• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Наурыз, 2023

Азияның мықтылары Астанада белдеседі

342 рет
көрсетілді

9 сәуірде Астанада шымылдығы түрілетін Азия чемпионатына орай біз бұған дейін грек-рим күресі жайында («Азияның мықтылары Астанада анықталады». «Egemen Qazaqstan», 17 наурыз 2023 жыл) біраз әңгіме қозғаған едік. Енді еркін күреске тоқталуды жөн көріп отырмыз. Спорттың бұл түрінен құрлық біріншілігінің тұсауы 1979 жылы Үндістанның Джаландхар қаласында кесілді. Сол кезден бері 35 жарыстың жалауы желбіреді. Соның 27-сінде Қазақстан құрамасы бақ сынады.

Еркін күрестен өткен Азия чемпионаттарында ең керемет көрсеткішке қол жеткізген Иран құрамасы. Парсы елінің пехлевандары сол 35 жарыстың 29-ында жалпыкомандалық есепте бас жүлдені олжалады. Үш додада Өзбекстан (1999, 2011 және 2018 жылдары) озса, Қазақстан (2006) мен Үндістанның (2013) бір-бір реттен асығы алшысынан түсті.

Жерлестеріміз өзінің ең зор та­бысына 2016 жылы қол жет­кізді. Алматыдағы Балуан Шо­лақ атындағы спорт сарайында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде балуандарымыз Қазақ елінің әнұранын үш мәрте шыр­қатты. Алатау баурайында Леонид Спиридонов (66 кило), Нұржан Қатаев (96 кило) және Марид Муталимов (120 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Б­ауыржан Ораз­ғалиев (60 кило) пен Ген­на­дий Лалиев (84 кило) қола медальді иеленді. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Оған дейін де, одан кейін де еркін күрес шеберлеріміз дәл осы нәтижесін қай­талай алған жоқ. Ал 2018 жылы Біш­кекте жігіттеріміз жеті жүлде (2 алтын+1 күміс+4 қола) алса, 2022 жылы Ұлан­батырда сегіз медаль (1+3+4) олжалады.

Біздің балуандар 2018 жылы Бішкекте, 2019 жылы Сианьде, 2020 жылы Нью-Делиде және 2021 жылы Алматыда ұйымдас­тырылған Азия чемпионаттарында екі алтыннан алды. Тағы 11 жарыс­та бір реттен бас жүлдеге қол жеткізді. 10 додада жеңіс тұғы­­рының ең биік сатысына кө­теріле алмады. Сөз орайы кел­генде, 1997 мен 2004 жылдары Тегеранда тым сүреңсіз күрес­кенімізді айта кеткеніміз жөн. Бұл бәсекелерде жалғыз ға­на қоланы қанағат тұттық. Ал 2001 жылы Ұлан­батырдан қор­жынымыз бос қайтты.

Қазақстан жанкүйерлеріне Азия чем­пионатының алғашқы медалінің сың­ғырын естірткен Ислам Байрамуков пен Сергей Непомнящий. 90 кило сал­мақ­та күрескен Ислам финалда Ат­лан­та Олимпиадасының жеңімпазы, Бар­селона Олимпиадасының қола жүлдегері, кейіннен екі дүр­кін әлем чемпионы атан­ған Иран­ның даңқты балуаны Расул Хаде­меннен жеңіліп, күміс медаль ие­ленді. 100 кило салмақта сайысқа түс­кен Сергей жартылай финалда сүрініп, қола жүлдені еншіледі. 1995 жылы Манилада Елмәди Жабырайылов (82 кило) алдына жан салмады. Бұл – еркін күрес шеберлеріміздің жеңіп алған алғашқы алтыны. Қандас­тарымыздың арасынан дәл сол межеге бірінші болып жеткен Мәу­лен Мамыров (54 кило) еді. Ол 1999 жылы Ташкентте топ жарды.

Сары құрлықтың басты додасында ең көп жүлде алған балуандар көшін Марид Муталимов (120 кило) пен Дәулет Ниязбеков (61 кило, 65 кило) бастап тұр. Екеуі де жеті реттен жеңіс тұғырына көтерілді. 2003-2010 жылдар ара­лығында күрескен Марид 3 алтын, 2 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. 2013-2020 жылдар аралы­ғында белдескен Дәулет 3 алтын мен 4 қоланы қанжығасына бай­лады. Ислам Байрамуков (90 кило, 97 кило), Нұржан Қатаев (96 кило) және Дәулет Шабанбайға (96 кило, 125 кило) бес жүлдеден бұйырды. Ислам 1 алтын, 3 күміс және 1 қо­ланы олжалады. Нұржан 1 алтын, 2 күміс және 2 қоланы ен­шілесе, Дәулет 1 күміс пен 4 қо­ланы ием­денді.

Еркін күрестің қазіргі даму барысына нақты баға беру үшін соңғы бес Азия чемпионатына же­ке-жеке тоқтала кеткенді жөн көр­дік. 2018 жылы Бішкекте Нұр­­ислам Санаев (61 кило) пен Дәу­лет Ниязбеков (65 кило) алдарына жан салмаса, Әділет Дау­­лынбаев (92 кило) күміспен күп­­телді. Жандос Исмайылов (57 кило), Мейіржан Әшіров (70 кило), Данияр Қай­санов (74 кило) және Азамат Дәу­летбековке (86 кило) бұйыр­ғаны қола медаль. Алатаудың арғы бе­тінде Өзбек­стан (3+2+3) мен Иран (3+1+2) құрамалары алдымызды орады.

2019 жылғы дүбірлі дода Парсы елі балуандарының айқын жеңісімен аяқ­талды. Олар жеті рет жеңіс тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғады. Тағы үш спортшысы үшінші орынды ие­ленді. Яғни Иранның барлық өкілі Сиань­дағы чемпионатта жүлде алды. Екі алтын, бір күміс және екі қоласы бар қазақстандықтар командалық сайыста екінші орынды еншіледі. Біздің өрендер арасынан Нұрқожа Қайпанов (70 кило) пен Данияр Қайсанов (74 кило) оза шапты. Саятбек Оқасов (65 кило) екінші сатыға жайғасты. Ғалымжан Өсербаев (79 кило) пен Әлішер Ер­ғали (97 кило) үшінші орынды иемденді.

2020 жылы Үндістанның ас­танасында Иран, Қазақстан, Жа­пония және Қырғызстанның әнұраны екі рет­тен шырқалды. Өзге жүлделерді қоса есеп­­тегенде ирандықтар (2+2+4) озды. Одан кейінгі орындарға жапон­дар (2+1+4) мен қазақтар (2+0+4) жай­ғасты. Отандастарымыздың ара­сы­нан Данияр Қайсанов (74 кило) пен Юсуп Батырмұрзаевқа (125 кило) тең келер ешкім табылмады. Дәулет Ниязбеков (65 кило), Мейіржан Әшіров (70 кило), Илис­хан Чилаев (92 кило) және Әлішер Ерғали (97 кило) жүлдегерлер санатынан көрінді.

2021 жылы Алматыда шымыл­дығы түрілген сары құрлықтың басты додасында Талғат Сырбаз (70 кило), Нұрқожа Қайпанов (74 кило) және Олег Болтин (125 кило) өздерінің мықтылығын паш етіп, алтын медальді мойындарында жар­қыратты. Ақтық сында өзбекстандық Жаһангермырза Туборовтан айласын асыра ал­маған Адлан Асқаров (61 кило) пен ирандық Әли Шабаниге есе жіберген Әлішер Ерғали (97 кило) күмісті қанағат тұтты. Бұл жарыста бес балуанымыз финалда күрескенімен, командалық сайыс­та Иранды тағы да алға жібердік. Олар үш алтыннан бөлек, үш күміс пен екі қоланы қанжығаға бай­лады.

Былтыр Ұланбатырда сегіз жүлде алғанымызды жоғарыда айт­­тық. Аталған додада Азамат Дәулетбеков (86 кило) қарсы кел­гендердің барлығын қоғадай жа­пырды. Рахат Қалжан (57 кило), Нұр­қожа Қайпанов (74 кило) және Әлішер Ерғали (125 кило) – екін­ші, ал Ақбар Құр­ба­нов (61 кило), Талғат Сырбаз (70 кило), Әді­лет Даулын­баев (92 кило) және Мә­мед Ибра­­гимов (97 кило) үшін­ші орын­ды иеленді.

Азия чемпионатында Қазақ­станның еркін күрес шеберлері барлығы 92 жүлдеге қол жет­кізді.