесі өн бойыңды шырмап алмай қайтсін...
«Қара кемпірді» тыңдаған сәтте боз жусанды жамылған даланың төбесінен қара бұлт төніп тұрғандай көрінеді. Жай бұлт емес, қайғыны, қасіретті жетектеген, көк жүзінде жанына мұң толтырып жүзген қатпар бұлт па дерсің.
Содан соң... Кейуананың үміт пен күдікке толған жанарын көресің, сезінесің. Жексенқұлы мен Қосшығұлының өліміне сенбейтін, жүрегі әлдебір әлсіз үміттің сәулесіне сенген, жүзіндегі тарамдалған әжімін үміт жарығына алмастырғысы келген ана...
Жаның ауырады. Майданға аттанған қос құлыншағының жолына өлгенше қараған шешейдің мұңы бойыңды билеп ала беретіні рас қой. Қай ана баласын өлімге қисын... Қисынға салсақ, ешкім де қимайды ғой. Ол «екі ұлың ерлікпен мерт болды» деген хабарға да сенбейді, сенгісі келмейді. Илануға қақысы жоқтай көрінеді. Жанының жарасын жасырғысы келген ананың жан қасіреті... Кімді де болсын ойландырмай, толғандырмай қоймайды.
«Қара кемпір» әні арқылы күллі қазаққа танылған Қызылсайға табаның тисе, қара кемпірдің мұңын еститіндей сезім бойыңды билей түседі. Драмалық ән шумақтары бойыңды өрттей шарпып өтетіндей ме?! Қара кемпірдің үні көктен естіліп, жерде жаңғырып, жаныңды қоярға жер таппай кететінің айдан анық. Қысқасы, Қоразбаев «Қара кемпірі» арқылы әдебиетте жасалуы тиіс типтік образды әнімен жасады. Әнмен қойылған ескерткіш демеске лажың да жоқ.
«Қызылсай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос боздақтың елесі көп.
Білемін өлім бар ғой өле алмаймын,
Өйткені мал-мүлкімнің егесі жоқ.
Көңілім сонша неге қоңырлайды-ау,
Торлап бір алғаны ма өмір қайғы.
Ата су Аспараға сағындырған,
Қос қозым неге келіп шомылмайды»,
деген ән жолдары – ананың жан қайғысы. Әннің бүкіл табиғаты осы екі шумаққа сыйып кеткендей күй кешесің. Әрине, жан толғауының басқа шумақтары да кісі баласын бейжай қалдырмайтыны анық.
Майдан даласында Қызылсайдан кеткен қаншама сарбаз оралмады десеңізші. Үміт еткен көзінің нұрындай балаларының жолына көзі талғанша қараған аналар аз емес қой. Соғыс трагедиясы талай нәзік жанның жүрегін жұлым-жұлым, жырым-жырым еткені ақиқат. Қайғырған шешелердің азалы үнін есту қандай ауыр. Сол қасіретті жүрек көзінен өткізген Алтынбектің әні ескірмейтіні даусыз.
«Қара кемпір» әні туралы талай қаламгер, тіршілігін тілшілікпен байланыстырған журналистер толғана отырып жазғаны да мәлім. Ғасыр қасіретін жырлаған әнге қойылған ескерткіш те бар. Әсіресе белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың жазбасы жүректі шымырлата түсетіні даусыз. Әннің драмасы сартап далаға жайылғанда Қызылсайдың өзі де қызарып кететін сияқты...
Әнді жазған Алтынбек Қоразбаев «Қара кемпірдің» жан әлеміне дендеп еніп кеткені талас тудырмайды. Өйткені шығармадағы күллі қасірет тыңдарманның бойына сіңіп қалады. Автормен бірге қайғыра түсесің, ойға шомасың...
«Қайсыбір жылы елді мекен іргесіне тікұшақ қонған екен. Сол кезде кейуана: «Барыңдаршы, сұраңдаршы, қос құлыншағымды көрген болар» деген екен. Ананың азасын түсінген халық: «Расында, ұлдарыңызды көріпті. Олар көк жүзінде ұшып жүр екен» деп кейуананы жұбатқан деседі. Сонда ол: «Қосшығұлым мен Жексенқұлым тірі деп айттым ғой. Олар әлі келеді», деген сенімін жасырмапты», деген Алтынбек Қоразбаевтың пікірі жүректі тілгілей түсетіндей.
Қанды соғыс қасіреті қаншама отбасының үмітін үзді десеңізші. «Қара кемпірді» тыңдаған сайын қазақ даласы мен қазақ баласы бастан кешкен қасірет көз алдыңа түрлі бейнеде тұрып алады. Жүрекке салмағы зілмауыр жүк артатын ән есті ұрпақтың жадынан ешқашан өшпесі анық. Өйткені мұнда бір ананың ғана емес, бір ұлттың трагедиясы тұнып тұр. Оған ешкімнің дауы жоқ.
Неге екенін қайдам, «Қара кемпір» туындысын тыңдаған сайын Қызылсай көз алдыма келе береді. «Қара қағаз» Қызылсайға, қырғыздың қызына, кейуанаға жетпеуі керек пе еді деген ой санаңда тұрып алады. Бірақ ол біздің қиял ғана ғой. Кейуананың есін жоғалтуына әсер еткенімен, қаралы хабар оның үмітін сөндіре алмап еді-ау. Тек азалы жанның жүрегіне дақ түсірді...
Әнге арқау болған «Қара кемпірдің» ескерткіші еңкіш тарта қоймас. Өйткені оның мұңы – қазақтың трагедиясы, қазақ аналарының жазылмас қасіреті. Бүгінде аз ғана мал айдаған әйел затын көрсек, «Қара кемпір» ойға оралатыны бар. Содан соң, Алтынбектің әнін қайта тыңдайсың, бір емес, бірнеше мәрте... Өміршең әннің өлмеуінің сыры да тарихында жатса керек...
Жамбыл облысы