• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2014

ПАРЛАМЕНТ

267 рет
көрсетілді

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

Халық пен мемлекет таңдаған жол

Қасиетті Түркістанды біз не үшін рухани астанамыз деп атаймыз? «Әке, ана» дейтін ұғымдардың ұлылығына біз күнделікті тіршілікте жете мән бере бермейтініміз сияқты Хазірет Қожа Ахмет Ясауи бабамызға мәңгі мекен болған Түркістанға қазақы рухымыздың қарашаңырағы ретінде сана биігінен көз салып, тарихи тамырымыз тұрғысынан пайымдау­лар жасаудың маңызын қаперге ала бермейміз. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген бабалар өсие­­тін өз отбасымыз, қарақан басымыз, жеке пенделік мүддемізге байланыс­ты ғана орындаймыз. Әмір Темір сынды көреген алыптың сыйын­ған пірлері, сайын сахара төсінде жатқан сүйектерінің үстіне әлем ғажайыптарына бергісіз әсем кесене салдырған бұл әулиелер көзі тірісінде тек қана өз жеке басының қамын ойлаумен күн кешті ме екен? Сайыпқыран бабамыздың оларға деген шексіз құрметінің астарында не жатыр? Елбасымыз Н.Назарбаев Қасиет­­­ті Қағбаның қақпасынан енген­­де Алладан жеке басының игілі­гін ті­­леді ме? Жоқ, Қазақ еліне ты­­ныш­­­тық, амандық, өсу-өркендеу бақы­­тын сұрағаны әмбемізге аян. Осын­­дай тарихи тұлғамыздың іс-әреке­­тінде күллі қандастарымызға үлгі-өнеге боларлықтай қандай сабақ­тастық бар? Міне, әр азамат осы сұраққа жауап іздесе, шама-шар­қынша ой тереңіне сүңгіп, тап­қан жауабын пайым таразысына салса, мемлекеттік мүдде тұрғы­­сынан тиянақты түйіндеулер жаса­­са, біз әлемдік бәсекелестікке қабі­­летті адами капиталымыз туралы ауыз толтырып айта алған болар едік. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салынуы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Содан бергі ғасырларда қа­зақ халқы өзінің хандары мен батыр­ларын, жақсылары мен жайсаң­дарын осы кесенеге жерлеп, оны тарихи тұлғалардың пантеоны­на айналдырған. Егемендік алған жылдар ішінде етек алған әр ру­дың өз мазарын, мешітін бөлек­теуі, өз абызы мен батырын меншік­теп дәріптеу үрдісі арғы-бергіде өткен бабаларымызда болма­ған. Сүйін­байдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында жырланғандай, қазақ халқы өзінің тұтастығымен мақтан­ды. Қазақ хандары елдің бірлі­гін сақтауымен, ел мен жердің тұтас­тығын қорғап, сол мақсат жолында халқын жұдырықтай жұмылдыра білуімен бағаланды. Сондықтан да, Елбасымыздың елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтау, барынша нығайту мәселесін ең бірінші кезекке шығаруы, «Мәң­гі­лік Ел» ұғымын ұлттық идея­мыз­ға айналдыруы әрбір азамат­тың санасында мемлекеттік мүд­де тұр­ғысынан сәулеленіп, патриот­тық ұстанымның ұстынына айна­луы тиіс. Бұған жалаң дидак­тика­­лық дәйектемелерді көпірме қы­зыл сөздің тасқынына үстемелеп жет­кізе беруге болар. Бірақ одан нақ­ты нәтиже күту шелектен балық аула­ғанмен бірдей. Қоғамдық құбы­лыс­тың келіп шығу себебін анық­тамай тұрып, оның салдарымен күре­су де күткендей нәтиже бер­­мейді. Бүгінгі ұлттық сананың деңге­йі­ ең алдымен отбасылық құнды­лық­тардың құлдырап, халық­тық­ педагогика үрдістерінің ұмытылуынан көрініп отыр. Бала есі кіріп, маңайын болжағаннан халыққа тән мінез-құлық, әдеп-иба қағидалары, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшеліктері, отбасы, Отанға байланысты ұста­ным­дар, т.б. ұлттық қасиетті құн­ды­­­лықтар жайлы естімесе, үлгі-өне­гесін санасына сіңіріп, жан дүние­сіне ендірмесе, есейген сайын өзіні­кінен гөрі, өзгенің қаңсығын таң­сық көріп, ұлттық бет-бейнеден мақұ­рым бола бастайтынына күн­делікті өмірде көз жеткізіп жүрміз. Ұлт үшін қасіреттің ең үлкені – осы. Егер Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясы ұлттық идеологиямызға арқау болатын болса, оның жүзеге асырылуы ел басқарған азаматтардан бастап ел ағаларының, зиялы қауым өкілдерінің, әрбір саналы азаматтың ең бірінші кезекті атқарар қызметіне, азаматтық міндет-парызына айналуы тиіс. Елді, халықты біріктіруге арналып өткізіліп жүрген түрлі деңгейдегі форум, жиындарымыздың негізгі мақсаты – осы. Жаратылыстағы тір­шілік иелерінің ең бірінші кезектегі керегі – тән қорегі, яғни азық, та­мақ. Содан соң адамға киім, өзге де тұрмыстық қажеттіліктер керек. Ал сол керектерден жоғары тұратын, адам санасын биіктететін азық – рухани азық адам бойына халықтық ізгі салт-дәстүрмен, озық біліммен, үлгілі тәрбиемен беріледі. Бүгін біз көрген қиындықтарды балаларымыз көрмесін, тамағы тоқ, киімі бүтін болсын, нені қаласа соған қол жеткізсін, ал рухани азықты және ұлтжандылық қасиетті өзі іздеп тауып алар дейтін қате түсініктің шылауындағы ата-ана өз ұрпағына ғана емес, Отан, мемлекет мүддесіне қиянат жасап жүргенін жете ұғынбаса, біздің үлкен қателігіміз осы болары аян. Қызыл сөзбен, науқандық шарамен іс бітпейді. Сол арқылы ғана әр отбасына тікелей ықпал жасаудың мүмкіндігі де жоқ. Мүмкіндіктерімізді саралай келгенде, біз әлі де аузы дуалы ел ақсақал­дарының, зиялы қауым өкілдерінің көмегіне зәруміз. Ұлттың, ұрпақ­тың қамы жайлы әңгіме биік мінберлерден, мерзімді БАҚ бетте­рінен үнемі айтыла бергені дұрыс. Дегенмен, ауыл-аймақ, елді мекен, мектептерге дейін барып, тұрғындармен тікелей байланыс орнату, айтылатын ойды жүзбе-жүз отырып, жүректен жүрекке жеткізудің мәні де, берер нәтижесі де бөлек. Осындай жұмыстардың жаңа әдіс-тәсілдерін ойлап тауып жүзеге асыру – уақыт талабы. Әңгіме басында айтқа­ны­мыздай, ұлт, мемлекет мүддесін жеке бас қамынан жоғары қоюдың не екенін, қандай болатынын бабаларымыз жеткізе айтып, жеке бастарының үлгісі­мен дәлелдеп кетті. Жарқы­рап тұр­ған сара жолдан жаңы­лып, та­банымыздың бүрі жоқты­ғын та­ныта берсек, Елбасы ұсын­ған Темірқазық идеяны игі­лігімізге жарата алмасақ, елді­гі­мізге – сын, ертеңімізге – қиянат. Ұласбек СӘДІБЕКОВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

Қазақ елі – түркі дүниесінің қарашаңырағы

Үстіміздегі жылғы 19-20 мамырда Астанада алғаш рет «Түркі жазуы күні» халықаралық деңгейде аталып өтті. Форумға Түркі кеңесі мен ТҮРКСОЙ-дың басшылары, Түркия, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. елдердің ғалымдары, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілдігі қатысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеу­­мет­тік-мәдени даму комите­ті­нің бастамасымен және Түркі академиясының ұйымдас­ты­румен шақырылған осы форум тамырлас ұлттардың рухани әлеміне жаңа серпін әкелді. Түр­кітілдес мемлекет­тер басшы­ла­рының Түркияның Бод­рум қаласында болған самми­тінде «Түркі жазуы күнінің» Астанада аталып өтілуіне жоғары баға берілді және оны жалпытүркілік мерекеге айналдыру жөнінде мәміле жасалды. Ендігі міндет осы күнді жыл сайын бүкіл түркі дүниесінің рухани-мәдени жаңғыру күні ретінде өткізіп, жаңа баста­ма­ларға ғұмыр беру болып табылады. Осыған орай, аталған форумда бірер ұсынысымызды ортаға салған едік. Орхон ескерткіштеріндегі Күлтегін, Тоныкөк, Білге жазбалары баян еткен тарихты әсем сөйлететін әдеби шығармалар мен экрандарда шалқытатын көркем фильмдерге Түркі ака­демиясы мен ТҮРКСОЙ-дың­ аты­нан бәйге жариялауға шақыр­дық. Екіншіден, рухани құнды­лық­тарымызды алмасу­дың мүм­кіндіктерін қалт жіберме­й­ік. Бір-біріміздің әдеби шығарма­ла­рымызды іріктеп, төл тілдері­мізге аударайық. «Түркітектес елдер жазушыларының кітап­ханасы» сериясын әзірлеуге кірісейік дедік. Үшіншіден, түркі дүниесін түгел қамтыған ортақ энциклопедия шығаруды ұсындық. Мәдениет министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі Астанадағы Түркі академиясымен және түркітектес елдердің салалас министрліктерімен бірге осы ұсыныстарды жүзеге асыру­дың жолдарын айқындауға, рес­пуб­­лика Үкіметі оларға ұйым­дас­тыру-экономикалық жағы­нан­ қол­дау көрсетуге тиіс деп біле­міз. Елбасымыз атап көрсет­кен­дей: «Қазақ елі – түркі дүниесінің қарашаңырағы». Ал темірқазық ел – Қазақстан тарихи миссиясына сәйкес осындай халықаралық маңызды рухани бастаманың қозғаушы күші болса жарасады. Талап-тілегіміз қолдау табады деп ойлаймыз. Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты.

Деңгейің қандай, жас маман?

Енді қалыптасып келе жатқан замандаста­рымыздың бюрократиялық қасиеттерді бойына ерте сіңіріп, өмірді кабинетінің терезесінен ғана танып, қалыптасқанын көргенде өзекті үлкен өкініш өртейді. Неге? Өйткені, ол – осы елдің ертеңі. Ал болашағың саналатын жас өрен қарапайым халықтың жағдайын білмесе, онымен тонның ішкі бауындай араласып кете алмаса, өкінбегенде қайтесіз?! Қызмет бабында, азғантай ғана ғұмырымызда талай адаммен аралас-құралас болдық. Сондай кезеңдерде емен есікті ерте ашқан жас мамандардың халыққа шекесінен қарап, жұртты менсінбей, қолының ұшын беріп, сұрағына ернін жыбырлатып жауап қатқанына куә болып жүрміз. Шынашақтай ғана баланың сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақалға әкіреңдеп жатқанын да естиміз. Түрлі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын тетікті орындарда отырған жастардың өз қызметін жүрдім-бардым атқарып, алдына келген адамға жөні түзу сөз айтпай, есікті нұқсаған кездер де кездеседі. Зор білімге иек артудың орнына, қызыл сөз, көбік әңгімеге елірген жастардың мансаптық жолында өлермендікпен алға ұмтылғанын да көрдік. Отан алдындағы міндетті лепірме сөз деп қабыл­дайтындар да бар. Өндірісте піспей, шаруашылықта бір шырпының басын сындырмай, өнеркәсіптен бейхабар күйінде қызметке қонжиып, сол орынды атасынан қалған мұрадай көретін жастарды да білеміз. Әрине, өскелең ұрпақтың бәрі сондай десек, қателесер едік. Елгезек, елге жаны ашып жұ­мыс істейтін, үлкен білім жиған жастарымыз да бар. Де­генмен, олар жоғарыда біз сөз еткен заман­дас­­та­рының кері әрекеттерінен тасада қалып қойып жатады. Елбасы елдің алдына зор міндет қойып отыр. Ол әлемнің дамыған елдерімен бәсекеге түсу. Қаймана қазақты жер-жаһандағы жұртпен теңестірудің төте жолы бәсекеге қабілеттілігін арттыру деп білеміз. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып кіру де осындай арман-аңсардың нәтижесінде орын алып отыр. Міне, осындай тарихи сәттің алдында тұрған Қазақ еліне білікті де білімді, алымды да шалымды жастардың ауадай қажет екені ақиқат. Себебі, олар ертең тетікті жерлердің құлағын ұстайды. Мемлекеттің маңдай терімен құрылған бағдарламалар мен жобаларды іске асырады. Сондай кезеңдерде бюрократиялық әдетке салып, жұртқа жөнді дұрыс жұмыс көрсетпей отырса, қабылдаған бағдарламаңнан да, оны іске асырмақ болған адамдардан да пайда болмай қалуы мүмкін. Біз егер Ресей және Белоруссиямен иық тіресіп бәсекеге түсеміз, өз нарығымызды кеңейтеміз, Қазақ­с­тан­да өндірілген тауарды Еуразиялық экономи­калық одақтың шеңберіне шығарамыз десек, онда бұл істе жас мамандардың орны ерекше. Бұл ретте олар өздеріне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезулері керек. Өйтпеген жағдайда, кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың жұмысы өнбейді, еңбегі еш, маңдай тері тұз болады. Бәсекеге қабілеттілік дегенде, жас мемлекеттік қызметшілердің де жұмысын қадағалап, бақылап отыру керек. Осы мемлекеттің бағын ашатын, жолын даңғыл ететін, Мәңгілік Елге айналдыратын жастар. Сондықтан олардың жастайынан шенеуніктік қалыпқа енбей, халыққа қызметші сезініп өскенін қалар едік. Алмас ТҰРТАЕВ, Мәжіліс депутаты.

Ұлттық рухымыз үшін де киелі орын

Қуатты көркем шығарма қай кезде де халықтың ойы мен мұратын, тағдыры мен талайын жырлай отырып, ұлт тұтастығына, ұрпақтар мүддесіне қызмет етеді. Әлемдік дәрежеге көтерілген кез келген ұлы әдебиеттің мақсаты да, мұраты да осындай шығармаларымен өлшенеді. Үш мың жылдан асып жығылар ұлы тарихы бар көркемсөзіміздің ақиқаты – ұлтымыздың тарихы саналатыны да сондықтан. Келесі жылы – мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, шығармалары әлемнің ондаған тілдеріне аударылып, қазақ халқының соңғы он ғасырға жуық өмірінің көркем шежіресін құрайтын «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларын, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» секілді атақты тарихи романдар сериясын, сондай-ақ, «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы аралдар», «Айқас» тәрізді өмір шындығын барынша көркем суреттейтін кең тыныс­ты эпикалық көркем дүниелер тудырған ұлтымыздың заңғар жазушыларының бірі Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы. Кемел мінезді, кенен сөздің иесі, туған жұртымен бірге жасайтын жазушының атаулы мерейтойы туған жері – Көкшетау өңірі мен Атбасар ауданында, шығармаларын жазған, өмірінің қомақты жылдары өткен, мәйіті жатқан Алматы қаласында, сондай-ақ, қаламгер туындыларының басым оқи­ға­­лары өтетін бұрынғы Ақмола, қазіргі Ас­та­на қаласында мерейтой шаралары рес­­пуб­ликалық сипат алып өтеріне кәміл сенеміз. Дегенмен... тоталитарлық жүйенің тәртібі мен тізгіні қатты кезеңнің өзінде жас­қанбай жанын салып, қазақ әдебие­­тінде алғашқы болып тарихи зерде тамы­рына қан жүгірткен, жаңа тұрпатты тарихи романдар жарату көшін бастаған сурет­кердің кіндік қаны тамған жер – Атбасар қаласындағы жазушы мұражайы көп жылдардан бері күрделі жөндеу күтіп, тозыңқырап тұрғанын өз көзіммен көрдім. Мұражай – тек жазушының ғана өмір­баяны емес, күні кеше ғана тіліміз бен дінімізді жүдетіп барып, Тәуелсіздік дәуі­рінде қайыра ес жиып, ойы мен бойын тік­теген ұлттық рухымыздың да киелі орны. Осы орайда, атаулы мерейтой қарса­ңында ел Үкіметі бастаған, облыс әкімдігі қостаған тиісті мекемелер жазушы мұражайын күрделі жөндеуден өткізіп, қаланың орталық алаңына суреткер ескерткішін композициялық тұтастықта орнатуға тиісті мөлшерде қаржы бөлуге ықпал етсе, қаламгер алдындағы бір қарызымыздың өтелгені болар еді. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.

Еңбек ескерілуімен құнды

Мәжілістің пленарлық отырысы барысында палата депутаты Светлана Қадыралиева Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын.  Онда былай делінеді: «Президент Нұрсұлтан На­зарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында нақты өнімді еңбекті әлеуметтік жаңғырту саясатының негізі ретін­де қоюды тапсырды. Осыған байланысты адам еңбегін ынталан­дырудың рөлі мен маңызы артады. Тұрғындардың ең аз қорға­латын санаты – зейнеткерлер екені белгілі, олардың ішінде көбі 40, 50 және одан да көп жылдар халық шаруашылығында жұмыс істегендер. Осындай еңбек ардагерлерінің алдында біздің барлығымыз ешуақытта өтелмес қарыздармыз, олар қазіргі Қазақстанның әлеуетін құру үшін аз жұмыс атқарған жоқ және біз көптеген жылдарғы еңбектерінің жемісін қазір пайдаланып отыр­мыз. Бүгін біз Астананың әрбір жарқыраған зәулім ғимарат­та­рында, Қазақстанның қазіргі жетістіктерінің әрқайсысындағы секілді біздің ардагерлеріміз қалаған кірпіш бар деп айтуға толық құқымыз бар. Бірақ, өте өкініштісі, осы адамдар өздерінің еңбегінің үлесіне қарай бара-бар зейнетақы және материалдық сыйақыны әрдайым алып отырған жоқ. Мәжілістің депутаттарымен бастамашылық жасалған, аға буын өкілдерінің көптеген мәселелерін шешуге болатын Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» заң жобасы осы уақытқа дейін қабылданған жоқ. Бұл заң жобасы бюджет үшін шығынды, біздің пайымдауымызша, дәл сол себепті де өкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппай отыр. Алайда, жалғасып жат­қан әлемдік дағдарыс кезеңін­де бю­д­жеттің шектеулі мүмкіндік­те­рін ескергеннің өзінде, аға буын өкіл­деріне олардың кейде, тіпті, ауыр жағ­дайларда жүріп өткен өмір жол­­дарына қарапайым құрмет ­көр­се­туден бас тартуға құқы­мыз жоқ. Сайлаушылармен кездесулерде зейнеткерлерден материалдық проблемаларды шешуді ғана емес, еліміздің алдында олардың сіңірген еңбегін мемлекетпен тану туралы өтініштерін де жиі естиміз. Өйткені, қазақстандықтардың көпшілігі – атақты министрлер немесе зауыт директорлары емес, елене бермейтін қарапайым еңбекшілер, бірақ бұдан олардың еңбегінің қоғам үшін маңызы немесе құны түсіп қалмаса керек. Немерелерімен араласқанда, бөтен адамдармен кездескенде, тіпті, кездейсоқ әңгімелескен адам­ның өзі олардың ерен еңбектері туралы, өмірінің бос сенделіспен өтпегенін, ал адамдар үшін керек істерге толы еке­нін білетініне олар сенімді болуы тиіс. Бұрындары еңбекшілер ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек арда­гері» медалімен марапатталатын. Онда 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге «Еңбек арда­гері» медалі және атағы беріле­тін. Бұл көтермелеу бірқатар ТМД елдерінде, Ресейді қоса алғанда, бұрын­ғысынша қолданылады, бірақ біздің елі­мізде 1995 жылдан бастап «Ең­бек ар­­да­гері» медалі берілмейтін болды. Алайда, өмірдің өзі, әсіре­се, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоға­мы­на әлеуметтік жаңғырту бағдарла­масының, үдемелі индустрияландыру және т.б. бағ­дарламалардың аясында осы наг­раданың қажеттілігін дәлелдеп отыр. «Еңбек ардагері» мемлекеттік медалін алып тастағаннан кейін, көптеген кәсіпорындар еңбегі сіңген қызметкерлеріне өздерінің жеке ведомстволық наградаларын тағайындауға мәжбүр болғаны мәселенің өзектілігін көрсетеді. Бұл дұрыс та, себебі, марапатталушының ерен еңбегін танудан басқа, мұндай награда жас буын үшін оны белсенді еңбекке бағыттай отырып, маңызды тәрбиелік рөл де атқарады. Сонымен қатар, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен Қазақстанда Еңбек күні сияқ­ты мереке де тағайындалды. Жоғарыда баяндалғандарға байланысты, «Ақ жол» партия­сының депутаттық фракциясы атынан Үкіметке қайырылғанды жөн көріп отырмын. Эконо­ми­каның мем­лекеттік, жеке немесе қоғамдық секторларында және әлеуметтік салаларында 40 және одан да көп жылдар адал қызмет істеген азамат­тар үшін «Қазақстан Рес­публикасының Еңбек ардагері» атағы тағайын­далып; төске таға­тын белгіні (медаль) тапсыру туралы мәселе қарастырылса құба-құп болар еді. Бұл қадамның қоғам­да еліміздің қатардағы еңбек­ші­леріне, қарапайым жұмысшы мамандығын атқаратын адам­дарға құрмет көрсету орайында маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз».

Фотокүнделік

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.