Тісі тызылдап ауырған адамның жанын қоярға жер таппай мазасызданатыны – түсінікті жайт. Ал мұндай жайсыз сезім бауыр етің – балаңды шырылдатқанда еш аянып қалмастан дереу емдетуге тырысамыз. Бірақ тіс емдетудің ақысы қалтаға салмақ түсіретіні тағы бар. Бұл ретте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арқылы балалардың тісін тегін емдетуге болатынын қаперде ұстаған жөн.
Кейінгі жылдары МӘМС есебінен белгілі бір санаттағы адамдарға стоматологиялық қызметтер тегін көрсетіліп келеді. Алайда мұны әлі көп адам біле бермейді, білген күннің өзінде құнттай қоймайды. Аталған жүйе аясында тісін емдетушілердің қатары енді-енді артып жатыр. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі басым. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша 2021 жылы МӘМС есебінен балаларға 20 млрд теңгеден аса сомаға 8 млн емшара жасалса, 2022 жылы 33 млрд теңгеге 11 млн-нан аса стоматологиялық қызмет көрсетілген.
Тегін стоматологиялық көмек тек мемлекеттік емханаларда ғана емес, жекеменшік медициналық ұйымдарда да көрсетіледі. Биыл 800-ден аса клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасады, яғни сол мекемелерде МӘМС аясында стоматологиялық қызмет көрсетіледі.
«Біздің клиника 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Сол кезден бастап пациенттерді МӘМС есебінен емдей бастадық. Басында тұрақты пломба ма, түсіп қалмай ма деп сұрайтындар болды. Қазір балаларын әкеліп емдететіндер көп. Жүкті әйелдер де көптеп жазыла бастады. Себебі олар біздің сапаға жұмыс істейтінімізді және МӘМС-тің аясында қомақты қаржыны үнемдеуге болатынын түсінді. Стоматологиямызда 10 білікті дәрігер жұмыс істейді. Қазір күніне орташа есеппен 80 адамды МӘМС аясында қабылдаймыз. Шұғыл медициналық көмекке зәру азаматтарды кезекпен қабылдап жатырмыз», дейді стоматологиялық бөлімшенің меңгерушісі, ортопед-дәрігер Ілияс Жариков.
Осы орайда жекеменшік клиниканың стоматологі Бибінұр Уәлиева ата-аналар балаларының тіс күтімін қаперде ұстау керек екенін алға тартты.
«Тәжірибе көрсеткендей, МӘМС аясында стоматологиялық көмекке негізгі жүгінетіндер – балалар. Олардың арасында тіс жегісі мен оның асқынған түрі көп кездеседі. Бұл ең әуелі ауыз қуысын дұрыс күтпегеннен болады. Жұмсақ тағамның да әсері бар. Тіс құртының алдын алмаса, буыны бекімеген баланың жақ сүйегіне дейін қисайып, тісі өспей қалуы мүмкін. Сондықтан тісі ауырған бойда стоматологияға бару қажет. Балаларды алты ай сайын тіс дәрігеріне тексеруге апарып тұру керек. Сондай-ақ оларға тістерін қалай дұрыс тазалау керек екенін көрсетіп, бақылап отырған жөн», деп кеңес берді Б.Уәлиева.
Осындай игілікті көріп, немересінің тісін ақысыз емдеткен астаналық Мәриям апай зор ризашылығын білдірді. Бұл кісі алғашқысында МӘМС есебінен баланың тісін емдетуге болатынын білмеген екен. Ол немересін үйінің қасындағы жекеменшік стоматологиялық клиникаға апарған. Тіс дәрігері баланы қараған соң, панорамалық сурет жасатуға 4 мың теңге төлеу керек екенін айтады. Мұны төлегеннен кейін маман зейнеткердің қолына емдеу жоспарын түсіндіріп, жалпы құнын айтады. Есептей келе, баланың 8 тісін емдеуге 200 мың теңгедей керек екені белгілі болды. Алдыңғы қос күрек тісті қалпына келтіруге – 50 мың теңге, екі үлкен азу тістің түбірін жұлу үшін әрқайсысына – 25 мың теңгеден, қалғаны күрделілігіне қарай тісжегіні емдеуге әртүрлі сомалар жазылған.
«Немеремді алдағы аптадағы бос уақытқа жазып, клиникадан шыққанымда бұрын бірге жұмыс істеген әріптесімді кездестірдім. Жөн сұрасып, жайымды айттым. Ол баласының еміне мүлдем ақша жұмсамағанын, барлығын МӘМС есебінен төлегенін айтты. Мән-жайды толық сұрап алдым да, үйге келісімен балаларымның көмегімен fms.kz ресми сайтынан стоматологиялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін жүктеп алдық. Қалада медициналық сақтандыру қорымен шартқа отырған клиникаларға көз жүгіртіп едік, көбі жекеменшік екен. Мекенжайларын қарасақ, алдында барған клиникадан сәл әрірек орналасқан стоматология да МӘМС аясында қызмет көрсететінін білдік. Бірден көрсетілген нөмірді теріп, немеремді дәрігер қабылдауына жаздым. Осылайша, екі аптаның ішінде немеремнің 8 тісін де МӘМС-тің аясында тегін емдетіп, 200 мың теңге үнемдедім. Шынымды айтсам, мен бұл ақшаны қайдан алатынымды білмей, балама несие алдыртам деп ойлағанмын. Ал МӘМС есебінен емдеуге болатынын естігенде қуанышымда шек болмады. Немереме сапалы пломба салып, тістерін жақсылап емдеп берді. Қазір туыстарыма, таныстарыма осы жайлы айтып жүрмін», дейді Мәриям апай.
Осы тұста МӘМС аясында қызмет көрсететін стоматологиялардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайтынан алуға болатынын айта кеткен жөн. Аталған сайттың «Медициналық қызметтерді сатып алу» бөлімінен «КДҚ жеткізушілер» (консультациялық-диагностикалық қызметтер) батырмасын басу арқылы «Стоматологиялық қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» жүктеп алу керек.
МӘМС есебінен 18 жасқа дейінгі балалармен қатар, жүкті әйелдер де жоспарлы стоматологиялық ем ала алады. Яғни медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан клиникаларға жазылып, жолдамасыз баруға болады. Өзімен бірге туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі болса жеткілікті.
Негізінде көрсетілетін медициналық қызметтердің қатары ауқымды. Стоматологиялық клиникалар амбулаторлық деңгейде консультациялық-диагностикалық қызметтер мен манипуляциялар ұсынады. Мұнда пломбалау, тісті жұлу және жансыздандыру қызметтерін алуға болады. Сондай-ақ МӘМС аясында жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға амбулаториялық деңгейде ортодонтиялық пластина орнатылады. Егер пациенттердің стационарлық жағдайда стоматологиялық көмек алуға көрсеткіштері болса, онда ол ауруларды диагностикалау және емдеу арнайы хаттамаларға және Қазақстан Республикасында стоматологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес көрсетіледі.