АҚШ-тың Хьюстон қаласында жыл сайын өтетін энергетика мәселелерінің CERAWeek ауқымды конференциясында қазақстандық тарап энергетика, көлік бағыттарын әртараптандыру, сондай-ақ көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша іс-шараларды ілгерілету саласындағы жаһандық үрдістерді талқылады.
Биылғы форум «Турбуленттілік жағдайдағы навигация: энергетика, климат және қауіпсіздік» тақырыбына арналды. S&P Global ақпараттық-талдау компаниясы ұйымдастырған халықаралық жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен 4 мыңға жуық делегат ‒ энергетикалық компаниялардың басшылары мен өкілдері, саясаткерлер, қаржы, экология саласының сарапшылары жиналды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бастаған қазақстандық делегацияның құрамында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «KAZENERGY» және Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің өкілдері болды.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде әлемдегі геосаяси шиеленіс кезінде туындаған өзгерістер аясында компанияның жүргізіп жатқан саясаты туралы әңгімеледі. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын әзірлегенін жеткізді. Аталған құжат энергетикалық балансты әртараптандыруға бағытталған. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» тың бастамаларды қолға алып, жаңа салаларды – мұнай-газ химиясы мен «жасыл» жобаларды іске асыра бастады. Атап өткендей, былтыр Атырау облысында полипропилен өндіретін мұнай-газ химия кешені іске қосылды. Сондай-ақ қазір Маңғыстау және Жамбыл облыстарындағы баламалы энергия көздері негізінде жұмыс істейтін ірі электр стансаларының жобалары пысықталып жатыр.
Қазірде ҚМГ Ресейге салынған санкция салдарынан туындаған кедергілерді еңсеруде біршама тәжірибе жинады.
«Былтыр біз Urals және Brent сұрыпты мұнай маркалары арасындағы спред (дисконт) барреліне 30-40 долларға жеткен жағдайға тап болдық. Бұрын спред барреліне шамамен 1,53-1,23 доллар болатын. Жалпы мұнайдың бағасы жоғары болғанымен, қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың мұнайды сатудан алатын нақты табысы әлдеқайда төмен», деді сессия қатысушыларына М.Мырзағалиев.
ҚМГ басшысы былтыр маусым айында қазақстандық KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) жаңа мұнай маркасын нарыққа шығару еліміздегі мұнай-газ компаниялары үшін тәуекелді азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Қазіргі кезде KEBCO мұнайының белгіленген бағасы тұрақты. KEBCO және Brent мұнай сұрыптары арасындағы нарықтағы жеңілдік барреліне 3 долларға жуық соманы құрайды.
CERAWeek энергетикалық конференциясы аясында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Қазақстанның жаңа энергия көздеріне көшуі және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі газ саласының рөлі туралы айтты.
«Энергетикалық қауіпсіздік, жаңа энергия көздеріне көшу және энергияны тұтынушыларға баға тұрғысынан қолжетімді ету – кез келген елдің энергетикалық бағдарламасында ескерілуі тиіс негізгі факторлар», деді ұлттық компания басшысы.
Қазірде QazaqGaz жылыту маусымдарын жайлы өткізудің қамын жасап, өзгерістерге бейімделіп жатыр. Өйткені әлемдегі және Еуропадағы энергетикалық дағдарыс ‒ біздің еліміз үшін де үлкен сабақ. Оның айтуынша, Қазақстан үкіметінің қолдауымен газ саласында тың реформалар жүзеге асырылып, күш-жігер инвестициялық әлеуетті арттыруға бағытталып жатыр. Оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласы, тұтынушылардың жаңа санаттары, көмірсутектерді өндіру бойынша жетілдірілген үлгілік келісімшарт та бар.
Сонымен қатар 2025 жылға жоспарланған IPO аясында жақын арада роудшоу ұйымдастырылмақ. IPO-ға дайындалып жатқан ұлттық компания ESG-ға аса көңіл бөліп отыр.
Форумда Chevron Corporation басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Майк Вирт Қазақстанда мұнай өндіру көлемін арттыру жоспары жайында мәлімдеді. Ол Chevron Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі екенін айта келе, ескі кеңестік мұнай кенішінде тәулігіне 50 баррель мұнай өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 700 баррельге дейін өскенін атап өтті. «Бізде бұл көрсеткішті күніне шамамен 1 млн баррельге дейін жеткізетін жоба бар», деді М.Вирт.
Қазір Қазақстанда көмірсутектерді өндіруді көбейту бойынша екі компонентті ірі жоба құрылыс кезеңінен іске қосу кезеңіне көшті. Бұл процесс аясында барлық нысанды іске қосу жұмыстары биыл және келер жылы атқарылады. Корпорация басшысының айтуынша, бүгінде осы жобалар өте қажет, өйткені энергия ресурстарының басым бөлігі Еуропаға жіберіледі.