Елімізде ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта қолға алынған түрлі жобалар – соның айғағы.
Айталық, қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінде 25 млн-ға жуық жануар тіркелген. Базалық көрсеткіштер де жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2020 жылы бұл жүйеге 10,1 млн бас жануар тіркелсе, 2021 жылы – 12,1 млн, былтыр 13,1 млн бас есепке алынған. Сонда жылына орташа есеппен 11,8 млн бас туатыны анықталған.
– Өздеріңіз білетіндей, мал дәрігерлері үшін ветеринарлық шаралардың барлығын уақтылы жүргізу үлкен проблема еді. Олар шалғай учаскелерге барып, деректерді журналға енгізуге және қайтып оралғаннан кейін жұмыстың нәтижелерін «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіне енгізуге мәжбүр болды. Мұның бәрі айтарлықтай уақытты алды. Аталған мәселені шешу үшін министрлік мобильді қосымша әзірледі. Бағдарламалық жасақтама ветеринарлардың мобильді құрылғыларда жұмыс істеуі үшін арнайы жасалған. Мобильді қосымша ақпаратты жинауды, беруді және талдауды автоматтандырады, ал ветеринар қағазбастылықтан босатылады және мал өнімдерін нақты бақылау мүмкіндігіне ие болады. Байланыс жоқ жерлерде ыңғайлы болу үшін мобильді қосымша интернетсіз де жұмыс істей береді. Ветеринарлар шалғай учаскелерге барып, мобильді қосымша арқылы жануарды тіркей алады, дерекқор арқылы тексереді, сондай-ақ жүргізілген ветеринарлық іс-шараларды көрсету мүмкіндігіне ие, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.
Өткен жылдың соңында Батыс Қазақстан облысында қанатқақты жоба жүргізілгенін еске салайық. Оның аясында Теректі, Ақжайық және Бәйтерек ауданының ветеринарлық дәрігерлері оқытудан өтті. Кейін бұл тәжірибе оңтүстік өңірлерде жалғастырылды. 2023 жылғы 21 ақпаннан бастап Түркістан облысында дәл осындай қанатқақты жоба іске қосылды. Тиісінше, Сарыағаш, Сайрам, Бәйдібек және Сауран ауданының ветеринарлық дәрігерлері оқытылды.
Әкімдіктердің дерегіне сүйенсек, осы жылдың 17 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымда жайылатын 5,7 млн бас жануар бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтеріне сәйкес, оларды жаю үшін қосымша 8,9 млн гектар жайылым қажет. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтарда төрт түлік санының айтарлықтай көбейгенін көрсетеді. Мәселен, ірі қара мал саны соңғы 10 жылда 7,7 пайызға өскен. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл секілді өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызға тең. Өңірлер арасында жеке қосалқы шаруашылықтарға қажетті жайылым тапшылығы, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында өзекті. Сондықтан елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану маңызды. Бұл жерде де цифрландырудың игілігін атап өтпеске болмайды.
– Өткен жылы мемлекетке 5,35 млн гектар пайдаланылмаған және ауыл шаруашылығы жерлерін бұза отырып берілген жер қайтарылды. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 2 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ ақпаратына сүйенсек, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 12,9 млн гектар пайдаланылмаған және 8,1 млн гектар тиімсіз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлері космомониторинг деректерімен анықталды. Осыған байланысты министрлік Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын қосымша 5 млн гектар жерге қатысты іс-шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісіп, әрбір аудан бөлінісінде қайтару жөніндегі тиісті жоспарды бекітті. Сонымен қатар біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп геосервис әзірлеп, іске қосты (jerkarta.gharysh.kz). Бұл – мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы, – деді вице-министр.
Жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органға өтініш беруде бағдар болмақ және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға уақтылы тартуға, сондай-ақ тұрғындарды жалпы ауыл шаруашылығымен айналысу үшін қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Вице-министрдің пікірінше, интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді. Біріншіден, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық үдерістерді азайтады. Екіншіден, пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына оң әсер етеді. Геосервис қайтарылған жер учаскелерінің кадастрлық нөмірі, олардың орналасқан жері мен ауданы туралы мәліметтерді қамтиды.
Ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытындағы тың жобаның бірі – субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі. Аталған жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске қосылды. Бұл жүйеде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау бойынша барлық мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетіледі. Мемлекеттік жүйе фермерлер, ауыл шаруашылығы басқармалары, қаржы институттары, қысқасы барлық пайдаланушы үшін тегін. Мемлекеттік деректер базасымен интеграцияның болуына байланысты қосымша анықтамаларды талап ету қажеттілігі жоқ. Сондай-ақ бұл субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді. Нормативтік-құқықтық базаны бір мезгілде жетілдіруге және мерзімдерді қысқартатын модификация жүргізуге мүмкіндік бар.
– Осылайша, қолданыстағы заңнама негізінде адами факторсыз тиісті субсидияны есептеуге мүмкіндік беретін авторесептер енгізілді. Субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп электронды шот-фактураларды бұғаттау жөніндегі функционал іске қосылды. Яғни пайдаланушы субсидиялауға өтінім бергеннен кейін электронды шот-фактураны өзгерте немесе кері қайтара алмайды. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет электронды шот-фактурамен айла-шарғы жасау фактілерін анықтады. Енді мұндай фактілер алынып тасталды. «Күту парағының» функционалдығы мен өтінімдерді қарау реттілігінің нәтижесінде субсидиялар беру үдерісінде транспаренттілік қамтамасыз етілді. Әрбір пайдаланушы тіркеусіз субсидия алу кезегін көре алады. Өндірістік іске қосудың бірінші айында жалпы сомасы 17,1 млрд теңгеге 3 мыңнан астам субсидиялауға өтінім берілді, оның ішінде 135 млн теңгеге өтінім мақұлданды. Бұл ретте көрсетілген соманың жартысына жуығы немесе 55 млн теңгесі төленді, – деп нақтылады Бағлан Бекбауов.