• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Маусым, 2014

Әйелдерді еркектермен шатастыруға бола ма?

395 рет
көрсетілді

Болғанда қандай! Айналайын атамыз қазақ «қалауын тапса қар жанады», деп біліп айтқан ғой. Сенбесеңіз, Петропавлға келіп, облыстық прокуратураның мәлі­меттеріне қанықсаңыз төбе шашы­­ңыз тік тұрмаса біз-ақ өтірік­ші бо­лайық. Әлқисса, сонымен ден­сау­лық сақтау саласына қатыс­ты беті ашылған өрескел олқы­лық­тардың кейбірін «сөйлетіп көрейік». Құзырлы органның жуырда өткен кезекті мәжілісінде бір жарым жылдың ішінде ауруханаларда 45 адамның қайтыс болғаны, олардың кейбірі медицина қызметкерлерінің біліксіздігі мен білімсіздігінен көз жұмғаны нақты мысалдармен баяндалды. Өздерінің міндеттеріне салдыр-салақ қарағаны үшін 18 мейірбикеге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мысалы, облыс орталығындағы № 3 ауруханада жас анаға толғақ кезінде жедел медициналық көмек көрсетілмеуі салдарынан шарана өлі туған. Жалған анықтама толтыру, жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді ақшаға алдырту, арнайы мамандар жоқтығынан жаңа қондырғылардың босқа қаңтарылып тұруы секілді фактілер тіркелген. Бір жағынан, мұндай кемшіліктердің орын алуына жоғары білімді мамандардың жетіспеушілігі кері әсерін тигізіп отырғаны алаңдатпай қоймайды. Тимирязев ауданында жұмыс істейтін бір дәрігер әрі хирург әрі онколог әрі отоларинголог қызметін қоса атқарады екен. Бұдан кейін қандай сапалы ем-дом күтуге болады деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Ең сорақысы сол, солтүс­тік­қазақстандық дәрігерлер бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін әзиз аналарды еркектермен оп-оңай шатастырып алады екен. Мәселен, атпал азаматтардың төртеуінен тек әйелдерде ғана кездесетін ауру «табылған». Атап айтқанда, үш науқастан жатыр мойны, біре­уінен омырау безі ісігі ауруы «анықталған». Шындығына кел­генде, олардың бәрі құлан-таза күйде болған. Прокуратура өкіл­дерінің айтуынша, осы жерде бір шикілік жатқан секілді. Скирингтік тексерілуге мүлдем келмеген тұрғындар тізімге енгі­зіліп, әр «клиент» үшін дәрігерге мем­лекеттен 3 мың теңгеден төле­ніп отырған сыңайлы. Демек, қалта­ларын «қалыңдату» үшін Гоголь романындағы «өлі жандар» есебін көбейту арқылы небір қулық-сұмдыққа барулары әбден мүмкін. Дұрыстап тексерсе, жемқорлық іс-әрекеттің сиырдың бүйрегіндей бұлт етіп шыға келуі ғажап емес. «Ақ халатты абзал жандар» деп дәріптегенде аяқ-қолын жерге тигізбейтін Гиппократтың антына адал кәсіп иелері айдың, күннің аманында әйел мен еркекті жаңы­лыстырып, сау адамды «ауру» етіп қойғаны аурухана жағалап жүргендерді шошындырып отыр. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.