Жетісудың қай қырын суреттесеңіз де, қисса шерткен қариядай тебіренесіз. Әсіресе жер жібіп, күн мерейін төге бастаған шақта бұлақ біткен екпіндей тасып, көңіл арбайды. Көктемнің келгенін әуелі солар сезетіндей. «Дария басы – бұлақ» деп түйсінген халық, көзін ашып, шөлін басып, жолға салады. Бұл – сол маңайдағы ағайынның әдеткі тірлігі.
Табиғаттың тазалығы – жанның тазалығымен бірдей дүние. Жетісуда бұлақ көп, бірін айтсаңыз, екіншісі менмұндалап тұрады. Біз бүгін Жетісудың байлығы Бұрқанбұлақ сарқырамасы жайлы сөз қаузамақпыз. Мұнда қонақ болып келсеңіз, алдыңыздан қасиетті бұлаққа апарар екі жол шығады. Әуелі – Текелі қаласы арқылы өтетін күре жол. Сол жолға түссеңіз, бойына тарих тұнған алып қара тасты көресіз. Таста бейнеленген дүниелер Будда дініне қатысты деп пайымдайсыз. Солай болуы да ғажап емес...
Жалпы, археологтердің там-тұмдап болса да жазып қалдырған деректерінде тастағы таңба орта ғасырдан қалған жәдігер деп есептеледі. Үлкен тастың жылтыр, өзенге қараған бетінде ескіден қалған сызбалардың ізі әлі де көзге көрініп тұр. Тастың биік төбесінде су қағы тұратындай қазаншұңқыр бар. Онда үнемі су толып тұрады. Алайда бұл бағыттың жолы жер көшкіні салдарынан бүлініп, жүруге келмей қалған. Екінші бағыт – Қапал айналып, Қызылжар асуы арқылы баратын кедір-бұдыры көп жол. Тек жол талғамайтын көлік болмаса, асудан асу мүмкін емес.
«Ертеде Сібірдегі Том университетінің профессоры, географ, ботаник, этнограф Василий Сапожников 1903 жылы Қапалдан атпен шығып, Қора өзенінің жағалауын аралап, көрген-білгенін хатқа түсіріпті: «Өзен бойын 5 сағат бойы жағалап жүргенімізде алып тасқа кездестік. Қалың қарағайдың ішіне орналасқан. Мұны жергілікті қырғыздар (қазақтар) «Әулие тас» дейді екен. Таспен қатарлас өскен ағашқа түрлі-түсті шүберектер байлапты. Осыдан жоғары өрлегенде алдыңыздан ғажайып сарқырама көрінеді». Сол Сапожников «Жетісу очерктерінде» сарқыраманың Бұрқанбұлақ деп аталатынын жазған», дейді өлкентанушы Қажет Андас.
Оның айтуынша, Бұрқанбұлақ – адам аяғы баспайтын құз басынан құлай ағып жатқан жұмбақ құбылыс. Аңызға жүгінсек, Бұрқан – анасының жалғыз ұлы екен. Алайда ол тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болады. Анасы олардың үйленуіне рұқсат етпей, тас қамал соғып, ұлын қамап тастайды. Бұрқанның ғашығын сағынғандағы көз жасы бұлақ болып ағады. Қамалдан асып төгілген суы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Міне, содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей-теңіз өзен болыпты. Баласынан айырылып қалған ананың көз жасы да әлі тыйылмапты. Бұрқанбұлақ сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішкентай жылға осы «Ананың көз жасы».
Бұлақтың қасынан өтсеңіз, күркіреген дауысы жүрегіңізді тербейді. Суы тастай, мөлдір. Судың құлап түсіп жатқан жеріндегі тереңдік 1-2 метрге дейін барады. Су астындағы түрлі түсті тастар анық көрінеді. Шашыраған су жаңбыр тәріздес, ыстық ауа мен судың шашырап қосылған тұсы ерекше сезім сыйлайды. Суды кешіп, сарқыраманың астына бару қауіпті. Судың күшімен мүжіліп жатқан жақпар тастың ұшқындары ұшып түсіп жатыр. Денеңе тисе, шымыр еткізеді. Сарқырама астына барсаң, одан да үлкені болуы мүмкін. Судың сарыны, шуылы бүкіл денеңді билеп, бойыңа жан тыныштығын орнатады.
Қараса көз тоймайтын сұлулық, таза ауа, тәтті су, суретшінің картинасындай ғажайып жайлау тек Бұрқанбұлаққа тән. Әйтсе де бардың қадірі бола ма?! Табиғаттың таңғажайып сыйы ешкімді ойландырмайды. Орманшылар уағында бұлақ бойлап ел жатқанын айтады. Қазір меншік иесіне айналған «Таубұлақ» демалыс орны орналасқан.
Аталған лагерь Талдықорған қаласындағы неміс үйінің балаларына арналып ашылған. Жаңа техникамен жабдықталған тоқ шығару құрылғысы, су тартатын сорғылар орнатылған. Бір мезетте 80 адамды тамақтандыра алатын асханада демалушыларға төрт уақыт тамақ жасалады. Шағын дәріхана, онда тау шөбінен бірнеше түрлі сусын дайындалады. Жаздық моншалар 24 сағат жылы сумен қамтамасыз етілетін электрлі жабдықтармен жабдықталған. Қыстық моншасы да бар, бірақ бәрі ақылы.
Қалай десек те, бұлақтың суына жуынатындар саны толастаған емес. Бірақ оның бәрі қасиетіне бойлай бермейді. Кейде қауырт тірліктен қажыған сәтте Бұрқанбұлаққа келіп, бой жазсаңыз болады.
Жетісу облысы