• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2014

Ырыздық ырысы молаймақ

893 рет
көрсетілді

Ақмола алқаптарындағы балауса егіннің көктеп шығуы көз қуантады. Биыл көпжылдық шөпті қоса алғанда егістік көлемі 5 миллион гектарды құрап отыр. Бұл 2013 жылғыдан 36 мың гектарға артық. Дақылдар дерегін таратып айтсақ, 4,7 миллион гектарға би­дай мен арпа, 338,5 мың гектарға майлы дақылдар, 201,4 мың гектарға екпешөп, картоп 18,3 мың және көкөніс 4,4 мың гектарға орналастырылды. Барлық агротехникалық шаралар талапқа сай әрі мерзімінде атқарылды. Биыл ылғал сақ­­тағыш технология 3,2 миллион гектарда немесе бүкіл егістік алқабының 75 пайызында қолданылды. Мұның өзі былтырғыдан 30 мың гектарға көп. Диқандар қауымы істің орайлы жүргізілуін мемлекет тарапынан жасалған көмектің уақытында жеткізілуімен және жалпы дайындық жұмыстарының тыңғылықты атқарылғандығымен байланыстырады. Алдын ала дайындалған 529 мың тонна тұқымның 75 пайызы I-II сыныптық сұрыпты құрайды. Дала жұмыстарын атқаруға 65 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, арнайы операторлар арқылы белгіленген кестемен жеткізіліп тұрды. Жауапты науқанның ойдағыдай өткізілуіне биыл жаңа 72 трактор, 30 тұқым себу кешенінің сатып алынуы игі ықпалын тигізді. Жалпылай айтсақ, науқанға 15 мың данадан астам трактор, 13 мың тұқымсепкіш, оның ішінде 9053 жоғары өнімділіктегі тұқым себу кешендері қатыстырылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжановтан алынған мәліметке сүйенсек, биыл егіншілік саласына бөлініп отырған жеңілдетілген қаржылай көмектің мөлшері 10 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,8 миллиард теңгеге көп. Осы ретте, тұқым шаруашылығын жолға қоюға 379 миллион теңге бөлу қарастырылғанын айтқымыз келеді. Яғни, ол 25 мың тонна элиталық тұқымды субсидиялауға жетеді деген сөз. Сондай-ақ, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының кепілдігімен көктемгі және күзгі дала жұмыстарын несиелеу бағдарламасы бойынша 4,3 миллиард теңге бөлінді. Бұған қоса, облыста тамшылата суару әдісін қолданып, бау-бақша өнімдері мен картоп өсіретін шаруашылықтар шығындарын жеңілдету де қарастырылған. Ол гектарына 75 мың теңгеден айналады. Жылдың ең басты науқанын ойдағыдай аяқтап, көңілін діттегенімен, диқан қауым балапанды күзде санайтын әдетімен бүгіп сөйлейтінін білеміз. Әйткенмен, былтыр рекордты өнім жинаған олардың жүрегінде жылылық бары сезіліп тұрады. Біз де ырыздық ырысы молайсын деген тілек жетегіндеміз. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.