Дүбірге толы дүние
Жапония үкіметі ядролық қуатты пайдалануға қайта оралуға шақырған құжатты мақұлдапты. Бұл құжат «Қуат саласындағы Ақ кітап» деп аталады. Онда өткен жылдағы түрлі қуат көздерін пайдалану жөніндегі есептер жарияланып, ұсыныстар жасалған екен. Ұсыныстың үлкені – ядролық қуатқа, «бейбіт атомға» қайта оралу. Үкімет соны қолдап отыр. Жай қараған адамға бұл мәнсіздеу, пікір таласындай көрінуі мүмкін. Ал жапон елі үшін, байыбына барсақ, бүкіл әлем үшін бұл – аса маңызды мәселе. Жапонияны бөліп айтудың жөні – бұдан үш жыл бұрын бұл елде атом қуатын пайдалану тоқтатылған болатын. Бұл елдегі 2011 жылғы «Фукусима-1» атом электр стансасындағы жойқын апаттан кейін ядролық қуатқа деген көзқарас өзгерді. Халық елдегі АЭС-терді тоқтатуды талап етті. Ал бұл ел атом стансалары бойынша әлемде үшінші орында еді, яғни ядролық қуатты ең көп пайдаланатын елдердің бірі еді. Халық талабына құлақ асуға тура келді. Құлақ аспаса, биліктен кететінін аңғарған Демократиялық партия өз үкіметіне атом қуатынан бас тартуға нұсқау берді. Тек бұл елде ғана емес-ау, сол тұста бүкіл әлемде атом қуатына қарсылық күшейген. Талай ел АЭС-терді тоқтату, бұдан былай оларды салмау жөнінде шешім де қабылдады. Мұның бәрін түсінуге де болғандай еді. Адам өмірі бәрінен де қымбат. Оған қауіп келтіретіннің бәрінен де бас тарту керек. Жақсы идея, көпшілікке ұнайтын идея. Әсіресе, оны өздеріне халық назарын аудару үшін саяси күштер де пайдаланды. Сол атом қуаты халыққа игілік екенін біле тұра оған қарсы пікір тудырды. Чернобыль, Фукусима апаттары біраз адамның құрбандығына соқтырса, ондай қателіктерді жібермеудің жолын іздеу керек еді ғой. Оған мүмкіндік те бар. Сонда ол игілікке айналады. Ал жауапсыздық орын алған жерде, тіпті, жол апатынан да, ішкілік, есірткіден де жүздеген мың адам қаза тауып жатады. Атом қуаты, салыстырмалы түрде басқа қуат көздеріне қарағанда, арзан да, ең бастысы – экологиялық тұрғыдан таза. Ұсыныс жасап отырған сарапшылар, Жапонияның Табиғи ресурстар және қуат агенттігі өз баяндамасында мұны нақты мысалдармен дәлелдейді. Өткен жылы сырттан сығымдалған табиғи газ әкелу 2,5 есе, ал көміртекті газбен ауаны ластау төрт есе өсіпті. Сөйтіп, ядролық қуат көзінен бас тарту елге 175 миллиард доллар шығын әкелген. Ерте ме, кеш пе, парасатқа жүгінген жұрттың атом қуатына қайта оралатыны анық еді. Ол барлық жағынан тиімді. Бұл жерде басқалардың емес, жапондардың сөзі өтімді. Олар – қасіретті бастап кешкен халық. Атом бомбасын да көрген, АЭС-тің апатын да бастан кешті. Сөйтсе де, он өлшеп, халықтың игілігі үшін атом қуатының қажеттігіне көздері жеткенде, оған таңдау жасауы ерлікке пара-пар әрекет. Обама ойланбай жүрген жоқ Соңғы кезде өткізілген қоғамдық сауалдамада АҚШ президенті Барак Обаманың қызметіне көңілі толмайтындар саны айтарлықтай көбейіп отыр. Содан оны ұнатпайтындардың қуаныштары қойындарына сыймай жүр. Ал оны ұнатпайтындар өз елінде де, сыртта да жетерлік. Өз елінде ұнатпайтындар қарсылас партиясы – республикашылардың маңына топтасқан. Олар Обаманың қия басқан қадамдарын аңдып отырады. Тіпті, елдегі қиындықты қарсылас президенттің кемшілігіне балап, табалаудан тайынбайды. Сырттағылар дегенде, АҚШ-қа бәсекелес, бақталас елдер бар, елін ұнатпаған соң, оның басшысы да жаман. Оған қарсы сөз айтылса, қуанады, табалайды. Сөйтіп, қазір Барак Обамаға қарсы тас лақтыратындардың қарасы әжептәуір. Сауалдамаға жауап бергендерің 54 пайызы қазіргі президент ел басқаруға, алда тұрған міндеттерді жүзеге асыруға қабілетсіз дегенді айтады екен. Ал оған сенім артатындар – 42 пайыз. Жұмыс істеп отырған адамға сын қашанда көп. Кейбір елдерде басшыларына көңіл тоймайтындар, тіпті, 60-70 пайызды құрап жатады. Бірақ жұрт оны қалыпты жай көреді. Ал АҚШ-тың жағдайы, оның президентінің жағдайы басқаша. Оның мінін көргісі келетіндер көп. Қазіргі кезде сол АҚШ-та Обамаға сын айтушылар басында әсіреоңшыл және әсіресолшыл ақпарат құралдары жүр. Әрине, ол да белгілі күштердің тапсырысы. Ақпарат құралдарының азды көбейтіп, көпті азайтуға мүмкіндігі бар. Ішкі саясатта бұған дейін біраз жұрт Обамаға денсаулық сақтау ісіндегі реформасына, иммиграция мәселесіндегі ұстанымына сын айтқан. Біреулер сын айтар, ал уақыт кейін ақтап алуы да мүмкін. Айталық, оның иммигранттарға белгілі дәрежеде түсіністікпен қарауын қайырымдылыққа қосуға болмас па? Азды көбейтіп көрсету дегеннен шығады, соңғы кезде сержант Боу Бергдалды талибтердің бес командиріне ауыстырғаны үлкен шуға айналды. Ауыстырмағанда да, безбүйрек деп біраз шу болар еді. Әйтпесе өткен аптада елдің салық мекемесі өзінің жеті қызметкерінің электронды жазбаларын жоғалтқаны жөніндегі әңгіме мемлекеттік деңгейге көтерілді. Ардагерлерге медициналық қызмет көрсетудегі бір кемшіліктердің шуы да күшті болды. Сол шулардың сауалдамаға жауап берер кезде естілетіні бар. Іштің шуынан сырттың шуы аз болған жоқ. Барак Обамаға біраз сын Ресейдің Қырымды аннекциялауына жұмсақ қарағанына байланысты айтылды. Бұл жерде Мәскеу Обамаға ара түссе жөн-ау дерсің. Америкалықтар өз президентіне қатқыл болмадың, қайдағы бір экономикалық санкциялармен шектелдің деп өкпе айтады. Қатқылдық неге соқтырар еді? Жалпы, Обамаға айтылатын сынның басым көпшілігі оның «жұмсақтығына», келісімпаздығына байланысты. Иранға қарсы жұмсақ болдың, молдалармен келіссөзді қаладың деп айыптайды. Израиль мен палестиналықтардың келіссөзіне байланысты да соны айтады. Иракта болып жатқан қазіргі оқиғаларды көріп-білмедің, бұл елден әскерді алып кеткенің жөн болмады дейді. Обаманы ақтап алайық деп отырғанымыз жоқ. Ол уақыттың еншісінде. Оның ұлы держава тізгінін ұстау мерзімі де аяқталып келеді – екі жарым жылдай қалды. Оны ойдағыдай атқаратыны да анық. Үлкен қызметінде, әсіресе, сыртқы саясатта келісімге көп жүгінді. Сірә, тарихта сол байсалдылығы қалатын шығар. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».
•
27 Маусым, 2014
Ядролық қуатқа сүйенбей болмайды
214 рет
көрсетілді