Ел экономикасын өрге сүйреп, қуат беріп тұрған құрылыс саласында 50 мыңнан астам компания бар. Осы компанияларға қатысты жыл сайын 3000-ға жуық құқық бұзу фактісі тіркеледі. Бұл сан жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Елімізде барлық кәсіпорынның 41,9 пайызын құрайтын құрылыс секторында құқық бұзушылық неге көп?
Қазір ел аумағында 7,7 мың нысан салынып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің есебінше, осы нысандарда құрылыс тығыздығының параметрі жөніндегі талап жиі бұзылады. Сондай-ақ қосымша қабаттарды қондыру, рұқсат құжаттары жоқ техникалық қабаттарды қайта жабдықтау талаптары да дұрыс орындалмайды. Бұл – берісі.
Әріге барсақ, жақында Астанада 76 нысанның құрылысы құқық бұзу себептерінен тоқтатылған. Олардың қатарында «Mars Project», «Aiz Kurylys», «Русалдинг Line», «Building company», «Expert Consulting Agency Kazakhstan», «Global Millennium», «Handan-Astana», «Oreol-Group» т.б. бар. Елорда әкімдігінің мәліметінше, 96 нысанда құрылыс жүргізу рұқсатнамасы болмаған. Сол себепті біршама компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дегенмен 20 ұйым шағын қабатты тұрғын үй кешендерін өз бетінше салу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының көмегімен рұқсат қағазын алып, жұмысын жалғастырып жатыр. Әкімдік бұл туралы «Рұқсат құжаттары жоқ көпқабатты тұрғын үй кешендерінің жаңа құрылыс нысандары анықталған жағдайда олар өз бетінше салынған деп танылады және бөлшектеледі», деп хабар берді.
Құрылыс саласында осындай көзге көрінетін мәселелерден тыс астыртын жатқан түйткілдер де көп. Мысалы, Алматы облысында халықаралық корпорацияның қатысуымен екі зауыт салынып жатыр. Бірақ экструдталған полистирол көбік және тас жүн өндіретін зауыттың дайын болу уақыты шектен тыс кешігуде. Құрылыс жобасы «Қайрат» индустриялық аймағына тиесілі екен. Әкімдік жүргізген тексеріс нәтижесінде нысанның дайындығы 30-40 пайыз ғана екені анықталды.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың сапары барысында «Қайрат» индустриялық аймағы қажетті инженерлік инфрақұрылымды аяқтау үшін біршама қиындыққа ұшырағаны белгілі болған еді. Зауытты салу үшін барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бар болса да бұл нысандар неге уақытынан кешігіп салынып жатыр деген сұрақ туындайды.
Зауыттардың ашылуы 43,8 млрд теңгеге бағаланған. Енді бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік әріптестік шеңберінде инфрақұрылымның алаңдық желілеріне серіктестер тартылатын болады. Оған тағы қаржы жұмсалады. Жоспар бойынша бұл нысан осы жылдың соңында іске қосылуы керек.
Әкімдік жобаларды іске асыру үшін 23 жыл мерзімге 30,6 га жер учаскесі қосалқы жалға берілгенін айтты. Сонымен қатар министрлік осыған байланысты қуаттылығы жылына 500 мың текше метр полимерлі жылу оқшаулағыш және жылу оқшаулайтын материал өндіретін зауыттардың құрылысы кестеден айтарлықтай артта қалып отырғанын атап өтті.
Жылу оқшаулайтын материал өндірісін салу бойынша жобаны іске асыру 2021 жылдың наурыз айында басталды. «Оның іске қосылуы 2023 жылға жоспарланған болатын. Дайын өнімді (жалпы көлемнің 25%-ына дейін) Қытайға, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспорттауға болады. Дегенмен басталғанына 2 жыл өтсе де, 30 пайызы ғана дайын болған нысанның осы жылдың соңына дейін біте қоярына сенім аз. Осының бәрі құрылыс секторына байланысты қатаң кодекстің болмауынан», дейді сарапшылар. Құрдымға кеткен құрылыстың осы сияқты мысалдары ел аумағында шашетектен. «Неге?» деген сұраққа жауап ала алмайтынымыз өкінішті-ақ.
Құрылыс компаниялары қауіпсіздік ережелерін де жиі бұзады. Мысалы, жыл басында ғана «Райымбек» және «Ayana Plaza» компаниялары қауіпсіздік техникасы мен еңбек талаптарын бұзған. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ескерту жасалғаннан кейін «Райымбек» компаниясы анықталған бұзушылықтарды жойды. Ал «Ayana Plaza» компаниясының ісі сотқа берілді. Заңды белден басып, талапқа қайшы әрекет ететін компаниялар бұлармен бітпейді. 2022 жыл аяқталар тұстың өзінде мемлекеттік еңбек инспекторлары қаншама қылмыстық іс тіркеп, еңбек заңнамасына 87 жұмыс беруші тартылған болатын. Салынған айыппұл сомасы 16 млн 700 мың теңгені құрапты.
Сарапшылар құқық бұзушылардың көп болуына екі себеп бар дейді. Біріншісі – құрылыс саласына қатысты заңның дұрыс қадағаланбауы және сала мамандарының заңды білмеуі. Екіншісі – үлестік құрылыс проблемасы. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды сақтау бойынша бірқатар мәселе бар. Үлестік құрылыс туралы тексеру парақтары бекітілмеген. Сондықтан тұрғын үй құрылысының талаптарын қадағалау үшін жоспардан тыс тексеріс жүргізу мүмкін емес.
«Бәйтерек» Астана құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жамбыл Мелдебайдың айтуынша, құрылыс саласындағы заң мен бағаны реттеу, сапаны бақылау бір ғана құзырлы органға міндеттелуі керек.
«Құрылыс министрлігі құрылуы қажет. Мысалы, үй салуға қажетті жабдықтарды өз елімізде шығарсақ, қалтаға түскен салмақ айтарлықтай жеңілдер еді. Оған әлеуетіміз жетеді. Кадр тапшылығы да – өзекті мәселе. Өкінішке қарай, елде кәсіби құрылысшылар дайындалмайды. Мамандар оның салдарын карантин кезінде көрдік дейді. Елде құрылыс тоқтап қалды. Саланы жемқорлық жайлағанын білеміз ғой. Тендердің заңсыз өтуіне байланысты өңірлердегі құрылыс компаниялары нәпақасыз қалып отыр. Ал шетелдіктер салып берген нысандардың сапасы сын көтермейді. Қазір құрылыс саласы базар сияқты болды. Кез келген саланы алыңыз, қорғаныс, білім, денсаулық – бәрі құрылыспен айналысады. Ол – бюджеттің ақшасы. Тексеріп жатқан ешкім жоқ», дейді.
Сарапшы сөзінің жаны бар. «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» десек, сол сауыттың берік болуына, оны келіп кім көрінгеннің дал-дұлын шығаруына жол бермеу қажет-ақ.
Елігімай ТӨҢКЕР