Әлемде ауру түрлері мен сырқаттанушылар саны жылдан жылға артып барады. Сол себепті дәрігерлердің жетіспеушілігі қатты байқалып отыр. Технология дамыған сайын адамзаттың денсаулығы күрт нашарлады. Жасыратыны жоқ, екінің біріне күтім қажет. Бұл диллеманың шешімін жетісулық жас ғалымдар тапқандай. Енді науқастың жай-күйін Med-Bot робот бақылайды.
Егер әлем осындай роботтарды дамытып, жүйені нейрондық желілер негізінде оқытатын болса, онда құрылғы кіші медицина қызметкерлерінің орнын басады. Бұл дегеніңіз маман тапшылығы мәселесін толығымен шешпек. Осы идеяны жаңғыртқан Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары Еркежан Үмбетбаева мен Виктор Кахно. Ғылыми жетекшісі Николай Авдюниннің бастамасымен қос шәкірті осындай ғажайып жаңалыққа бет бұрып отыр.
Med-Bot роботы нейрондық желілерге негізделген. Ол дәрігерлерге қолғабыс болар ақылды аппарат. Пациенттерді бақылауға арналған Face ID функциясы бар. Одан бөлек науқастың қолындағы таңбаға да назар салады. Солар арқылы сырқатты танып, дәрігер қойған диогноз бойынша емдеу жұмыстарын жүргізеді. Арнайы рецепт бойынша белгілі бір уақытта дәрісін ұсынып, суды да құйып береді. Тіпті бұлшықет ішіне инъекцияларды ұйымдастырады. Кварцтау кабинеттері мен жеке бақылау жүйесі қарастырылған.
Н.Авдюниннің айтуынша, бұл – бірегей жоба. Өзіне ұқсас роботтардан қарағанда артықшылығы көп һәм науқастың эмоциясына да мән береді. «Медбике робот инъекция жасай алады, уақытында дәрі-дәрмек береді және үй-жайды кварцтай алады. Ішінде мобильді қосымша енгізілді, онда дәрігер емделушіге рецепттерді бағдарламалайды. Ал пациенттер өздерінің жеке деректерін көре алады, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді қабылдау туралы мәліметпен қанығады. Бұл роботты қазірдің өзінде ауруханаларда енгізуге болады және белгілі бір параметрлерден кейін оны науқастарды үйде қарау үшін пайдалануға негіз бар», дейді робототехника маманы.
Оның айтуынша, жоба пациенттердің жеке карталарының деректер базасы бар қосымшаға негізделген. Осы ретте роботтың жұмыс істеу үдерісіне назар аударсақ. Әуелі науқас жүйеге кіру үшін дәрігер немесе пациент ретінде баптауды таңдайды. Егер пайдаланушы дәрігер болса, одан тіркелгенде жазған аты мен құпия сөзін енгізу сұралады. Содан кейін ол импульсті, жеке деректерді және басқа ақпаратты білу үшін әр пациенттің профилін тексереді. Сондай-ақ дәрігер аурудың атауын және қажетті дәрі-дәрмектерді жазып, мәліметтер базасына қосады. Тіпті жаңа пациенттің профильдік фотосуретін салып, жеке деректерін (мекенжайы, телефон нөмірі және т.б.) енгізуге де құқылы. Ғажабы сол, мұнда сіз дәрігердің барлық дәрі-дәрмекті қалай тағайындайтынын және жаңадан қосылған профильдің қалай құрылғанын көре аласыз. Онда арнайы пациенттер үшін кіру экраны бар. Олардың өтінішінде дәрі-дәрмектің тізімін, сондай-ақ қабылдауға дейінгі уақыты берілген. Мед-робот бәрін ескертіп отырады.
– Науқасты қабылдағаннан кейін дәрігер нақты ем тағайындайды. Содан соң біз әзірлеген мобильді қосымшаны пайдалана отырып, дәрігер науқасты тіркейді, оның жеке деректерін және Face ID үшін фотосуретін енгізеді. Әрі қарай дәрігер дәрі-дәрмек пен инъекцияға рецептті бағдарламалайды да ішетін уақытын көрсетеді. Әрбір дәріні қабылдау аралығын нақты жазады. Рецепт бағдарламаланған кезде дәрігер «Қосылу» түймесін басып, оны жадына жүктейді. Осылайша, робот өз бетінше әрекет ете бастайды. Күн сайын таңғы сағат 7:00-ден түнгі 00:00-ге дейін робот қосылып, емделушіге дәрі-дәрмек пен инъекция береді. Судың күнделікті тұтынылуын бақылайды, сондай-ақ науқасқа жалпы мониторинг жүргізеді, – дейді Еркежан Үмбетбаева.
Жас ғалымның айтуынша, белгілі бір уақытта нейрондық желінің көмегімен робот адамды тауып, оған жақындайды. Аурухана ішіндегі кедергілерден аулақ бола отырып, бөлмеден бөлмеге еркін қозғала алады. Face ID функциясы арқылы екінші нейрондық желінің көмегімен робот фотосуретін салыстыру арқылы адамды таниды. Егер ол қажет пациент болса, робот оған өзінің рецептін дәл қолданады.
Құрылғы рецепт бойынша арнайы айналмалы барабандарда орналасқан қажетті таблеткаларды береді. Әр барабанның өзіндік дәрі-дәрмек түрі бар. Кішкентай таблеткалар әр барабанды бір позицияға айналдырып, арнайы тартылатын науаға құйылады. Сосын робот суды тартылатын науада тұрған стақанға құяды. Су 2 литрге есептелген арнайы ыдыста орналасқан. Тамақтану кезінде қабылданған сұйықтықтарды ескере отырып, адамның бір тәулікте су тұтыну нормасын шығарады. Артынан арнайы түтік арқылы су сорылады. Бәрі дайын болған соң, науа роботтан созыла шығып, науқасқа керегін ұсынады. Осылайша, науқас экранда жазылған тәртіп бойынша емін қолданады. Ем қабылдау шарасы аяқталған соң, пациент стақанды науаға қояды, науа кері сырғып кетеді. Барлық механизмнің жұмысы ішкі датчиктермен және шекті ажыратқыштармен бақыланады. Су ағыны резервуар ішіндегі су деңгейінің датчиктерімен тексеріледі. Сондықтан механизмнің жұмысы толығымен дәл әрі сенімді. Осыдан кейін құрылғыларды зарарсыздандыру үшін робот ішінде ультракүлгін шам қосылады. Соның себебінен күн сайын қатаң түрде уақытылы робот жұмыс істейді. Олар адамдар сияқты ұмытшақ емес әрі белгілі бір тәртіпке бағынады. Сылтау айтпайды, жұмыстан қашпайды.
Ал ине салар кезде науқас төсекте оң қолын созып жатуы шарт. Сонда робот нейрондық желіні пайдалана отырып, науқастың қолындағы арнайы белгіні табады. Бұл сізге инъекция жасау керек жер, яки бұлшықет. Егер робот дұрыс күйде болған жағдайда бүрку механизмі іске қосылады. Құрылғыдағы шприцтерде дайын инъекциялық ерітіндісі бар барабан орнатылған. Арнайы ұстағышпен қажетті шприцті алып, барабаннан шығарады. «Ине теріге жақындағанда механизм тоқтап, сорғы іске қосылады. Ол медициналық спирті бар ыдыстан спиртті сорып алады және иненің үстіне орнатылған бүріккіш арқылы инъекция орнына спиртті шашады. Алкоголь спрейінің бұлты да иненің бойымен өтеді. Бұл кенедей инені де, инъекция орнын да дезинфекциялауға мүмкіндік береді. Содан кейін робот инені бұлшықетке жылдам енгізеді. Әрі қарай робот емделушіден инені алып, пайдаланылған шприц туралы жазбамен бос шприцті орнына қояды. Осыдан кейін құрылғыларды зарарсыздандыру үшін робот ішінде ультракүлгін шам қосылады. Барлық механизмнің жұмысы ішкі сенсорлармен, шекті ажыратқыштармен бақыланады. Сондықтан оның жұмысына күмәнмен қарамаймыз», дейді жас ғалымдар.
– Роботтың өзінде орнатылған нейрондық желілер науқастың жағдайын бақылауға және емдеуге көмектесуге мүмкіндік береді. Науқас қажетті дәрі-дәрмектерді рецепт бойынша қатаң түрде алады және үнемі назарда болады. Сондықтан робот тұрақты кіші медициналық персонал рөлін ауыстырып, дәрігердің әмбебап көмекшісі болады. Уақытылы көмек көрсету, қадағалау және бақылау пациенттер арасындағы өлім қаупін азайтады. Med-bot бұрын көрсетілгендей, бір халыққа шаққандағы медбикелер тапшылығын шешуде маңызды рөл атқарады. Бұл жоба халықтың барлық санаттарына сапалы медициналық көмек көрсету жағдайын жақсартады. Бұл біздің ұлтымыздың әлемдегі ең дені сау және көңілді болуына мүмкіндік береді, – дейді В.Кахно.
Бізді қызықтырған тағы бір дерекке көз салсақ. Аталған құрылғы қараусыз қалған ата-аналарға немесе үй жағдайында төсек тартып жатқан науқастарға үлкен жәрдемші. Одан бөлек жұмысбасты адамдар уақытылы дәрісін ішуді көп жағдайда ұмытып кетеді. Бұл апарат оның алдын алуға бейіл. Әрі шаршамайды, физикалық тұрғыдан қуаты адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары.
Жетісу облысы